Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желі: жауапкершілік пен жаза

Әлеуметтік желі: жауапкершілік пен жаза

Сараптама
Фото: istockphoto.com

Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаң тікелей эфирде бір-бірімен "алысқан" талайын көресің. Бейәдеп істері мен ойланбай сөйлеген сөздері бір бөлек, қымсынбастан түрлі жаман қылық көрсетіп жүргендерді көргенде жағаңды ұстайсың. Ащы суға сылқия тойғандар халықтан ақша сұрап әлек болса, жас қыздардың тәнін жасырын саудалағанын да көресің. Бұл әсіресе TikTok-та күнделікті алдыңнан шығатын құбылыс.

Цифрлық дәуірде әлеуметтік желілер тек қарым-қатынас құралы емес, ашық қоғамдық трибунаға айналды. Алайда, виртуалды әлемдегі еркіндіктің артуымен бірге мемлекеттік бақылау мен заңнамалық шектеулер де күшейіп келеді. TikTok-тағы балағат сөз үшін сотталу, халықаралық деңгейдегі платформаларды бұғаттау бастамалары және журналистерге қатысты қылмыстық баптардың қолданылуы — бүгінгі таңда «заң мен тәртіп» және «сөз бостандығы» ұғымдарының арасындағы шекараның бұлыңғырланып бара жатқанын көрсетеді.

Тікелей эфирдегі балағат


Соңғы айларда елімізде әлеуметтік желілердегі, әсіресе TikTok пен Instagram-дағы тікелей эфирлерде әдепсіз сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағандарға қатысты жаза жиіледі. Ақтөбеде тікелей эфирде балағаттаған 42 жастағы азаматтың 5 тәулікке қамалуы, Астана, Тараз, Шымкент және Қызылордадағы блогерлер мен қолданушыларға айыппұл салынып, әкімшілік қамауға алынуы — полицияның желіні «қоғамдық кеңістік» ретінде қарастыра басталғанын дәлелдейді.
Ішкі істер органдары мұндай шараларды халықтың шағымдарымен және «хайп» арқылы қаралым мен донат жинайтындарға тосқауыл қоюмен түсіндіреді. Бұл тұрғыдан алғанда, коғамдық орында сөйлеу мәдениетін сақтау — құптарлық қадам. Дегенмен, әлеуметтік желілерді толықтай мониторингтеу мен цифрлық бақылаудың күшеюі ертеңгі күні кез келген сыни пікірді құқық бұзушылық ретінде саралауға жол ашпай ма деген сұрақ туындайды.

Әлемдік тәжірибе және цифрлық шектеулер

Желідегі контентті шектеу мен реттеу тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Тұтыну тауарларының қымбаттауына қарсы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін Франция билігі де әлеуметтік желілерді уақытша өшіру мүмкіндігін қарастырды. Франция Премьер-министрі Себастьен Лекорню ұялы байланыс операторларына TikTok, Instagram және Snapchat-ты уақытша бұғаттауға дайын болуды сұраған. Алайда бұл бастама бірден заңгерлер мен Еуропалық Одақ сарапшыларының қарсылығына тап болды.
Оператор заңгерлері мұндай бұғаттауды іске асырудың қиындығын және оны VPN арқылы оңай айналып өтуге болатынын ескертті. Еуроодақтың Цифрлық қызметтер туралы актісі (DSA) платформаларды толық жаппай, тек деструктивті контентті жоюды міндеттейді. 2024 жылы Жаңа Каледонияда TikTok-ты өшіру туралы шешімді Франция Мемлекеттік кеңесінің заңсыз деп табуы — жаппай бұғаттаудың демократиялық нормаларға қайшы келетінін көрсетті.

