Балабақша – тәрбие бастауы

Бала бойындағы алғашқы таным-түсінік, адамгершілік қасиет, қоршаған ортаға деген көзқарас пен қарым-қатынас мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Сондықтан бүлдіршіннің әр қадамына бағыт-бағдар беріп, оның қабілетін ашу мен тұлғалық дамуына жағдай жасау – аса жауапты іс.
БҮГІНГІ КҮННІҢ КЕЛБЕТІ
Осы орайда бүгінгі санымызда Әйтеке би кентінде орналасқан, бала тәрбиесінде өзіндік орны қалыптасқан №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының тыныс-тіршілігі мен ұжымның атқарып жатқан жұмысы жайлы баяндауды жөн көрдік.
Білім мен тәрбиенің ордасына айналған бұл балабақша бүгінде талай бүлдіршіннің балалық шағына қанат бітіріп, үлкен өмірге алғашқы қадам жасауына жол ашып келеді. Балабақша 2012 жылдың желтоқсан айында «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған. Типтік жоба бойынша салынған екі қабатты ғимарат 280 балаға арналған. Қазіргі таңда балабақшада 12 топ жұмыс істейді. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекеме Қызылорда облысы, Әйтеке би кенті, Амангелді көшесі, №39 мекенжайында орналасқан. Бүгінде мекемені 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап ротациялық тәртіппен ауысып келген Сәулегүл Мұхашова басқарып келеді.
Балабақшадағы тәрбие – өмірлік тәрбиенің бастауы. Білім берудің басты міндеттерінің бірі – балаларды шынайы өмір жағдайына бейімдеп, жан-жақты дамыту. Осы бағытта «Балапан» бөбекжай-балабақшасында білікті де тәжірибелі мамандар қызмет етуде. Қазіргі таңда балабақшада жалпы 67 адам еңбек етеді. Оның 34-і – педагог қызметкер, 33-і – техникалық қызметкер.
Мекемеде бірінші санатты басшы – 1, педагог-зерттеуші – 1, педагог-сарапшы – 9, педагог-модератор – 19. Сонымен қатар балабақша ұйымдастырушы-педагог, дене шынықтыру жетекшісі, музыка жетекшісі, логопед, педагог-психолог сынды білікті мамандармен қамтылған. Бұл көрсеткіштер балабақша ұжымының кәсіби біліктілігіне айқын дәлел. Ұстаздар өз білімдері мен тәжірибелерін үнемі жетілдіріп, заман талабына сай ізденіп, балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына бар күш-жігерін жұмсауда.

Балабақша меңгерушісі Сәулегүл Мырзабайқызының айтуынша, мектепке дейінгі ұйымында бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына барынша қолайлы жағдай жасалған. Мұнда әр баланың қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, қоршаған ортаны танып-білуіне, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және өз бетінше ізденуіне ерекше көңіл бөлінеді.
Балабақша аумағы да балалардың қауіпсіз әрі қызықты ортада тәрбиеленуіне лайықталып абаттандырылған. Айналаға түрлі сәндік ағаштар мен гүлдер отырғызылып, бүлдіршіндердің табиғатпен етене танысуына мүмкіндік жасалған. Ойын және спорт алаңдары қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, балалардың қимыл-қозғалысын жетілдіруге, салауатты өмір салтына бейімделуіне жағдай қарастырылған.
ҮЙІРМЕНІҢ ҮЙРЕТЕРІ КӨП
Бүлдіршіннің бос уақытын тиімді ұйымдастыру – оның жан-жақты дамуына жол ашады. Осы ретте балабақшада балалардың қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған түрлі үйірмелер жүйелі түрде жұмыс істейді.
Мұнда әр баланың қызығушылығы мен қабілетіне қарай таңдау жасауына мүмкіндік беретін сан алуан үйірме жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Робототехника», «Ертегілер елінде», «Шахмат», «Жобалау-зерттеу», «Бестемше», «Бала мерген» садақ ату үйірмесі, «Су асты әлемі», «Шебер қолдар» гончар шеберханасы, «Жас тігіншілер» шеберханасы және «Арт студия» бүлдіршіндердің бос уақытын мазмұнды өткізуімен қатар, олардың бойындағы түрлі қабілеттерді ашуға жол ашады.

Балалардың танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған сенсорлы бөлме де – осы жұмыстардың маңызды бір бөлігі. Мұнда түрлі сезім мүшелері арқылы қоршаған ортаны танып-білуге, көңіл күйін реттеуге, зейінін шоғырландыруға мүмкіндік жасалған. Ал табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейтін «Жасыл аймақ» орталығы бүлдіршіндерге табиғатпен етене танысып, оның әр бөлшегінің қадірін түсінуге үндейді.
– Әр үйірменің өзіндік тәрбиелік мәні бар. Біздің басты мақсатымыз – баланың бос уақытын жай ғана пайдалы өткізу емес, оның бойындағы қабілетті байқап, қызығушылығын қолдау. Робототехника мен жобалау-зерттеу жұмыстары логикалық ойлауын дамытса, шахмат пен бестемше зейінін шоғырландырып, ойлау жүйесін қалыптастырады. Ал гончар және тігін шеберханалары мен арт студия балаларды шығармашылыққа баулып, қол еңбегіне қызығушылығын арттырады. «Ертегілер елінде» арқылы олардың сөздік қоры молайып, қиялы мен көркемдік талғамы дамиды. Ең бастысы, әр бала өзіне қызықты бағытты тауып, сол арқылы өзінің жаңа қырын танып, қабілетін шыңдай алады, – дейді мекеме басшысы.
Біз сөз етіп отырған балабақша бүлдіршіндерге экологиялық білім мен тәрбие беруді басты бағдар еткен.
– Бүгінде біздің балабақша бүлдіршіндерді экологиялық әдепке баулып, заманның озық технологияларымен сауаттандыруды көздейтін «Жасыл Қазақстан – жасыл балабақшадан басталады» жобасы аясында жұмыс жүргізуде. Жобаның негізгі мақсаты – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуына қолдау көрсету, балалардың табиғатты аялау сезімін қалыптастырып, экологиялық тұрғыдан сауатты мінез-құлыққа тәрбиелеу. Бұл бастама аудандық білім бөлімі бекіткен 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №104-НҚ бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылуда, – дейді мекеме басшысы.
Осы бағытты берік ұстанған балабақша ұжымы бүлдіршіндерге экологиялық тәрбие беруге ерекше мән беріп келеді. Осы мақсатта Астана қаласындағы №57 «Мерей» балабақшасы, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы білім бөлімінің «Ақерке» бөбекжай-балабақшасы, Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі және Жанқожа батыр атындағы №70 мектеппен әлеуметтік серіктестік орнатып, жүйелі жұмыс жүргізуде.
– Бұл ынтымақтастықтың басты мақсаты – тәжірибе алмасу, білім беру сапасын арттыру және балалардың мектепке жан-жақты даярлығын қамтамасыз ету. Бірлескен іс-шаралар мен тағылымды кездесулер арқылы педагогтер кәсіби шеберліктерін шыңдап, өзара тәжірибе бөліседі. Ал мұндай жұмыстар бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына жол ашып қана қоймай, олардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді балабақша меңгерушісі.
БАЛА ДАМУЫНА ДҰРЫС БАҒДАР
Бала бойындағы алғашқы мінез-құлық дағдылары мен тұлғалық қасиеттердің қалыптасуы – отбасындағы тәрбиемен тығыз байланысты. Әсіресе мектепке дейінгі кезеңде баланың қоршаған ортаны тануы, қарым-қатынас жасауға үйренуі, өз қабілетін танытуы үшін ата-ананың қолдауы аса қажет. Бұл ретте педагог мамандардың кәсіби кеңесі де ата-анаға үлкен көмек болары сөзсіз.
Дегенмен балабақшаға бармайтын немесе мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылмаған балалардың ата-аналары кей жағдайда бала дамуы мен тәрбиесіне қатысты мәселелерде қажетті ақпаратқа мұқтаж болып жатады. Осындай қажеттіліктің орнын толтыру мақсатында №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасында ата-аналарға арналған консультациялық пункт өз жұмысын жүргізіп келеді.
– Консультациялық пункттің негізгі мақсаты – ата-аналарға бала тәрбиесі мен дамуына қатысты қажетті әдістемелік көмек көрсету. Әр баланың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан ата-анаға баласының жасына, қабілетіне және қажеттілігіне қарай дұрыс бағыт ұсыну маңызды. Біз ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, олардың сұрақтарына жауап беруге және бала тәрбиесінде қолдау көрсетуге тырысамыз, – дейді Сәулегүл Мырзабайқызы.
Әсілінде, отбасымен өзара әрекеттестікті ұйымдастыру – дайын технологиясы мен нақты қалыптасқан бір ғана әдіс-тәсілі жоқ, педагогтан үлкен ізденіс пен кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі үдеріс. Оның нәтижелілігі тәрбиеші-педагогтың интуициясына, бастамашылдығына, сабырлылығы мен төзімділігіне, сондай-ақ отбасыға кәсіби тұрғыдан қолдау көрсетіп, сенімді серіктес бола білуіне тікелей байланысты.
АЛҒАН АСУ АЗ ЕМЕС
Жетістікке жету үшін ең алдымен тиянақты еңбек пен ізденіс қажет. Ал сол еңбектің нәтижелі болуы ұжымдағы ауызбіршілікке де байланысты. Бір мақсатты көздеген мамандардың өзара қолдауы жұмыстың сапасына оң әсер ететіні анық.
Аудандағы бұл мектепке дейінгі ұйымның жұмысы да осы бағытта қалыптасқан. Мұндағы педагогтер бала тәрбиесі мен білім беру ісін қатар алып, кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізуге көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде ұжым түрлі деңгейдегі байқаулар мен шараларда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін балабақша «Жылдың үздік балабақшасы» аталымымен марапатталды. Бұл – ұжымның білім беру мен тәрбие бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.
