Тағылымға толы жүздесу
Қазалы қалалық мәдениет үйінің 2026 жылға арналған Жаңа жылдық жұмыс жоспары мағынасы терең, тәрбиелік тағылымы мол, рухани мәні зор шарамен бастау алды. Ұлттың рухани қазынасын ұлықтауды, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты бекемдеуді көздеген бұл бастама мәдениет саласындағы аға буын өкілдері мен бүгінгі жас мамандарды бір арнаға тоғыстырып, бір шаңырақ астында табыстырды.Жуырда өткен мазмұнды кездесуде мәдениет саласының ардагерлері мен қазіргі қызметкерлері жүздесіп, ой-пікір алмасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу «Адал адам» мәдени-тәрбие беру тұжырымдамасының аясында жүзеге асырылып жатқан «Сұхбат TIME» жобасы негізінде өтті. Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған шарада сала ардагерлері мен бүгінгі мәдениет қызметкерлері арасында шынайы әрі мазмұнды сұхбат өрбіді. Ұрпақтар арасындағы алтын көпірді бекемдей түскен басқосуда үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттер айқын көрініс тапты.
Тағылымға толы шара барысында ардагерлер өздерінің кәсіби жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, мәдениет саласында жинаған бай тәжірибелерін ортаға салды. Олар жас мамандарға рухани байлықты сақтаудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын түсіндіріп, болашаққа бағыт-бағдар беретін ақыл-кеңестерін айтты. Әрбір айтылған ой, әрбір тағылымды сөз қатысушылардың жүрегіне жол тауып, үлкен ой салды.
Сонымен қатар кездесу барысында мәдениеттің қоғам өміріндегі орны, ұлттық мұраны сақтау, рухани құндылықтарды кейінгі ұрпаққа аманаттау мәселелері кеңінен талқыланды.
Қалалық мәдениет үйінің басшысы Бауыржан Ізмағанбетовтың айтуынша, бұл кездесудің маңызы айрықша.
– Зейнет демалысындағы тұлғалардың еңбегін елеу, олардың әлі де қоғам назарында екенін сезіндіру – бұл шараның басты мақсаты. Осындай тағылымды кездесулер арқылы мәдениет саласындағы сабақтастық сақталып, аға буынның өлшеусіз еңбегі лайықты түрде дәріптеледі, – дейді ол.
А. ЖҮСІПОВА














