Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс саласында қарқын бар

Құрылыс саласында қарқын бар

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды. Аймақ басшысы Әйтеке би кентінің 5-квартал аумағында бой көтерген «Қазалы Керуен» көлік және сауда-логистикалық орталығының жұмысымен және Әйтеке би кентінде жаңадан салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
«Қазалы Керуен» көлік және сауда-логистикалық орталығының жалпы сметалық құны – 818 миллион теңге. Жобаны «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Сенім Табиғат» серіктестігі бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың мәлімдеуінше, орталық сағатына 250 адам қабылдап, өткізу қызметін көрсетеді. Көлемі 1080 шаршы метр болатын автовокзалда автокөлікке арналған тұрақ, техникалық қызмет көрсету орталықтары, маусымдық кезеңде сауда жасауға арналған сауда алаңдары, басқа да қызмет көрсету және демалыс орындары бар. Пайдалануға жүз пайыз дайын орталықтан алдағы уақытта 17 кәсіпкер сауда нүктесін ашуға ниет білдіріп отыр.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, автовокзал және автотұрақ кешенінде жалға берілетін орындарды есептемегенде 10 адам (басқарушы – 1, есепші – 1, көлік жуушы – 2, көліктерге техникалық қызмет көрсетуші – 2, паркинг қызметкері (күзетші – 2, техникалық қызметкер – 2) тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоба толығымен жүзеге асқан уақытта 30 адам жаңадан жұмысқа орналасады. «Қазалы Керуен» серіктестігін Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын гидротехник мамандығы бойынша бітірген Марина Ахилова басқарады.
Сонымен қатар, облыс әкімі Әйтеке би кентіне қарасты 5 квартал аумағындағы 18 пәтерлік алты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды.
Салынған бір тұрғын үй – «Нұрлы жер» бағдарламасының нәтижесі. Бір үйде екі бөлмелік 12 пәтер, үш бөлмелік 6 пәтер болады. Екі бөлмелік пәтердің алаңы 54,5 шаршы метр болса, үш бөлменің шаршы метрі – 67,9.
Қазір төрт үйдің іргетасы қаланды. Оны «Айсар» серіктестігі салуда. Ал бір үйдің құрылыс жұмыстарын мердігер «Рза» акционерлік қоғамы жүргізіп жатыр.
Бұдан кейін облыс әкімі Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасындағы құрылыс алаңына барды. Аймақ басшысына аудан әкімі мұндағы құрылыстың қарқыны туралы баяндады. Оның айтуынша, екі аралықты қосу мақсатында Әйтеке би кентінен 180 гектар жер учаскесіне салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 808 миллион теңге болатын жоба дайындалған. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі күнге дейін ауыз су жүргізуге 163,7 миллион теңге, электрмен жабдықтауға 189,3 миллион және газбен қамтамасыз етуге 189,3 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, 2,5 шақырым жерге құм төселіп, электр қуаты желісінің бағаналары орнатылған.
Аудан әкімінің сөзінше, алдағы уақытта екі ортаға көп қабатты зәулім үйлер мен түрлі маңызды нысандар түспекші.
Таныстырылымнан кейін аймақ басшысы алдағы құрылысқа сәттілік тілей келе, атқарылып жатқан жұмыстарды тікелей бақылауына алатынын айтты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА,
Есет ТАБЫНБАЕВ

03 қараша 2018 ж. 2 583 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930