Сенім күші: сана жеңісі мен жеңілісі ішкі жаратылысқа иелік ету
Сананы сендіру арқылы тұлғалық өзгеріске қол жеткізуге бола ма? «Ойыңды өзгерту – өмірің өзгереді» деген қағида заманауи мотивациялық индустрия мен өзін-өзі дамыту әдебиеттерінің басты ұранына айналғаны қашшан. Алайда бұл тұжырым ғылымға қаншалықты негізделген? Қазіргі когнитивті психология, нейробиология, философия және әлеуметтану тоғысында бұл мәселеге тек үстірт позитивті визуализация тұрғысынан емес, терең жүйелік-құрылымдық деңгейде қарау қажеттілігі туындап отыр.ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРСЕМ, ӨЗІМНЕН...
Психология ғылымындағы адамның эмоциясы мен әрекетіне оқиғаның өзі емес, оған берілген субъективті баға мен түсіндірме шешуші әсер ететінін дәлелдейді. Америкалық көрнекті психотерапевттер Аарон Бек пен Альберт Эллис негізін салған бұл теорияға жүгінсек, адам санасындағы автоматты теріс ойлар мен иррационал сенімдер оның барлық өмірлік стратегиясын тығырыққа тірейді.
Мәселен, бірдей экономикалық дағдарыс, кәсіби тұрақсыздық немесе жеке басындағы сәтсіздік жағдайында екі түрлі психологиялық реакцияны көрінеді
Мәселені тағдырдың жазмышы, өзгермес қателік немесе жеке қабілетсіздік ретінде қабылдап, әрекетсіздікке, яғни «үйренінген дәрменсіздікке» ұшырау екенін айтады мамандар.
Қиындықты сыртқы ортаның кері байланысы, сынақ және жаңа дағдыларды игеруге берілген эволюциялық мүмкіндік ретінде бағалау дейді Аарон Бек.
Белгілі психотерапевттер атап өткендей, ішкі сенімдер мен шектеуші нанымдар адамның нейрондық жолдарын қалыптастырады. Бұл үдеріс адамның қабылдау фильмін өзгертіп қана қоймай, оның болашақтағы стратегиялық қадамдарын автоматты түрде басқаратын ішкі бағдарламаға айналады екен. Бұл бәрімізге таныс өлең жолдарын еске түсіреді.
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді
Шығарамын сөзімнен.
Өзім қылдым деулерді
Таса қылман көзімнен.
Жазалы емес құдай да,
Күн мен жұлдыз һәм ай да.
Жұмақ күткіш наданның,
Орны дозақ әр қайда.
«Теңгерер соңыра» – деген сөз –
Тек жұбаткан бір айла, – демейтін бе еді ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров.
МИ ӨЗГЕРІСКЕ ҚАЛАЙ БЕЙІМДЕЛЕДІ?
Әдетте мазалаған, ретсіз санаға салмақ түсертін әркетімен уақытты жоғалтқан адамға қарсы «Миымды ашытпашы» деген жауап айтамыз. Ал сол мидың қуаттылығы туралы білеміз бе?
Адам миы – табиғаттың ең күрделі әрі қуатты туындысы. Оның техникалық, биологиялық және интеллектуалдық мүмкіндіктері таң қаларлық. Мидың негізгі күшін бірнеше маңызды қырынан көруге болады. Ең алдымен, оның техникалық және есептеу қуаты орасан зор. Адам миы секундына шамамен 10 квадриллион операция жасай алады. Бұл көрсеткіш әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің өнімділігімен тең немесе одан да жоғары. Мидағы 86 миллиард нейрон мен олардың арасындағы синапстық байланыстардың арқасында оның ақпарат сыйымдылығы 2,5 петабайтқа жетеді. Әлемдегі ең танымал, ғылыми журналдардың бірі «Scientific American» дерегінше, бұл – 300 жыл бойы үздіксіз көрсетілетін жоғары сапалы видеоның көлемімен бірдей. Ең қызығы, осындай ауқымды жұмысты атқара тұра, ми бары-жоғы 20 ватт энергия тұтынады екен. Халықаралық ғылыми-зерттеу мегажобаларының бірімHuman Brain Project яки «Адам миы жобасы» – мидың басты күші оның бейімделгіштігінде, яғни нейропластикалық қасиетінде екендігін дәлелдеген.
