Қара домбыраны қасиет тұтқан
Сахнаға көтерілген ақ жаулықты ана қос ішекті, көп пернелі домбыраның құлағын бұрап алды да Нұртуғанның термесін төгілте жөнелді. Құлақ құрышын қандырып, делебе қоздырған саңқылдаған дауыс иесіне тыңдарман еріксіз назар аударды. Бұл жиналған жұртты аузына қаратып, талантына таңдай қақтырған термеші –Даража Тұрмағамбет еді.
Арал ауданының Аманөткел ауылында дүниеге келген ол бес жасында осындағы мектеп табалдырығын аттады. Әкесі атақты жырау Тұрмағамбет Маханұлы, ал анасы Алтынбике Нұрымбетқызы. Қызының бойындағы дарынын байқаған әке тоғыз жасында оған жыр-терме жаттатқызып, ән айту қабілетін де шыңдай түсті. Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ терме айтуға деген таланты мен құштарлығы зор болды. Ол мектепішлік іс-шаралардың басы-қасында жүріп, домбырамен өнер көрсете бастады.
«8 сыныпта оқып жүргенімде әкем дүниеден озды. Арал қаласына қоныс аудардық. Жанымнан үнемі домбырамды тастамадым. Мәдени-көпшілік шараларда терме айтатынмын. Тұрмыс құрдым. Өмірге ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Жолдасым дүниеден озды. Балаларымды жеткізем деп тағдырдың тауқыметі мен кездескен қиындықтарға төтеп беруге күш-жігерімді салдым. Сырласым әрі мұңдасым болған домбыраны жаныма серік етуімді тоқтатпадым», – деп термеші апа өткен күнді еске алды.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана қара домбыраны қасиет тұтады. Ол отызға жуық жыр-термені жатқа орындайды. Нұртуған Кенжеғұлұлы, Қарасақал Ерімбет жырларын кейінгі ұрпаққа насихаттап жүр. Қазір Қазалы қаласында тұрады.
Өнер иесінің айтуынша, марқұм болып кеткен інісі Кәрібай Маханов та жыр-терме орындаудың нағыз шебері болған екен. Оның артында әкелері Тұрмағамбетке арнап жазған шығармасы қалған.
Бойына әке қанымен өнер дарыған Даража Тұрмағамбетқызы ұлттық өнерді дәріптеуші.
– Даража апаға «Астана күнімен қатар келетін туған күнінде шығармашылық кешіңізді ұйымдастырайық» деп қолқа салдық. Бір ауыз сөзге келместен біздің ойымызды құп алып, дайындықты бастап кетті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында дәстүрлі жыр-терме жанрын жандандырып, ұлттық құндылықтың өркендеуіне үлес қосып жүрген өнер иесін көпшілікке таныстыруды мақсат еттік, – деген Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейінің директоры Р.Асанова тыңдарманды керемет кештің куәсі болуға шақырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА