Хакерлік шабуыл туралы іс: ІІМ қазақстандықтың ұсталуына қатысты пікір білдірді
ІІМ не деді?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов ведомствоға қазақстандықтың ұсталғаны туралы ресми хабарлама түспегенін айтты.
"Біздегі бар ақпарат бойынша, Қазақстан азаматының ұсталғаны расталмады. Осыған байланысты біздің азаматтарға қатысты ешқандай шара қолданылған жоқ. Ұстау туралы бізге ресми түрде ешкім хабарлаған жоқ", - деді Біржанов.
Ол болжамды қылмыстың Ресей аумағында болғанын, сондықтан сұрақтарды ресейлік тарапқа жолдауды ұсынды.
"Додо Пиццаның" бұзылуы туралы не белгілі?
Бұған дейін ресейлік БАҚ "Додо Пицца" желісін бұзған төрт күдіктінің үшеуі ұсталғанын хабарлаған болатын. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, олардың арасында Ресей, Қазақстан және Беларусь азаматтары бар.
Жарияланған деректер бойынша, ұрланған базада тек қазақстандық тараптан 6,5 миллион бірегей телефон нөмірі, 6,7 миллион клиенттің деректері және қазақстандықтардың 59 миллионнан аса тапсырысы болған.
"Додо Пицца" компаниясы кибершабуылды растап, қаскөйлердің клиенттердің аты-жөніне, мекенжайларына, телефон нөмірлеріне және тапсырыс құрамына қол жеткізуі мүмкін екенін мойындады.











