Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арман Әуезов, ҚР Мәдениет саласының үздігі: Әке аманатын арқалап жүрміз

Арман Әуезов, ҚР Мәдениет саласының үздігі: Әке аманатын арқалап жүрміз

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осы айтулы мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, музыкант, «Әуезовтер» отбасылық ансамблінің мүшесі Арман Әуезовпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Арман аға, әңгімемізді бастамас бұрын ең әуелі өзіңізбен жақынырақ танысып алсақ...

– Мен 1966 жылы 28 қазанда Қазалы ауданы, Жаңақазалы поселкесінде дүниеге келдім, үйдің кенжесімін. 1973 жылы поселкедегі №87 сегіз жылдық мектепке қадам бастым. Мектеп қабырғасында жүрген мезгілде жанұялық ансамбль құрамында және аудандық халық ұлт аспаптар оркестрінде өнер көрсетіп жүрдім. Әрі қарай әңгіме барысында тоқталармыз. Шыны керек бүгінде мәдениет саласынан қол үзгелі біршама уақыт өтті. Қазіргі таңда жеке кәсібіммен айналысып жатырмын.
– Бұл салаға ең алғаш қалай келдіңіз?
– Менің марқұм әкем Махамбет ең алғаш Қазалының оркестрін құрған кісі. Талай шәкірттерді тәрбиелеген. Бала күнімде жазғытұрым анам пешке нан салып, әкем жанында домбырамен күй тартып отыратын. Ұйқы да жатып нанның иісі мұрныңа келіп, домбыраның жағымды үні құлаққа естіліп, рахат күй кешетінбіз. Жастайымыздан әкеміздің түрлі аспапта ән салғанын көрген біздер қалай өзге салаға бет бұрамыз. Сүйікті әкемнің ықпалымен, осы салаға қадам ­бастым. Осылайша 1977 жылы аудандық әуез мектебінде қобыз аспабы бойынша Ерпазыл Жүсіповтың сыныбында оқып, әуез мектебінде жүргенде аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлдегер атандым.
– «Әуезовтер» ансамблінің облысқа ғана емес, республикаға танымал екенін білеміз. Жалпы өнер тобы қалай құрылды?
– 1977 жылы бесінші сыныпта жүргенімде ауданға Қарақалпақ елінен қонақтар келді. Түн жарымда аудандағы мәдениет саласын басқарған Кеңес Асанбаев ағамыз бен мықты режиссер Жәдігер Тұрсынов екеуі әкеммен жолықты. Сондағысы Қарақалпақтан келген қонақтардың құрметіне солардың әнін салуды бір білсе Махамбет ағамыз біледі деп, суыт жүргендері екен. Менің әкем аштық уақытында қарақалпақтармен бірге сол жақта өмір сүрген. Бертін келе елге оралған. Осылайша бір түннің ішінде отбасылық ансамбль құрылып, ертесіне қарақалпақтық туыстарға өз әндерін шырқап берді. Міне көпшілікке таныс отбасылық ансамбль осылай құрылды. Бүгінге дейін жеткен жетістіктері жетіп артылады.
– Өзіңіз осы салада кімді үлгі тұттыңыз? Сол кездегі қазақ эстрадасында кімнің өнерін жоғары бағаладыңыз?
– Ол кездегі бесінші сыныпта оқитын балаға тек әкесі ғана үлгі болды. Өзгелерге мән бермейтінбіз. Таңнан кешке дейін жанында болып, түрлі аспаптарды үйреніп алуға талпындық. Десек те өсе келе Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиевті көріп өстік.
– Жасыратыны жоқ бүгінде отбасылық ансамбльдер саны аз. Өнер ұжымы жайына тоқталып өтсеңіз...
