Қазақстандықтарды қалай алдайды: кеңінен таралған үш схема
Алаяқтар қазақстандықтарды несие алуға көндіріп, инвестициядан пайда табуға уәде береді және интернетте тауар сату кезінде алдайды. ІІМ интернет-алаяқтықтың ең көп тараған үш схемасын атап, қылмыскерлердің азаматтардан ақшаны қалай бопсалайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бейбіт Біржановтың айтуынша, ең көп тараған схемалардың бірі - полиция, мемлекеттік орган және банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу.
Алаяқтар азаматтарға күмәнді операциялар туралы хабарлап, психологиялық қысым көрсету арқылы тезірек әрекет етуге көндіреді. Ақшаны қорғау немесе қауіптің алдын алу сылтауымен олар адамдарды несие рәсімдеуге және алынған қаражатты үшінші тұлғаларға аударуға мәжбүрлейді.
Тағы бір жиі кездесетін схема - инвестициялық жобаларға ақша салу туралы ұсыныстар. Алаяқтар әлеуметтік желілер мен басқа да интернет-платформалар арқылы әлеуетті құрбандарды тауып, салымдардан табыс табуға уәде береді.
"Біздің азаматтар әлеуметтік желілердегі, интернеттегі инвестициялау туралы ұсыныстарға сеніп, ақша салады, соның салдарынан қаражатынан айырылады", - деп атап өтті Бейбіт Біржанов.
Оның айтуынша, үшінші кең таралған схема интернеттегі сауда-саттықпен байланысты.
"Біздің азаматтар маркетплейстерде, әлеуметтік желілерде тауардың бар-жоғына, сатушының адалдығына көз жеткізбестен, ақшаның жартысын немесе толық сомасын алдын ала төлем ретінде аударады да, қаражатынан айырылып қалады", - деп түсіндірді Біржанов.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығының айтуынша, Қазақстандағы онлайн алаяқтықтан келген жалпы қаржылық шығын 42 миллиард теңгеге дейін азайды; өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 70 миллиард теңгеден асқан болатын.
Сондай-ақ сыртқа шығарылуына тосқауыл қойылған бұғатталған қаражат сомасы да артты.
"Егер өткен жылы бұл сома бес миллиард теңгеден аз болса, қазір шамамен алты миллиард теңгеге жетті", - деді ол.
ІІМ мәліметінше, осылайша азаматтардың шоттарынан қаражаттың бір бөлігін жылыстатудың алдын алу мүмкін болған.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында балалар байқауына қатысушыларға дауыс беру сілтемелерін қолдану арқылы жасалған 14 алаяқтық жағдайы тіркелгенін жазған болатынбыз. Қаскөйлер мұндай хабарламаларды таныстардың атынан жіберіп, кейін өзгелердің аккаунттарына қол жеткізіп, иесінің байланыс тізіміндегі адамдардан ақша сұрауы мүмкін.









