Игілігі көп инфрақұрылым
Инфрақұрылым – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды аспектісінің бірі. Бұл сектор халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, аймақтық дамуды теңестіруге және елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Көпшілікке түсініксіз инфрақұрылымның қазіргі күйі қалай?Инфрақұрылым – елдің экономикалық және әлеуметтік өмірінің негізі. Кез келген мемлекеттің өркендеуі, экономиканың тұрақты өсуі және азаматтардың әл-ауқатының артуы инфрақұрылыммен байланысты. Сапалы жолдар, сенімді энергетикалық жүйелер, заманауи коммуникация мен коммуналдық желілер – бұл жай ғана қажеттілік емес, бұл елдің бәсекеге қабілеттілігін көрсететін басты көрсеткіш. Өңірдің келбетін түбегейлі өзгертіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – аудан
басшылығының күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Соңғы жылдары Қазалы ауданында инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық әлеуеті айтарлықтай артты.
Биыл Тапа, Аққұдық елді мекендеріне 50,0 миллион теңгеге демеушілік есебінен су тұшытқыш қондырғылары орнатылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір Қазалы ауданының халқы 100 пайыз таза ауызсу тұтынады. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытындағы ауқымды жұмыстар да көз қуантады. Былтыр Ү.Түктібаев ауылының электр желілерін жөндеуге бюджеттік кредиттен 218,5 миллион теңге, биылға облыстық бюджеттен жұмысты жалғастыруға 24,3 миллион теңге бөлінген. Қазалы қаласының электр желілерін толық жаңғыртуды жалғастыруға (2024 жылы 110,1 миллион теңге, 2025 жылы 336,7 миллион теңге) 132,5 миллион теңге қаралып, жұмыс жүргізілуде (жоба құны 579,2 миллион теңге). Нысандар жақын күндері пайдалануға берілмек. Осы инвестициялық жобалар жүзеге асырылғаннан кейін тозған электр желілері жыл соңына дейін 59,9 пайызға төмендейді. Бұл көрсеткіш 2025 жылы 67 пайыз болған.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығындағы нысандар мен тұрғын үйлердің электр энергиясын тұтыну қуаттылығынарттыру мақсатында былтыр қосалқы станса құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 378,2 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір жұмыс жүргізілуде. Нысан биылға өтпелі (жоба құны 1 миллиард 417 миллион теңге). Былтыр Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газ құбырлары жүргізіліп, жұмыс толық аяқталды. Жоба құны – 3 миллиард 733,5 миллион теңге. Осы жылға Жанқожа батыр (120 миллион теңге, жоба құны 323,6 миллион теңге), Бекарыстан би (300 миллион теңге, жоба құны 573,8 миллион теңге), Майдакөл (80 миллион теңге, жоба құны 225,2 миллион теңге) және Түктібаев (180 миллион теңге, жоба құны 343 миллион теңге) елді мекендеріне орамішілік газ желілерін тартуды бастауға республикалық бюджеттен 680 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде.
Бүгінде аудан халқын «көгілдір отынмен» қамту көрсеткіші 77,6 пайыз, аталған 4 ауыл қосылғаннан кейін көрсеткішті 86,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды елді мекендеріне магистральдық газ құбыры тартылады.
Қазіргі уақытта жұмысты бастау үшін аудандық бюджеттен 300 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 4 миллиард 558 миллион теңге. Ақсуат ауылына АГРС станциясын салу (жоба құны 1 миллиард 938 миллион теңге) және Ақсуат пен Байқожа елді мекендеріне (жоба құны 824,1 миллион теңге) ауылішілік газ құбырын тарту жобасы да жоспарда бар екен. Құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Қаржыландыру үшін бюджет көздері қарастырылуда. «Көгілдір отынға» қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газға бейімдеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Табиғи газ желісіне қосылған елді мекендердегі 14 білім беру нысаны мен 1 ауылдық мәдениет үйінің бу қазандықтарын газға бейімдеу үшін өткен жылы аудандық бюджеттен 54,1 миллион теңге бөлініп, құжаттары әзірленуде. Оның ішінде Қазалы қаласындағы №91, 17, 95
мектептер мен «Ақерке», «Өрімтал» балабақшалары, Ғ.Мұратбаев ауылындағы №91 мектеп, «Балдәурен» балабақшасы, Абай ауылындағы №90 мектеп, «Қарлығаш» балабақшасы және ауылдық мәдениет үйі, Басықара ауылындағы №182 мектеп, «Тілашар» балабақшасы, Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектеп, Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектеп және «Сәуле» балабақшасы бар. Биылғы жылға Қазалы
қаласы, Ақтан батыр, Ү.Түктібаев ауылдық клубтарына аудандық бюджеттен 43,4 миллион теңге бөлініп, газ отынына бейімделсе, аудандық аурухана мекемесінің қаражаты есебінен Ақтан батыр, Абай ауылдарындағы амбулаторияларды бейімдеуге 18,0 миллион
теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілген. Инфрақұрылымды дамыту – бұл бір күндік немесе бір жылдық науқан емес, ол үздіксіз жүретін стратегиялық үдеріс. Сапалы жол, үздіксіз берілген жарық пен жылу, қолжетімді байланыс пен заманауи әлеуметтік нысандар халықтың тұрмыс сапасын жақсартады. Ел экономикасының тұрақтылығы мен болашақ ұрпақтың әл-ауқаты бүгін салынған инфрақұрылымның беріктігіне тікелей байланысты.