Жүйке жүйесін зерттейтін ғалымдардың анықтауынша, ми өмір бойы өзгеруге, жаңа жүйке байланыстарын орнатуға және ескілерін жоюға қабілетті. Тіпті мидың бір бөлігі зақымдалған жағдайда, оның қызметін басқа сау бөліктері өзіне алып, компенсациялау қабілетіне ие. Сонымен қатар, ми ішіндегі ақпаратты өңдеу және жүйке импульстарының таралу жылдамдығы сағатына 400 шақырымға дейін жетеді.Мидың тағы бір таңғажайып қыры –психологиялық және жасырын мүмкіндіктері. Мидың сенім күші адам тәніне тікелей әсер ете алады. Бұған медицинадағы плацебо эффектісі ешқандай емдік қасиеті жоқ бос дәріні ішіп-ақ, мидың әмірімен ағзаның өзін-өзі емдеп жазылуы дәлел болады. Сонымен қатар, өмірге қауіп төнген экстремалды сәттерде ми адреналинді күрт көтеріп, адамға әдеттегі өмірде жасау мүмкін емес физикалық күш береді.
Адамдардың стресс үстінде ауыр заттарды көтеріп қалуы немесе биік кедергілерден секіріп кетуі осы жасырын қуаттың оянуымен түсіндіріледі. Көпшілік арасында «адам өз миының тек 10 пайызын ғана пайдаланады» деген түсінік кең таралған. Алайда Гарвард медициналық мектебі мен MIT McGovern институтының нейробиологтары бұл мәлімдемені ғылыми тұрғыдан толықтай теріске шығарған. Заманауи МРТ және ПЭТ сканерлеу технологиялары көрсеткендей, күнделікті өмірде, тіпті біз ұйықтап жатқанда да миымыздың 100 процент дерлік белсенді жұмыс істейді және ол ағзадағы жалпы калорияның 20 процентін тұтынады. Бұл мысалдар адам миы – шексіз мүмкіндіктер мен жоғары тиімділіктің табиғаттағы бірегей үлгісі екендігін ұғындырады.
Нейроғылымның соңғы жылдардағы жаңалықтары бұрынғы «ми жасустары қалпына келмейді және ересек адамның мінезі түбегейлі өзгермейді» деген тоқырауға ұшыратқан қате қағиданы жоққа шығарған.
«Адам жаңа дағдыны меңгергенде немесе бұрынғы зиянды әдетінің орнына басқа модельді жүйелі түрде енгізгенде, ми қыртысында жаңа синаптикалық көпірлер пайда болады. Алайда бұл үдеріс тек мидағы абстрактілі ойлаумен шектелмейді. Ол міндетті түрде моторлы, эмоционалды және физикалық әрекеттермен ұштасуы тиіс», – дейді нейробиолог мамандар.
Демек, сананың өзгеруі – бұл тек бір сәттік инсайт, мотивациялық толқу немесе рухани серпіліс емес. Бұл – миды қайта бағдарламалауға бағытталған ұзақ мерзімді жүйелі еңбек. Өзгеріс кезеңдері мына тізбек арқылы жүзеге асады.
ТАБЫС ТРЕНИГТЕРІ ТЕТІКТЕРІ
«Қазір «табыс тренингтері» кейде шектен шыққан позитивті ойлауды жиі уағыздайды. «Барлығы жақсы болады, тек жақсыға сен» деп қайталай беру материалдық, әлеуметтік немесе биологиялық проблемаларды өзінен-өзі шешпейді. Қарызға батқан, денсаулығы сыр берген немесе жүйелі дағдарысқа ұшыраған адамға тек мантра айту көмектеспейді. Керісінше, бұл шындықтан қашуға, мәселені жабуға және ішкі үрейді тереңдетуге әкеліп соқтырады.
Социология мен әлеуметтік психология бұл тұрғыда адамның жеке жауапкершілігі мен сыртқы ортаның объективті факторлары арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін алға тартады», – дейді әлеуметтанушы Сая Сапарқызы.
«Табыс деңгейі, мемлекеттік институттардың жұмысы, инфляция, жұмыссыздық, денсаулық сақтау сапасы және генетикалық бейімділік адамның мүмкіндіктерін белгілі бір шекте ұстайды.
Сыртқы жағдайларды бір сәтте толық өзгерте алмаса да, адам сол ортаға деген ішкі стратегиясын, эмоционалдық реакциясын және кәсіби өсу бағытын өзгертуге толық құқылы.
