Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шуағын шашқан "Шұғыла"

Шуағын шашқан "Шұғыла"

Шыны керек, қоғамда болып жатқан елеулі өзгерістер еліміздің білім беру саласына әсер етіп, нақтырақ айтқанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының уақыт талабына сай болуын талап етіп отыр. Осындай талаптардың үдесінен шығып жүрген балабақшалар біздің ауданда да жоқ емес. Солардың бірі – №4 "Шұғыла" бөбекжай-балабақшасы десек жарасады.
Бәсекеге қабілеттілікті басты меже етіп ұстанып, елдің білімді де білікті ұрпағын қалыптастыруды мақсат тұтқан бөбекжай-балабақшаның тарихы 1967 жылдан бастау алады. Орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін 140 орындық, екі қабаттық типтік жобада салынған балабақша алғашында "Солнышко" деген атаумен ашылған. Онда оқу-тәрбие процесі орыс тілінде жүргізілді. Екі кіші, төрт жоғары топ болған. 1989 жылы балабақшадағы оқу-тәрбие процесі қазақ тіліне ауыстырылып, №4 "Солнышко" балалар комбинаты №4 "Шұғыла" балабақшасы болып өзгертілді.
1997-1998 оқу жылы аралығындағы оңтайландыру саясаты кезінде балабақша жабылып, 1998- 1999 оқу жылынан бастап қайта ашылды. 57 жылдық тарихы бар балабақша бүгінге дейін қаншама ұрпақты тәрбиелеп, ел мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап, баулып келеді.
Бүгінде аталмыш мекеме дамудың даңғыл жолынан өтіп келеді. Өрендердің зердесін ашып, өмірге деген қадамына арқау болған киелі мекенде қазіргі таңда 6 топ жұмыс жасап, 140 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мұнда балғындар 5 күндік оқу жүйесі бойынша тәлім алады. Бөбекжай-балабақшаны біраз жылдан бері білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан білікті басшы Айгүл Ерішова басқарады. Дәл осы ұжымға 2022 жылдан бастап тағайындалған ол қызметкерлерінің арасында ерекше құрметке ие. Жұмыс барысында талапшыл басшы барлығымен тең тіл табысып, ұжымды алға жетелеп жүрген жайы бар.
Бөбекжай-балабақшаның 6 тобында 20-25-тен бала тәрбиеленіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, "Балауса", "Айгөлек" сынды екі ересек топта – 25, "Ақбота", "Ертөстік"ортаңғы топтарында – 25, "Қызғалдақ", "Құлыншақ" кіші топтарында – 20 бала балабақшада білім алып, тәрбиешілердің тәлімін санасына сіңіруде. Айтқандай, бөбекжайдың тәрбиешілері тәжірибелі әрі білімді мамандар. Бәрі де өз ісінің білгірлері. Білім беру ұйымындағы 24 педагог уақытпен санаспай, санаулы ұрпақ тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп келеді. Олардың 21-інің білімі жоғары, ал 3-еуі арнаулы орта білімі бар мамандар. №4 "Шұғыла" бөбекжай-балабақшасының басшысы Айгүл Ерішованың айтуынша, мұндағы мамандар балалардың ой-өрісін дамытуда, күнделікті түрлі шаралар мен бағдарламаларды ұйымдастыруда өте белсенді. Сондай-ақ ата-аналармен де бірлесе жұмыс жасауға да әбден машықтанған.

– Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру – білімді әрі білікті тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Бұл ретте біздің мамандар өздерінің біліктілігін жыл сайын жетілдіріп жүр деп айта аламын. Мысалы біздің ортада 1 басшы-менеджер, 1 педагог зерттеуші, 4 педагог сарапшы, 12 педагог-модератор бар. Санаты жоқ 5, екінші санатты 1 маман да өзгелерден қалыс қалмай қызмет етуде. Олар да өз кезектілігімен білімін жетілдіруді жоспарлап жүр. Біздегі мамандар балалардың тілін дамытуда, жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибесінде қолдану үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Өйткені жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолданудың үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттыруда үлкен септігі бар, – дейді бөбекжай-балабақша меңгерушісі Айгүл Қайыржанқызы.
Әрбір топ жеке ойын, жатын бөлмелермен, жұмсақ және қатты жиһаздармен жабдықталған. Топтарда бала өмірін ұйымдастыруды қамтамасыз ететін пәндік дамытушы орталықтар ұйымдастырылған. Санитарлық-гигиеналық талаптар сақталған. Тазарту, жуу залалсыздандыруға қажетті құралдармен де қамтамасыз етілген. Мұнда баланың жас ерекшелігіне сай топтарда ұйымдастырылған іс-әрекетке арналған көрнекілік құралдардың бәрі бар. Балабақша топтарында заттық-кеңістікті дамытушы орталықтар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы негізінде баланың жас ерекшеліктеріне байланысты мақсатты бағыттары бар тараулардан тұратын "Физикалық қасиеттерді дамыту", "Коммуникативтік дағдыларды қамту", "Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту", "Шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту", "Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру" кіріктіру арқылы жүргізіледі. Заттық-кеңістік дамытушы орта техникалық құрылғылармен, тәжірибелі-іздеу жұмыстарына арналған құралдармен, ізденуге арналған түрлі материалдар, эксперименттеу, коллекция жинақтау жұмыстарына арналған заттармен, көрнекті, дидактикалық материалдармен, ойыншықтармен қамтамасыз етілген. Тәрбиешілердің айтуынша, педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру үшін әдістемелік тұрғыдан жинақталған жабдықтар жұмысты әлдеқайда жеңілдетуде. Электронды көрнекі-әдістемелік құралдар, мультимедиялық, қажетті техникалық құралдар, музыка орталығы, компьютер, ноутбук, планшет, принтер, сканер сынды жабдықтар жұмысты жүйелі етуде көмекке келеді. Тәрбиеленушілердің сұраныстарын ескере отырып, ойыншықтар мен дамытушы ойын түрлері, спорттық жаңа жабдықтар пайдалануға берілді. Сонымен қатар әр топта көгілдір экранды теледидар бар.
Балабақшаның спорттық залы батут, балаларға арналған матрас, кегли, массажға арналған төсеніш, арналған гантель, кольцеброс, скакалка, гимнастикалықтаяқшалар,обруч, доп және балаларға арналған заманауи спорттық құрал жабдықтармен жасақталған.Аал балалардың шығармашылығын шыңдап, ән мен күйге баулитын ән-әуез залында домбыра, жетіген, басқа да ұлттық аспаптар және қазіргі заманауи дыбыс күшейткіш, синтезатор, микрофон, дауыс ұлғайтқыш 3/1, ноутбук, түсті музыка құрылғыларымен жабдықталған.
Бөбекжай-балабақшада балалардың жеке дара қабілеттерін қалыптастыруға да жақсы жағдай қарастырылған. Яғни, баланың шығармашылық әлеуетін, танымдық, эстетикалық қабілеттерін дамытуға арналған "Логика" танымдық ойындар, "Жетіген" ән үйірмесі, "Сымбат" би үйірмесі, "Қуыршақ" театры, "Сиқырлы қалам" дәстүрден тыс сурет салу, "Алтын асық" ұлттық ойын, "Тілашар", "Шебер қолдар" атты үйірмелер балаларды үздіксіз шығармашылыққа шыңдап келеді.
Бөбекжай-балабақшаға бас сұққанымызда балаларға арналған «Кітаппен жарқын әлемге» атты кітапхана ашылғанын білдік. Онда халық ертегілері, ақын-жазушыларының ертегі-аңыздары, танымдық кітаптар, электронды кітап қоры бар. Сондай-ақ тәрбиешілерге арналған әдістемелік құралдар, бағдарламалар, міндетті білім беру стандарты мен балабақшадағы топтардың жас ерекшелігіне сәйкес келетін кітаптармен де қамтамасыз етілген.
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, балабақшаның бір күні екіншісіне мүлдем ұқсамайды. Әсерлі ертеңгіліктер мен көңілді кештер жиі ұйымдастырылады. Оған балалармен қатар ата-аналар да белсене қатысады. Бұл арқылы балабақша мен ата-аналар арасында байланыстың жақсы жолға қойылғандығы аңғарсақ болады. Бөбекжай-балабақша меңгерушісінің айтуынша, мұнда ата-аналармен бірлесе түрлі кездесу кештері, пікірсайыстар, дөңгелек үстел жанындағы кеңес, тренингтер, конференция жиі өткізілетін көрінеді. Топтық жиналыстарда ата-аналарға тәрбиеші, психолог, әдіскер, логопед мамандар мен медбикелер кеңес те береді.
№4 "Шұғыла" бөбекжай-балабақшасы қауіпсіздігін сақтайтын 22 бейнебақылаумен жабдықталған. Топ бөлмелерінің ауданы тәрбиешілерге және балаларға арналған жұмыс аумағы, оқу көрнекі құралдары және оқытуға арналған техникалық құралдары мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының талаптарына сай орналастырылған.
– Балабақшада арнайы құрал-жабдықтармен жасақталған логопункт кабинеті бар. Онда 11 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқытылуда. Арнайы логопед маман жұмыс жасайды. Сонымен бірге мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункт те жұмыс жасайды. Мектепке дейінгі жастағы балаларын үйде тәрбиелейтін ата-аналарға балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және денсаулығын қорғау бойынша ақпараттық, диагностикалық, консультативтік, үйлестіру-ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсетіледі, – дейді бөбекжай-балабақша меңгерушісі.
Балабақша педагогтары өз білімдерін жетілдіріп, түрлі біліктілік арттыру курстарына қатысып жүр. 2023-2024 оқу жылына арналған оқу-тәрбие жұмыстары жоспар бойынша жоғары деңгейде жүргізіліп, нәтижесінде балабақша педагогтары мен тәрбиеленушілері бүгінге дейін біршама жетістіктерге жетіп үлгерген.
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпақпен байланыстыратыны даусыз. Осы мақсат пен мүддеге қызмет етіп, жауапкершілік жүгін арқалаған №4 "Шұғыла" бөбекжай-балабақшасы сенім үдесінен шығуға одан әрі де күш салса, жан-жақты дамыған жас ұрпақ тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктерден түсірмесі анық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
30 наурыз 2024 ж. 205 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 23

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930