Балаларға арналған технопарк
Қазалы аудандық оқушылар үйінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында “IT iMAQ – KAZALY” балалар технопаркі ашылды. Оның ашылуына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Қасқырбек Мәмбетжан және аудандық білім бөлімінің әдіскері Берік Әбиев қатысып, жаңа жоба жұмысына сәттілік тіледі.
Балалар технопаркі – жастарды инженерлік және конструкторлық ойлау, жоғарғы технологияны игеруге дағдыландыру, ғылымды, білімді, өндірісті интеграциялауда өнертапқыштыққа алғашқы қадам жасау алаңы. Мұнда 10-17 жас аралығындағы 310 оқушы қамтылған. Олар “Интернет класс” үйірмесінде Гүлмира Иманалиеваның жетекшілігімен Scratch6, arduino ID, 3D Paint бағдарламасы, мобильді қосымшалармен жұмыс жасаса, Қайрат Оразовтың «Робототехника» үйірмесінде LEGO Mindstorms EV3 бағдарламасы бойынша робот үлгілерін құрастырып, дрон арқылы түсірілім жасауды үйренеді. Ал, «Жас информатик» үйірмесінде Жаңагүл Әбубәкірованың үйретуімен әлемдегі озық технологиялардың бірі 3D принтері арқылы түрлі бұйымдар жасап шығарады. Үйірме жетекшілерінің барлығы да облыстық білім жетілдірудің курсынан өтіп, арнайы сертификатқа ие болған.
– Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деген сөзі ұстаздар қауымы жауапкершілігінің қаншалықты жоғары екендігін білдіреді. Елбасының қолдауымен болашақтың жастарын заманауи техникалық біліммен, материалдық жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынуда. Соның айқын дәлелі ретінде бүгінгі балалар технопаркінің ашылуын айтсақ болады.
2018-2019 оқу жылында мектеп оқушыларына мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы ретінде оқушылар үйінде ІТ-білімнің белсенді дамуына ықпал етіп, ақпараттық сауаттылықты арттыруға, сандық технологияны енгізу арқылы түрлі бағдарламамен жұмыс жасауға назар аударылды. Ақпаратты алу және бағалау, өңдеу, жасау, тарату, оны пайдаланудың белгілі бір деңгейін қалыптастыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру мақсатын жүзеге асыру үшін ІТ құрылғылармен жабдықталған кабинет жасақталды, – дейді аудандық оқушылар үйінің директоры Қази Иманбаев.
Технопарк базасында робототехника, компьютерлік және интерактивті жабдықтар, интернет класс, информатика, радиоэлектротехника, бастауыш техникалық модельдеу, көлік модельдеу үйірмелерімен қатар, 3D принтер, тілдік орталықтар, сандық зертхана, дрон аппаратын басқару және түсірілім мен бағдарлама енгізу, жоба жасау бағыты жұмыс істейтін болады. Әр сала бойынша оқу кабинеті жасақталып, бағдарлама бойынша теориялық білім беру, тәжірибе жұмыстарын жасау, жоба дайындау және оларды өндіріске енгізу жолдары туралы ұсыным әзірлеу, маманның қатысуымен шеберлік сағатын өткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, 3D технологияларды оқытуға арналған мультимедиялық кабинет арнайы жиһазбен, заманауи компьютерлік және мультимедиялық құралдармен, 3D принтер және материалдармен қамтылған.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