«Өміріңнің бәріне өзің кінәлісің» деген қатал ұстаным – қоғамдық теңсіздік пен жүйелік проблемаларды ескермейтін үстірт көзқарас. Шын мәнінде, сананы өзгерту – сыртқы әлемді жоққа шығару емес, қолында бар шектеулі ресурстарды ең тиімді бағытта басқаруға мүмкіндік беретін ішкі көпір», – дейді ол.
Өзін көпшіліккен санаға бағтталған маманмын деп таныстыратын Хадиша Омарбай егер мида нақты тапсырма болмаса, алдыңыздан мүмкіндік өтсе де, оны байқамауыңыз мүмкін. Миға тапсырма берген сәттен бастап, назар да соған бағытталатынын жеткізеді.
«ЖЕҢІЛ САУАП» ІЗДЕУ – НӘПСІНІҢ АЛДАУЫ
Қазақстандық танымал коуч, психологтар белгілі сүрелерді, Алланың игі есімдерін бірнеше рет айтып, арманға оңай қол жеткізуге болатынын жиі айтып жүр. Бұл туралы дін саласы мамандары кеңесіне құлақ түрдік.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ҚМДБ бұл мәселеге қатысты ұстанымы өте нақты, берік және шәриғат заңдарына негізделген. Бұл пікірді қолдайтын уағызшылар мен «мотиваторларға» қатысты көзқарасты негізгі 4 тұрғыдан түсінуге болады.
Намаз – ештеңемен алмастырылмайтын парыз. Ислам дінінде ол иманнан кейінгі ең басты тірек, мұсылманның негізгі міндеті. Ешбір сүре, ешбір дұға немесе Алланың 99 есімін атау бес уақыт намаздың орнын баса алмайды және оның жауапкершілігінен адамды босатпайды. Ал Құран мен хадистерде Алланың 99 есімін жаттаудың, белгілі бір сүрелерді оқудың орасан зор сауабы бар екені айтылған. Бірақ бұл сауаптар намаз оқымау күнәсін жуып-шаяды деген сөз емес.Шариғат бойынша бір парызды орындамау – өз алдына үлкен күнә, ал басқа бір сүрені оқу – өз алдына сауап. Бұл екеуін шатастырмауды ескертер едім», – днйді дінтанушы Шынболат Жеңісұлы.
«Жеңіл сауап» іздеу – нәпсінің алдауы екенін айтады имам Нұрахмет Қабыл.
«Қазіргі әлеуметтік желілердегі «намаз оқымасаң да, мынаны айтсаң бәрі жақсы болады» деген сипаттағы сөздерді «дінді жеңілдетіп, мағынасын бұрмалау» деп атайды. Бұл – адамдардың қиналғысы келмей, еңбексіз, құлшылықсыз тек дүниелік жақсылыққа ғана қол жеткізгісі келетін нәпсінің қалауы. Шын мәнінде, шынайы мұсылмандық тек тілмен дұға жасау емес, тәнмен яғни намаз арқылы орындалады», – дейді. Дін қызметкері Алланың есімдері мен сүрелер – сиқырлы сөздер еместігімен де бөлісті.
«Алланың 99 есімін немесе Құран сүрелерін тек «өміріме сәттілік әкелетін, байытатын, сиқырлы формула» ретінде ғана қарастыру дұрыс емес. Алланың есімдерін атаудың басты мақсаты – оны тану, оған жақындау және әмірлеріне бойұсыну.Намаз оқымай, Оның әмірін аяқ асты ете тұра, тек «жақсылық келсін» деп есімдерін қайталау Жаратушымен шынайы қарым-қатынасқа жатпайды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде анық көрсетілгендей, қиямет күні пендеден ең алғаш сұралатын амал – намаз», – дейді Н.Қабыл.
Дін мамандарының кеңесі егер адам намаз оқи алмай жүрсе де, Алланың есімдерін айтып, сүрелерді оқығаны жақсы, оны тоқтатпау керек. Бірақ, мұны «намаз оқымасам да болады, маған осы да жетеді» деген сылтауға немесе алданышқа айналдыру – үлкен қателік.
ӨТКЕННІҢ ТҰЗАҒЫ БОЛА МА?
Қазіргі таңда «балалық шақтан қалған соққы» деген тақырып жиі көтеріліп жүр. Адам өміріне расында балалық шақ пен әлеуметтік ортаның ықпалы бола ма?