– Өнердің оңайы жоқ. Қиынның қиыны десек те болады. Мысалы қара жұмыс жасайтындардың дене күші шаршайды да, жақсы тынығуға қолайлы болады. Ал өнермен айналысқан адамның миына күш түсіп, жөнді демалуға уақыт табыла бермейді. Соның ішінде отбасылық ансамбльдің жұмысы өте ауыр. Кез келген кезекті концертке бір адам ғана емес барлығымыз бірдей шығып өнер көрсетеміз. Әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар. Егер біреуі бір жерден қателессе, барлығына зияны тиеді де, қанша күн дайындық босқа кетеді. Сондықтан кеш бітемін дегенше өзіңе емес, жаныңдағы бауырларыңа жаның ашып, барлығы ойдағыдай өткенін тілеп тұрасың. Ол жолдағы көптеген қиындық пен қызықтар қатар өрбиді. Барлығына бас иіп, түңілген кезіміз болған емес. Әкем дүниеден өткен жылдары басымыз ыдырап, кейін әрі қарай Роман ағам жалғастырып әкетті.
– Бүгінгі буынның өнерге деген қызығушылығы қандай? Ізіңізден ерген ­жастарды бақылап отырасыз ба?
– Бала күнімізде «Boney.M», «ABBA», «Smokie» әндерін тыңдағанда әкеміз «мағынасы жоқ әндерге еліктеп жүрсіңдер» деп реніш білдіретін. Енді сол әндерді бүгінде естігенде мән мағынасы мол, қазіргі әндерден әлде қайда жақсы екен деп қаласыз. Сол секілді әр заманның өзіне тән ерекшелігі бар. Қазіргі жастарды кінәлаудан аулақпын әрине. Дегенмен бүгінгі өнер жолында жүрген жастар жеңіл дүниеге барғанды құп көреді. Өкініштісі, әннен мән, сөзден жан кетті. Ертедегі Шәмші әндерінің мықтылығы ол әлі күнге дейін сахнада шырқалып жүр. Ал қазіргі әндердің сөзі мүлдем түсініксіз. Мағынасы жоқ. Жастардың өнерге деген қызығушылығы мол болса да көпшілігі ақша мен атаққа жұмыс жасап кетті.
– Сонда қазіргі композиторлар мен әншілердің осал тұсы қайсы?
– Талғамы аз. Ізденіс жетіспейді. Ән шынайы ниетпен, көңілден шығып жатқан жоқ.
– Осылайша әндердің деңгейі төмендеп кетуіне кім кінәлі?
– Әншілердің бір қателігі мынада, мысалы қара нәсілділердің өздеріне тән «Джаз» деп аталатын жанрлары бар. Оны өзге ұлт өкілдері нақышына келтіріп шырқай алмайды. Грузиндерде бес адам бес дауысқа салып ән салады. Бұлардың өзіндік ерекшелігі бар. Француздар жай дауыспен шырқайды. Мұның барлығын әр ұлттың өкілдері ғана тыңдарман жүрегіне жеткізе алады. Ал бүгінде біздегі кейбір әншілер барлығын шатастырып, солардың барлығын қазақ әндерінің арасына қосқысы келеді. Бұлай болмайды ғой.
– Есте қалған, бастан өткерген оқиғаңызбен бөліссеңіз...
– Қызық оқиғалардың көпшілігі бастан өтті. Барлығы бірдей есте қалмады. Соның ішінде ойға оралып отырғаны алғаш 1998 жылы Қазақстаннан жеті адам Лондонға барған болатынбыз. Мақсат – қазақтың түрлі салт-дәстүрімен таныстыру. Сол жақта бір-бірімізді жоғалтып, таппай қалғанбыз. Концерт басталуға жақындады. Санаулы уақыт қалғанда ғана сондағы күтіп алушылардың көмегімен қауыштық. Ал сол екі арадағы болған жайттар сол кездің еншісінде қалды. Тағы айта кететіні ұялы телефонды сол жақта алғаш көрдім. Таңғалғаным сонша, сасқанымнан «есейгендердің де ойыншықпен ойнап жүргені несі?» дегенім есімде.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
19 мамыр 2020 ж. 1 303 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 55

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930