Желідегі қорлау да қылмыс

Әлеуметтік желілерде балағат сөз жазу немесе мессенджерде агрессивті шабуыл жасау жазасыз қалмайды. 2024 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда интернеттегі көпшілік алдында тіл тигізу қылмыстық жауапкершілікке тартылатын істер санатына өтті. Бүгінде жазылған әрбір тіркес жай ғана моральдық нормалармен емес, Қылмыстық кодекстің баптарымен - қарапайым теріс қылықтан бастап ауыр қылмысқа дейін бағаланады. Energyprom.kz сарапшылары интернетте тіл тигізудің құны қанша болатынын анықтаған еді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтерін талдау көрсеткендей, қазақстандықтар желідегі ренжітушілермен белсенді түрде соттасуға тырысады. Жыл сайын соттарға "Тіл тигізу" бабы (ҚР ҚК 131-бабы) бойынша 5,8 мыңнан 6,9 мыңға дейін шағым түседі.
Алайда нақты жазаға тек санаулылары ғана ілігеді: Шағымдар бастапқы кезеңде іріктеледі: Судьялар берілген арыздардың тек 15–16 пайызын ғана өндіріске қабылдайды. Олардың жартысына жуығы ресімдеудегі қателіктер мен заңды процедуралардың сақталмауы салдарынан кері қайтарылады. Істер "шашырап кетеді": Көпшілік алдында тіл тигізу бойынша сот залына жеткен істердің тек 25 пайызы ғана айыптау үкімімен аяқталады. Қалған жағдайларда тараптар не татуласады, не айыптаушы тарап жеткілікті дәлелдер ұсына алмайды.
Кінасы дәлелденгендер үшін соңы қаржылық тұрғыдан ауыр болады. Интернетте тіл тигізу бабы бойынша 200 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы шамамен 865 мың теңге) немесе қоғамдық жұмыстар қарастырылған. Сондай-ақ кінәлі адамның қалтасына моральдық зиянды өтеу де салмақ салады: өткен жылы Қазақстанда желідегі балағат сөздерден зардап шеккендерге төленген төлемдердің жалпы сомасы рекорд 29,3 миллион теңгені құраған.
Фейк аккаунттар жазасыз қалмайды. Интернеттегі көптеген пайдаланушыға профильде нақты фотосуреттің болмауы мен жалған есім толық қауіпсіздікке кепілдік беретіндей көрінеді. Жабық немесе анонимді аккаунттың болуы өздігінен тұлғаны анықтаудан қорғамайды. Қазіргі заманғы жедел-іздестірудің цифрлық құралдары автордың нақты есімін, оның ЖСН-ін, IP-мекенжайын және тіркелген жерін тез анықтауға мүмкіндік береді.
Егер дөрекілік ақшалай айыппұлмен шектелсе, мемлекеттік қауіпсіздікке, жеке өмірге немесе ұлттық мәселелерге қатысты айтылған сөздер ауыр қылмыстар санатына ауысады.
Сот практикасы контекстке байланысты зардаптардың қалай өзгеретінін көрсетеді: Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және дербес деректерді жариялап жіберу 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін (айтпақшы, мұндай істердің саны кейінгі бір жылда бірден 67,4 пайызға өсті). Фейктер мен көрінеу жалған ақпарат тарату 7 жылға дейін түрмеге жабылумен жазаланады. Желідегі сепаратизмге шақырулар бұзушының Қазақстан азаматтығынан айырылып, 15 жылға колонияға тоғытылуына әкелуі мүмкін. Әлеуметтік, ұлттық немесе діни араздықты қоздыру ең қатал үкімдер шығарылатын бап болып қала береді. Мұндағы ең жоғарғы шек - 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Өткен жылы соттар бұл бап бойынша сотталғандардың көпшілігіне нақты түрме мерзімін белгіледі, бұл ретте бірнеше адам 12-ден 20 жылға дейін колонияға сотталған.

Желідегі жүгенсіздік жазасыз қалмайды

Polisia.kz деректеріне сүйенсек, әлеуметтік желілерде, әсіресе TikTok-та күн сайын дерлік заңға қайшы әрекет тіркелген. Заңсыз кон­тент таратқан стримерлер жауап­кершілікке тартылуда. Мәселен, Түркістан облысында 39 жастағы Баян есімді әйел TikTok-та тікелей эфирге шығып, агрессивті мінез танытып, бейәдеп сөздер айтқан. Көпшілікке тараған эфир ақыры тәртіп сақшыларының назарына ілікті.
Ал Алматы облысында 22 жастағы жігіт TikTok пен Instagram-да қоғамдық әдептен аттап, аузына келгенін айтқан. Желіде желіккен жас жігіттің әрекетіне полиция араласып, іс сотқа жетті. Нәтижесінде, ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Яғни экранның ар жағында айтылған сөздің өтеуі нақты өмірде қайтарылды.
Осыған ұқсас жағдай Семейде де тіркелді. TikTok-тағы тікелей эфир кезінде Азиза есімді 26 жастағы әйел былапыт сөз айтып қана қоймай, есірткі қолданатынын да мәлімдеген. Эфирдегі әдепсіз әрекет назардан тыс қалмады. Тексеру кезінде оның алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды. Ақыры ұсақ бұзақылық жасағаны үшін он тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Павлодардағы жағдайдың жөні тіпті бөлек. 26 жастағы азамат көлік тізгінін­де отырып тікелей эфир жүргізген. Көп­­шілік алдында былапыт сөздер айтып, айна­ласындағыларға құрметсіздік таныт­қаны аздай, қауіпсіздік белдігін де тақпаған. Осылайша, желідегі әдепсіздік жол үстіндегі жауапсыздықпен ұштасқан. Оның «эфирі» 20 тәулік әкімшілік қамау­мен аяқталды.
Талдықорғанда да TikTok-тағы тікелей эфирдің соңы жауапкершілікке ұласты. 44 жастағы Гүлмира есімді әйел көпшілік алдында бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық әдеп нормаларын бұзған. Бір қызығы, ол мұндай әрекеті үшін бұрын да жауапқа тартылған екен.


Жастарды қорғау маңызды

Тағы бір маңызды бағыт — 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуін шектеу бастамасы. Құрылтайға ұсынылған түзетулер бойынша, Жасанды интеллект арқылы жүзге қарап жасты анықтау немесе қолданушының мінез-құлқын талдау технологиялары қарастырылуда. Баланы кибербуллинг пен зиянды контенттен қорғау ниеті дұрыс болғанымен, бұл технологиялардың азаматтардың жеке деректерін жинау мен бақылауға ұласып кетпеуі басты назарда болуы тиіс.
Әлеуметтік желі — қазіргі қоғамның айнасы. Әлеуметтік желіде пікір қалдырмас бұрын айтылған сөздің салдарын ескерген жөн. Интернеттегі жазба өшірілгенімен, жауапкершілігі мен жазасы салғырт болмайды.

А.АЙДАРҚЫЗЫ
28 қазан 2026 ж. 53 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031