Ана тілді ардақтау – әр адамның парызы

Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тіл мәселесі – ұлт мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Баланың тілді меңгеруінде ата-ана мен білім ұясының рөлі ерекше. Әр отбасы бесіктен бастап балаға қазақ тілін үйретуді қолға алу керек.
«Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті. Қазақ пен қазақтың, отбасында әке мен баланың, жұмыста әріптестердің қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жайт. Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
Қазақ тілінің құдіретін қанша сөзбен айтсақ та, оны жеткізу мүмкін емес. Кезінде талай ғалым, жазушы, зерттеушілер осы қазақ тілінің қандай көркем тіл екенін айтқан еді. Соның бірі Мелиоранский: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен әрі әдемі сөйлеудің хас жебері... Қазақтар халық әдебиетіне аса бай әрі жан-жақты», – деген. Расымен де, қазақ тілі сүбелі сөзге, мақалға, шешендік сөздерге бай. Ана тіліңмен қатар басқа халықтың тілін білу сол елдің тіліне көшті деген сөз емес, ол адамның өз-өзін шыңдауы.
Тілді дамыту – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салғанымыз дұрыс. Тілді насихаттауда, үйретуде жеке адамдардың, отбасының атқарар қызметі мол болуы тиіс.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтуы тиіс. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты азаматтық борышымыз.
Ерасыл ДӘСТЕНОВ,
Ғ.Мұратбаев ауылы