«Тұлғаның қалыптасуына адамның балалық шағы, алған тәрбиесі, әлеуметтік ортасы және көрген алғашқы психологикалық жарақаттары тікелей әсер етеді. Психоанализ және психотерапия тәжірибесі көрсеткендей, кейбір адамдар бала кезінде қалыптасқан ішкі сенімдерді ересек өмірінде де саналы түрде байқамай қайталауы мүмкін.
Мысалы, бала кезінде «қателесуге қақың жоқ» деген қатал талаппен өскен адам ересек болғанда кез келген қатеден қатты қорқып, тәуекелге бармайды. Ал «өз пікіріңді айтуға болмайды» деген тұйық ортада өскен адам кейін қоғам алдында өз ойын ашық жеткізуде үлкен кедергілерге тап болады», – дейді психолог Майра Жүзжасар.
Педагог Нұрсұлу Уәйіс бұл пікірге қарсы ұстанмыда.
«Өткен тәжірибе адамның болашағын жүз процент анықтайды деу де қате. Адам өзіндегі қалыптасқан деструктивті үлгілерді түсініп, оларды саналы түрде қайта қарауға қабілетті. Бұл – өзін-өзі танудың ең басты шарты. Өзін өзгерту процесі «мен бұрын қандай едім?» деген сұрақтан гөрі, «мен қазір неге дәл осылай ойлаймын және бұл ой маған келешекте көмектесе ме, әлде тежеп тұр ма?» деген сұрақтан басталады», – дейді.
Ммандар жауабы «Сананың өзгеруі адамды танымастай етіп өзгерте ала ма?» деген саулаға егер бұл өзгеріс тек ішкі құрғақ сөздермен шектелмей, ой, эмоция, мінез-құлық пен күнделікті әдеттің біртұтас синтезіне айналса өзгеруі мүмкіндігін ұғындырады.
«Тұлғалық трансформация сиқырлы таяқшаның сілкіуімен бір күнде жүзеге аспайды. Ол күнделікті көрінбейтін ұсақ әрекеттерден, қателіктерді мойындаудан, өзін-өзі сын көзбен бағалау мәдениетінен және шексіз жауапкершілікті сезінуден құралады. Түптеп келгенде, кез келген үлкен өзгеріс сыртқы әлемнің шуынан емес, адамның өзіне қоятын бір ғана түбегейлі сұрағынан басталады», – дейді Нұрсұлу.
Ал «Бүгінгі менің ойлау тәсілім маған келесі даму қадамын жасауға көмектесе ме, әлде мені бұрынғы қасаң қалыпта ұстап тұр ма?» сұрағына шынайы жауап табу – сананың эволюциясы мен сапалы жаңа өмірдің бастауы.
Сананың өзгеруін басты фактор деп санайтын көзқарасқа қарсы шығып, «Барлығы тек нақты әрекет пен сыртқы факторларға байланысты, ал сана мен ой – екінші дәрежелі салдар ғана» дейтін ғылыми, философиялық және практиктік бағыттар мен мамандардың дәлдері мынадай
Беррес Фредерик Скиннер адамның ішкі әлемін, санасын немесе ойын зерттеуді ғылыми емес деп есептеді. Олардың пікірінше, адам – сыртқы ортаның стимулдарына жауап беретін «қара жәшік». Егер біреу саналы түрде ойын өзгерткісі келсе де, егер оны қоршаған орта немесе сыртқы жағдай өзгермесе, ол ешқашан нәтижеге жетпейді. Себебі сана өзгерісті тудырмайды, керісінше, адамның жасаған әрекеті мен қабылдаған сыртқы тәжірибесі ғана оның ойын қалыптастырады. Алдымен әрекет етіп, нәтиже көру ғана санаңыз өзгереді. Бұл жерде «Алдымен ойыңды өзгерт» деу – арбаны аттың алдына қоюмен бірдей.
Философиядағы ең атақты қағидалардың бірі – Карл Маркстің «Сананы бомыс анықтайды» деген тұжырымы көпке таныс.
Мұндағы дәйек, адамның ойлау тәсілі, көзқарасы мен дүниетанымы оның миындағы абстрактілі идеялардан емес, оның нақты өмірлік жағдайынан, әлеуметтік-экономикалық статусынан, тұрмысынан туындайды.
Кедейшілікте өмір сүріп жатқан, күткеніне қол жеткізе алмай жүрген немесе әлеуметтік қысымға ұшыраған адамға «тек позитивті ойла, сонда бәрі өзгереді» деу – шынайылықтан жат түсінік. Адамның әрекеті мен материалдық жағдайы өзгермейінше, оның санасы өздігінен ешқашан өзгермейді. Сана – сыртқы жағдайдың айнасы ғана.
Көптеген заманауи психотерапевттер адамға ойын өзгертуді күтудің орнына, бірден әрекет етуді ұсынады.
Депрессия немесе үрей кезінде сана тек негативті ойлармен толып тұрады. Егер ол «алдымен ойымды оңтайландырып алайын, сосын әрекет етемін» десе, ол бұл тұзақтан ешқашан шыға алмайды. Өйткені ауру сана өзін-өзі түзете алмайды.
Адам ойымен емес, күнделікті жасап жүрген нақты қадамдары мен өмір сүру салтымен өлшенеді.
«ОЙСЫЗ» АДАМНЫҢ ПСИХОЛОГИЯСЫ
Қазақ халқының дүниетанымында адамның құны мен қадірі оның бос қиялымен немесе әдемі сөзімен емес, нақты ісімен өлшенген. Халқымыз еңбексіз жататын, қолына қасық алып ас ішуге де ерінетін дүниесі құралмаған жандарды «ойсыз» деп атайды. Бұл жердегі «ойсыз» сөзі сананың жоқтығын емес, керісінше, «іске аспас бос қиялмен өмір сүретін, нақты әрекеті жоқ» деген терең мағынаны білдіреді.
«Халық даналығында «Жалқаудың түні бітпес» немесе «Еңбек етпеген – езуге жетпеген» деген мақалдар бекер айтылмаған. Жалқау адамның басты қасиеті – оның миындағы үздіксіз ойлар легі, бірақ ол ойлар ешқашан нақты әрекетке айналмайды. Ол таңертең тұрып тау қопарып тастауды ойлауы мүмкін, бірақ орнынан тұрып бір тал шөптің басын қимылдатпайды.
Дәл осы тұста «бәрін сана мен ой арқылы өзгертуге болады» дейтін заманауи поп-психологияның қағидасы қазақтың өмірлік тәжірибесімен қақтығысады. Қазақ үшін сананың ең жоғарғы көрінісі – еңбек пен білек сыбана кіріскен іс. Егер ой әрекетке ұласпаса, ол – қасиетсіз дүние, ал ол адам – нағыз «ойсыз» анығы іссіз», – дейді арадегер ұстаз Нұрила Ұзақова.
Әрекет – сананы қалыптастырушы жалғыз құрал
Философияда да, халықтық педагогикада да «Бомыс сананы анықтайды» немесе «Әрекет – сананың айнасы» деген қағида үстемдік етеді.
Адам алдымен іс жасайды, тәжірибе жинайды, қателеседі, маңдайы терлейді. Содан кейін ғана оның санасы мен дүниетанымы өзгереді. Жалқау адам тек төсекте жатып ойланғанмен, миында ешқандай нейрондық өзгеріс жүрмейді. Өйткені ми тек физикалық және психикалық әрекет кезінде ғана дамиды.
Нәтижесіз ой – бос әурешілік. Мұндайда халқымыз «Істемегеннің тісі ауырар» деп, жұмыстан қашатын адамның сылтауын терең түсінген. Ойшыл болу үшін ғалым не философ болу шарт шығар, бірақ өмір сүру үшін іскер болу керек. Ойсыздық – бұл мүмкіндіктің жоқтығы емес, ерік-жігердің әлсіздігінен туған әрекетсіздік.
Қазақтың «ойсыз» деп таңбалаған жалқау адамдары бізге маңызды бір шындықты еске салады: Қанша жерден «санамды өзгертемін, позитивті ойлаймын» десең де, егер күнделікті өмірде нақты бір іс тындырмасаң, сол ойыңның көк тиындық құны жоқ.
Адамды өзгертетін –ойлар емес, күн сайын қайталанатын қарапайым әрі ауыр еңбек. Өйткені халық айтқандай: «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – іс». Ой түбінде жатқан жақсы ниетті іске асырмау – ең үлкен кедейлік.
Дайындаған
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ














