Шалғайдағы шағын ауыл
Ауданның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Бозкөл деген ауыл бар. Сонау жылдардағы тоқырау заманы – бұл ауылды да айналып өтпеді. Шаруашылық тоқтады, тіршілік тынысы тарылды. Уақыт ағымымен бойын тіктеген мекеннің бүгінде қойнауы ырысқа толы. Дамуы мен ынтымағын қатар ұстап, Сыр бойын жайлаған қалың елдің бір пұшпағынан ойып тұрып орын алды.Бозкөл ауылы 1929 жылы 10 үйден біріккен алғашқы артель құрылып, 1929 жылдың жартысында «Каукей», «Жыңғылды көл», «Қаратерек», «Қаракөл», «Жаңа бақыт», «Комунизм», «Астаукөл», «Қайықжол», «Жанай», «Қалсен» колхоздары ұйымдастырыла бастаған. 1940 жылы «Каукей», «Жыңғылды көл» колхоздарын біріктіріп «Дзерженский» колхозы, «Астаукөл», «Қайықжол» колхоздары «Сталин» атымен, «Қаратерек», «Қаракөл» колхоздары «Андреев» колхозы және Жаңа бақыт, «Комунизм» колхоздары «Комунизм» колхозы деп аталған. 1940 жылы ауданда 61 колхоз құрылып, әр колхозда мал шаруашылығын дербес өркендету мақсатымен фермалар ұйымдастырылған.
1957 жылы 10 ақпан күні «Андреев» және «Комунизм» колхоздарын біріктіріп, Қазалы ауданындағы 2-ші совхоз – «Бозкөл» совхозын құрған. Ауыл 1998 жылдан бастап жауапкершілігі шектеулі серіктестік болса, 2005 жылы Бозкөл ауылдық округі болды. Бозкөл ауылдық округі аудан орталығынан 61 шақырым жерде орналасқан. Жер көлемінің ауданы 9892, мал, егін шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда 929 халқы, 176 отбасы бар. Ауыл тарихы шежіресінде: Социалистік Еңбек ері – 1, Еңбек Қызыл Ту ордені – 5, Еңбегі мен ерлігі үшін медалі – 4, Ерен еңбегі үшін медалі – 3 деген мәліметтермен көрінеді.
1980-1991 жылдар аралығында Бозкөл ауылының директоры болған Райымбек Баекеев тұсында ауыл 1986 жылы КСРО-ның ауыспалы қызыл туын алғанын тарих шежіресінен көріп отырмыз. Бозкөл ауылын 1957-1958 жылы Райымбек Қазантаев, 1958-1970 жылы Қожали Өтепбергенов, 1970-1980 жылы Кәдірберген Тұяқбаев, 1980-1991 жылы Райымбек Баекеев, 1991-1993 жылы Кенжебай Ахметов, 1993-1995 жылы Ермағамбет Сағымбаев, 1995-1996 жылы Өмірбек Бердібаев, 1996-2008 жылы Кеңесбай Иманбаев, 2008 жылдан бері қарай Қайрулла Дәулетбаев сынды азаматтар басқарса, бүгінде ауылдық округ әкімі – Ақылбек Бекқожаұлы.
Бозкөл ауылдық округінің жер бедері негізінен жазық, Тұран ойпатының шөлейтті белдеміне кіреді. Топырағы құмды, сұр және сортаңды болып келеді, бұл егіншілік үшін қосымша қиындықтар тудырады. Округ аумағында шағын тұзды көлдер мен Сырдария өзенінің ескі арналары кездеседі. Өсімдіктер дүниесі шөлейтті аймаққа тән: жусан, изен, сексеуіл және басқа да бұталы өсімдіктер басым. Табиғи ландшафты. Округ аумағы Арал теңізінің экологиялық ықпалындағы аймақта жатыр, бұл оның табиғатына, климатына және шаруашылығына тікелей әсер етеді. Әкімшілік орталығы – Бозкөл ауылы, ол округтің әлеуметтік және экономикалық тірегі. Бұл өңірдің тарихы мен бүгінгі тынысы Сыр бойының ежелгі мәдениетімен тығыз байланысты.
Округ құрамына екі елді мекен кіреді. Бозкөл ауылы – округтің әкімшілік орталығы. Ауылда орта мектеп, клуб, кітапхана және медициналық пункт сияқты негізгі әлеуметтік нысандар бар. Тұрғындардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Қожақазған ауылы – округ құрамындағы екінші елді мекен. Бұл шағын ауылдың тұрғындары да негізінен мал өсірумен айналысады.
ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН ӨРКЕНДІ ІСТЕР
Ауылды тұрғындар үшін жан-жақты қызмет көрсету мәселесі жолға қойылған. Мұнда Қ.Ерімбет атындағы №96 мектеп пен №18 Ақкөгершін Бөбекжай балабақшасы ұжымы білімді ұрпақ тәрбиесіне білек сыбана кіріскен. Мұнымен бірге дәрігерлік амбулатория басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың жанына жайлылық сыйлап отыр. Ел руханиятын көтеру мақсатында ауылдық Мәдениет Үйі мен «Бала-Ахун» мешітінің есігі айқара ашық. Ауылдық округ әкімі Ақылбек Бөлебай бәрінен бұрын Бозкөл ауылында электр энергиясы, ауызсу, аяқсу мәселесі толық шешілгенін сүйіншілейді. Бұдан бөлек мұнда пошта байланысы, ветеринариялық пункт пен Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры бекеті халыққа үздіксіз қызмет жасап тұр.
Елді мекенге апаратын жол да, ішкі көшелер де біраз жақсарған. Ауылдың кіреберістегі бас қақпасына арка орнатылған. Мұны ауыл жанашырлары демеушілік есебінен жүргізген. Бүгінде бозкөлдіктер аудан орталығына қиындықсыз қатынап отыр. Ауылда өз кәсібін ашып, нәсібін көріп отырғандардың да қатары артқан.
– Қазіргі уақытта «Гренада» ЖШС Бозкөл жалпы білім беретін мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуде. Асхананың шаруашылық блогын жөндеу, оның ішінде едендер мен қабырғаларды жөндеу, желдету жүйесін орнату, сондай-ақ автоматты өрт дабылы мен хабарлау жүйесін монтаждау жұмыстары орындалады. Алға қойған жоспарлар да аз емес. Мәселен, бюджет қаражаты есебінен Николаев, Мир көшелерінде бірыңғай стильде қоршаулар мен қоршаулар орнату қажет. ЖШС есебінен балалар алаңын орнату, бюджет қаражаты есебінен Мир көшесін орташа жөндеу жоспарда бар, – дейді ауыл әкімі Ақылбек Бөлебай.
Мезгіл сайын қыңырлық көрсетіп, жолды бөгейтін Қарлаң көпірінің жайы көңілге күп еді. Бүгінде аудандық маңызы бар «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының бойындағы Қарлан көпірі мен Қожабақы ауылы маңындағы темірбетон көпірді қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда құрылыс нысанында көпірдің негізгі конструкциялық элементтерін орнату жұмыстары атқарылуда. Жоспарланған 84 свайды қағу жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ 8 тіреудің 7-еуі орнатылып, соңғы тіреуді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, көпірге қажетті 8 ригельдің 6-уы дайындалып, қалған екі ригельді орнату жұмыстары жүзеге асырылуда. Құрылыс барысы белгіленген жоспарға сәйкес жалғасуда. Нысанда жұмыстарды сапалы әрі жедел орындау үшін 30 арнайы техника мен 80 жұмысшы жұмылдырылған. Жобаның жалпы құны – 6 миллиард 746 миллион теңге. Қарлан көпірінің пайдалануға берілуі Сырдария өзенінің қос бетіндегі елді мекендердің арасындағы қатынасты едәуір жеңілдетпек. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық байланыстарының нығаюына мүмкіндік береді. Жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған бұл жоба елді мекендер арасындағы байланысты жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Иә, ауылға көңiл бөлу, оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. «Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір шалғай жатқан елді мекендердің жайы тысқары қалып жатқан жоқ. Ауылдар түрленіп, гүлденіп, экономикасын барынша реттеп жатыр. Кәсібінің көкжиегі кеңейіп, жаңа жолдар жұртшылықты қуантуда. Иә, ауыл – береке мен байлықтың бастауы. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі. Біз баяндаған Бозкөл ауылының қазіргі келбеті ажарлана түскен. Онысын жүзеге асып жатқан жарқын жобаларынан, көкжиекке құлаш сермеген кәсіпкерлігінен байқадық.
Айнұр ӘЛИ














