Бас ғимарат құрылысы қарқынды
Экономиканың серпінді саласы — құрылыс жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, әлеуметтік және өндірістік нысандарды тарту етеді. Құрылысшылар қолтаңбасы — заман бедері. Инфрақұрылым ауқымын кеңейткен Қазалы ауданында да бұл мамандық иелерінің төл туындылары —көз тартар көркем ғимараттар мен көрікті орындар қатары жыл санап көбейе түсуде. Өткен жылдың соңында жаңа әкімшілік ғимараты салынатыны жайлы жаңалықты естіп, сүйіншілеген болатынбыз. Жақында жаңадан бой көтерген құрылыс басында болып, оның бүгінгі ахуалымен танысуды жөн көрдік.
Сметалық құны 1014, 0 млн теңге болатын әкімшілік нысанының құрылысын салуды сұраныс пен талғамға сай кәсіби бағыттағы жұмыстарымен танылған қызылордалық «Промстройсервис-Е» жауапкершілігі шектеуілі серіктестігі жеңіп алған. Бүгінде мердігер компания ұжымы құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Аумағы 2 гектар, ғимарат көлемі 4169 шаршы метр болатын сәулетті нысанның заманауи талаптарға сай, сапалы бітуі басты назарға алынған. 2018 жылы облыстық бюджеттен 100,0 млн теңге қаржы қаралып, нысанның іргетасы қаланса, биылығы жылы 795, 184 млн теңге бөлініп, іркіліссіз іске қосуға күш жұмылдырылған.
Учаске бастығы Әбет Аманбаевтың айтуынша, құрылысқа қамтылған 90-ға жуық жанның жартысы жергілікті адамдар. Ауысым бойынша жұмыс істейтін құрылысшылардың техникалық қауіпсіздігі қатаң қадағаланады. Күн-түн демей, белгіленген орында тапсырысшылар талабынан көрінуді мақсат еткен мұндағылардың әрбірі өз ісінің шебері. Қайнаған жұмыс басынан құрылғысын жарқыратқан дәнекерлеуші, темірден өрмек тоқыған арматуршы, есебі нақ бетон құюшы, қыш қалаушылардың ісін көріп, көңіл сүйсінді. Іске қажеттіні жеткізіп беретін техниканы тізгіндегендер, тұтас, түрлі қалыптағы бетондарды құюшы, электр маманы, әртүрлі жұмыс атқарушы, олардың ас-суын дайындап жүрген аспаздың әрбірі өз еңбегін туған жерінің көркеюіне сіңіріп жүргенін мақтан етеді.
Ғимараттың қос қабатты бөлігі А,В блоктарынан тұрса, үш қабатты бөлігі Б блогынан тұрады. Онда 180 адамға арналған акт залы, көлемді мәжіліс залы, 14 дербес бөлімдерге арналған жұмыс бөлмелері жоспарланған. Ауласына трансформатор қондырғысы, бу қазандығы, қоқыс контейнерлеріне арналған орын, қызметтік көліктер тұрағын салу ескеріліп, жобаланған. Бүгінде бу қазандығының қабырғасы қаланып, төбесі жабылған. Телефон, жоғары кернеулі 10 кВ әуе желілері, кәріз жүйесі тартылған. Газ кіргізілген.
— Әкімшілік үйінің барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын жасау біздің серіктестік иелігінде. Мұндай толығымен бетоннан тұратын нысан облыста сирек. Алаң төрінде орнатылған зауытымыз сұраныстағы сапалы бетонды өндіріп, дайындап береді. Бұдан басқа да қажетті материалдар жеткізілген. Біздің мақсат — нысандарды сапалы және мерзімді уақытында пайдалауға беру. Оған мүмкіндігіміз мол, — дейді шебер Еркебұлан Іздіков.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА