Шұғыла – шаттық мекені

Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел азаматы. Оның білімге құштар, ойы озық болып қалыптасуы балалық шақта алған тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымның міндеті баланы мектепке әзірлеу ғана емес, әуелі оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына негіз қалап, өз ойын еркін айтуына, айналасымен тіл табысуына, ізденіп, үйренуіне жағдай жасау. Мақаламызға арқау болып отырған «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының күнделікті жұмысы осы міндеттермен сабақтасып жатыр.
Білім ордасының шежіресі 1967 жылдан бастау алады. Алғашында «Солнышко» атауымен ашылған балабақша 140 орынға арналған екі қабатты типтік ғимаратта орналасқан. Мұнда оқу-тәрбие жұмыстары орыс тілінде жүргізіліп, екі кіші және төрт жоғары топ жұмыс істеген.
1989 жылы мекемедегі оқу-тәрбие процесі қазақ тіліне ауыстырылып, №4 «Солнышко» балалар комбинаты №4 «Шұғыла» балабақшасы болып өзгертілді. Кейін 1997-1998 оқу жылындағы оңтайландыру кезеңінде жұмысын уақытша тоқтатқан мекеме 1998-1999 оқу жылында қайта ашылды.
Содан бері талай буынның балалық шағына куә болып, сан ұрпақтың алғашқы тәлім ордасына айналды. Жылдар жылжығанымен, балабақшаның негізгі міндеті өзгерген жоқ. Ол – бүлдіршіндерді ізгілікке баулу, танымын кеңейту, өмірге бейімдеу. Ал осы міндетті бүгінгі заман талабымен ұштастыру – ұжымның басты ұстанымы.
Қазір бөбекжай-балабақшада алты топта 140 бала тәрбиеленіп жатыр. «Балауса» мен «Айгөлек» ересек топтарында, «Ақбота» мен «Ертөстік» ортаңғы топтарында 25 баладан, ал «Қызғалдақ» пен «Құлыншақ» кіші топтарында 20 баладан бар. Бүлдіршіндер бес күндік жұмыс тәртібі бойынша тәрбиеленеді.
Әр баланың мінезі мен қабылдау қабілеті әртүрлі. Бірі тапсырманы жылдам меңгерсе, енді бірі қосымша қолдауды қажет етеді. Бірі көпшілікпен тез араласып кетсе, екіншісі өз ойын айтуға уақыт алады. Осындай ерекшеліктерді ескеріп, әр баланың дамуына мүмкіндік беру үшін педагогтің білімімен бірге байқағыштығы мен шыдамдылығы да қажет.
Балабақшада 22 педагог еңбек етеді. Олардың қатарында бір педагог-зерттеуші, төрт педагог-сарапшы және 17 педагог-модератор бар. Мамандар балалардың жас ерекшелігіне сай оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырып, олардың танымдық, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға күш салады. Кәсіби біліктілікті арттыру курстарына қатысу арқылы білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін толықтырып отырады.
Бала қоршаған ортаны ойын арқылы танып, алғашқы білімін тәжірибе барысында жинақтайды. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдағы дамытушы ортаның маңызы ерекше. «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасында топтар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ойыншықтармен, көрнекі құралдармен, дидактикалық материалдармен және қажетті жиһаздармен жабдықталған.
Оқу-тәрбие жұмыстары мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына негізделген. Балалардың дене қасиеттерін жетілдіру, тілдік және қарым-қатынас дағдыларын дамыту, танымдық қабілеттерін қалыптастыру, шығармашылыққа баулу, әлеуметтік-эмоционалдық дамуына қолдау көрсету бағыттары өзара сабақтастықта жүзеге асырылады.
Электронды көрнекіліктер мен әдістемелік құралдар, компьютер, ноутбук, планшет, принтер және басқа да техникалық жабдықтар педагогтердің жұмысын жүйелеуге көмектеседі. Мұндай мүмкіндіктер оқу әрекеттерін түрлендіріп, балалардың қызығушылығын оятуға ықпал етеді.
Дегенмен баланың дамуы тек құрал-жабдыққа байланысты емес. Ең маңыздысы – сол мүмкіндіктерді орынды пайдаланып, бүлдіршіннің сұрақ қоюына, жауап іздеуіне, ойын еркін жеткізуіне жағдай жасау. Білімге деген құштарлық мәжбүрлеумен емес, қызығушылықпен қалыптасқанда ғана нәтиже береді.
Баланың бойындағы қабілетті ашудың бір жолы – оны өнерге баулу. Осы мақсатта балабақшада бірнеше бағыттағы үйірме ұйымдастырылған. «Логика» танымдық ойындар үйірмесі балалардың ойлау қабілетін дамытса, «Жетіген» ән үйірмесі музыка әлеміне жетелейді. «Сымбат» би үйірмесінде қимыл-қозғалыс үйлесімділігі жетілдіріліп, «Қуыршақ» театры арқылы балалардың қиялы мен шығармашылық қабілеті шыңдалады.
«Сиқырлы қалам» үйірмесінде бүлдіршіндер дәстүрден тыс сурет салу тәсілдерін меңгерсе, «Шебер қолдар» шығармашылық жұмыстарға қызығушылығын арттырады. «Тілашар» үйірмесі тілдік дағдыларды дамытуға бағытталған. Ал «Алтын асық» ұлттық ойын үйірмесі арқылы балалар халқымыздың ойын мұрасымен танысады.
Бұл үйірмелердің әрқайсысы баланың белгілі бір қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Ән айту арқылы өз сезімін жеткізген, би арқылы қимылын үйлестірген, қолөнер арқылы ойындағы бейнені жасаған бала жаңа қырынан танылады. Мұндай жұмыстар бүлдіршіннің уақытын мазмұнды өткізіп қана қоймай, өзіне деген сенімін де нығайтады.
Балабақшаның спорттық залы батут, кегли, массаж төсеніштері, гимнастикалық таяқшалар, шеңберлер, секіртпелер, доптар және басқа да құралдармен жабдықталған. Ал ән-әуез залында домбыра, жетіген секілді ұлттық аспаптармен қатар синтезатор, микрофон және дыбыс күшейткіш құрылғылар бар. Осы арқылы балалардың дене белсенділігі мен өнерге қызығушылығын қатар дамытуға жағдай жасалған.
Баланың сөздік қорын байытып, дүниетанымын кеңейтуде кітаптың орны бөлек. Осыны ескерген балабақшада «Кітаппен жарқын әлемге» атты балалар кітапханасы ашылған. Мұнда халық ертегілері, ақын-жазушылардың шығармалары, танымдық кітаптар мен электронды басылымдар жинақталған. Сонымен қатар педагогтерге арналған әдістемелік әдебиеттер де бар. Кітаппен ерте танысқан бала жаңа сөздерді үйреніп, кейіпкерлердің әрекеті арқылы жақсы мен жаманды ажыратуға талпынады. Ертегі тыңдау оның қиялын дамытса, кітаптағы оқиғаларды талқылау өз ойын жеткізуге үйретеді.
Бөбекжай-балабақшада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселесіне де көңіл бөлінген. Арнайы құрал-жабдықтармен жасақталған логопед кабинетінде 10 балаға маман көмектеседі. Логопед жұмысы балалардың сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, сөздерді дұрыс айтуына және өз ойын түсінікті жеткізуіне бағытталған. Мұндай қолдау олардың қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейтіп, күнделікті ортаға бейімделуіне ықпал етеді.
Баланың балабақшада өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуі ата-ана үшін де маңызды. Мекеме ғимараты орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, жылу және кәріз жүйелері автономды жұмыс істейді. Қауіпсіздікті бақылау мақсатында 32 бейнебақылау камерасы орнатылып, өрт дабылы қондырғыларымен жабдықталған.
Топтарда жеке ойын және жатын бөлмелері қарастырылып, балалардың күнделікті қажеттіліктеріне жағдай жасалған. Санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау, бөлмелердің тазалығын қамтамасыз ету және залалсыздандыру жұмыстары да тұрақты назарда.
Балабақшадағы тәрбие жұмысы ата-аналармен ынтымақтастықта негізделген. Ұжым ата-аналармен кездесулер, пікірсайыстар, дөңгелек үстелдер, тренингтер мен конференциялар өткізіп тұрады. Топтық жиналыстарда тәрбиешілер, психолог, әдіскер, логопед және медицина қызметкері түрлі бағытта кеңес береді. Отбасы мен балабақша арасындағы осындай байланыс баланың дамуына ортақ жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Өйткені мекемеде қалыптасқан жақсы әдеттер мен дағдылар отбасындағы тәрбие арқылы бекігенде ғана өз нәтижесін береді.
Қош. Бала бойына сіңген тәрбие мен тағылым – оның өмірлік жолына бағыт беретін құндылық. Осыны басты бағдар еткен №4 «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасы бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, қабілетін дамытуға, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге күш салып келеді. Әр баланың жетістігіне қуанып, талабына қолдау білдіруді міндетіне айналдырған ұжымның еңбегі осындай ізгі істерімен бағалы. Бүгінгі балғындардың балабақшада алған тәлімі ертеңгі өміріне азық болып, өз жолын табуына септігін тигізері анық. Өйткені жарқын болашақтың бастауы – балаға берілген сапалы тәрбие мен шынайы қамқорлықта.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













