Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда сирек металдар бойынша ұлттық зертхана құрылады

Қазақстанда сирек металдар бойынша ұлттық зертхана құрылады

Қазақстанда стратегиялық маңызы бар материалдарды игеруді дамыту және импортқа тәуелділікті азайту мақсатында ұлттық зертхана құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханұлы мәлімдеді.
сирек
Фото: Pexels
– Өнеркәсіп саласында негізгі басымдық технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, отандық өндірісті дамытуға және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталады, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, сирек және сирек жер металдарын қоса алғанда, стратегиялық маңызы бар материалдардың тізбесін қалыптастыру үшін арнайы комиссия құру көзделген.
– Еліміздің әлемдік өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейтіп, осы мақсатта маңызды материалдар бойынша ұлттық зертхана құру жоспарлануда. Бұл шикізат қорларын игеруді дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, – деді Иран Шарханұлы.
Сонымен қатар өндірістік қуаттарды нарық қажеттіліктеріне сай дамыту және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін өндірістік балансты бағалау әдістемесі бекітілген. Ол жаңа жобалардың қолданыстағы кәсіпорындарға ықпалын бағалауға мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдары нарығына талдау жүргізіліп, отандық өндірісті кеңейту бағыттары айқындалады.
– Сонымен қатар құрылыста отандық материалдарды импорттық өнімдермен негізсіз алмастыруға жол бермеу шаралары көзделетін болады, – деп атап өтті вице-министр.
Бұдан бөлек, ірі кәсіпорындар айналасында жеткізушілер экожүйесін қалыптастыру, реттелетін сатып алуларда қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау және өндірістік кооперацияны дамыту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ түпкілікті өнім өндіруді ынталандыру мен өнеркәсіптік кластерлерді дамыту моделі әзірленіп жатыр.
Құрылыс және коммуналдық инфрақұрылым саласындағы басым бағыттардың бірі – суды тиімді пайдалану.
– Суды көп тұтынатын ірі кәсіпорындарды айналым және қайта пайдаланатын сумен жабдықтау жүйелеріне көшіру көзделіп отыр. Бұл бағытта халықаралық тәжірибе негізінде қолжетімді технологиялар қарастырылып, ірі су тұтынатын кәсіпорындарға талдау жүргізіледі және заңнамаға қажетті өзгерістер әзірленеді, – деді ол.
Ауылдық елді мекендерді сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз ету мәселесіне де басымдық беріледі. Вице-министрдің сөзінше, ендігі міндет – ауызсудың тұрақты берілуін, қызмет сапасын және салынған нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар ауылдардағы сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайын зерделеп, су беруі тұрақсыз елді мекендерді анықтайды.
Вице-министр ауқымды құрылыс жобаларын іске асыру және құрылыс сапасын бақылау мәселелеріне де тоқталды.
– Биыл жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Кодекс рұқсат беру рәсімдерін цифрландыруды, құрылысқа бақылауды күшейтуді және техникалық тапсырыс беруші институтын енгізуді көздейді, – деді спикер.
Оның айтуынша, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жоспарлау кезінде өңірлік стандарттар басшылыққа алынады. Сонымен қатар жаңа шағын аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын жалпыұлттық инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне енгізу мүмкіндігі қарастырылады.
– Құрылыс сапасы мен мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесінде атқарушылық-техникалық құжаттаманы жүргізу арқылы жобалардың іске асырылуына бақылау күшейтілді, – деп түйіндеді вице-министр.
Айта кетейік, Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызын атап өтті.


29 қазан 2026 ж. 55 0

Шалғайдағы шағын ауыл

29 қазан 2026 ж. 50

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031