Балабақшадағы тәрбие жұмысының негізгі бағытының бірі – балаларға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйрету. Осы мақсатта ұжым «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып, табиғат тазалығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін Алғыс хатқа ие болды. Акция аясында тәрбиеленушілерге тазалық сақтау, табиғатты аялау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ұжым үшін педагогтердің кәсіби ізденісі де маңызды бағыттардың бірі. Балабақша мамандары аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, өз тәжірибелерін ортаға салып келеді. Білім бөлімі ұйымдастырған «Мектепке дейінгі ұйымның жыл меңгерушісі» байқауында балабақша меңгерушісі Саулегүл Мұхашова жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал әдіскер Ақтоты Жақыпбекқызы «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» республикалық байқауының облыстық кезеңінде І орын алып, Дипломмен марапатталды.
Кәсіби байқаулардағы нәтижелердің қатарында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ ұйымдастырған «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» республикалық байқауын да атап өтуге болады. Аталған байқауда ұйымдастырушы-педагог Әйгерім Өтепберген Бас жүлдені иеленді.
Педагогтердің ізденісімен қатар, тәрбиеленушілердің шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Республикалық байқауларға қатысқан ұжым мүшелері мен тәрбиеленушілер «Алақай, жаз келді!» байқауында ІІІ орын, ал «Менің елім, менің бақытты балалық шағым», «Мен – зерттеушімін», «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» байқауларында ІІ орындарға ие болды.
Әдістемелік бағыттағы жұмыстар да жүйелі жемісін беруде. Педагогтердің кәсіби ізденісі «Психологтың әдістемелік қоржыны» облыстық байқауында бағаланып, ұжым жүлделі ІІ орынды иеленді.
Бұл нәтижелер балабақша ұжымының оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға және балалардың қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстарының нәтижесін көрсетеді. Алдағы уақытта да ұжым осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТАТЫН ҚҰРАЛ
Бағамдасақ, мұндағы мамандар өз жұмысына шын берілген. Олардың әрқайсысы жаңашылдыққа ұмтылып, кәсіби тұрғыдан үнемі ізденіс үстінде. Осындай талаппен еңбек етіп жүрген мамандардың қатарында ұйымдастырушы-педагог Әйгерім Өтепбергеннің еңбегіне тоқталмасақ айып болар.
Ол бала тәрбиесінде қалыптасқан тәсілдермен шектелмей, оқу-тәрбие жұмысын түрлендіруге мүмкіндік беретін жаңа әдістерді тәжірибесіне енгізіп келеді. Педагогтің шығармашылық ізденісінің бір жемісі – «Шебер құрылысшы» атты авторлық көпфункционалды дидактикалық ойыншығы. Балалардың қызығушылығын арттырып, ойлау қабілеті мен шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған бұл құрал бүгінде балабақшадағы оқу-тәрбие үдерісінде тиімді пайдаланылып жүр.
Әйгерім Тілеубайқызының айтуынша, «Шебер құрылысшы» 3-5 жастағы балалардың құрастырушылық қабілетін дамытуға арналған. Ойыншық әртүрлі көлем мен пішіндегі табиғи ағаш бөлшектерінен құрастырылған. Оның құрамында текше, тікбұрышты призма, цилиндр, үшбұрышты, доғалы және басқа да құрылымдық элементтер қамтылған.
«Бұл ойыншық баланың табиғи қызығушылығын оятып, құрастыру арқылы танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Ағаш бөлшектерін өз қалауынша немесе ұсынылған үлгі негізінде орналастыру кезінде бала пішін мен көлемді ажыратып, оларды салыстыруға, сәйкестендіруге және кеңістікте дұрыс бағдарлауға дағдыланады. Сонымен қатар әр бөлшекті өзара үйлестіре отырып, қарапайым логикалық шешімдер қабылдайды. Құрастыру барысында баланың саусақ қимылының дәлдігі, ұсақ моторикасы мен қол-көз үйлесімділігі жетіледі. Ал үй, мұнара, көпір, қамал секілді түрлі нысандарды өз қиялымен жасау оның шығармашылық ойлауын, эстетикалық талғамын және дербестігін қалыптастырады. Бала өзі құрастырған нысан туралы әңгімелеп, оның бөліктерін сипаттау арқылы ойын жүйелі жеткізуге, құрдастарымен пікір алмасуға және бірлесіп жұмыс істеуге үйренеді. Ойыншықпен жұмыс істеу баланың тек танымдық емес, әлеуметтік дағдыларының қалыптасуына да ықпал етеді. Өз әрекетін жоспарлау, бастаған ісін соңына дейін жеткізу, кезек күту, өзгенің пікірін тыңдау, келісімге келу және ортақ нәтижеге ұмтылу сияқты маңызды қасиеттер біртіндеп орнығады. Осы тұрғыдан алғанда, «Шебер құрылысшы» – баланың қиялын нақты әрекетпен ұштастырып, танымы мен шығармашылығын қатар дамытатын, дербестігі мен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін тиімді дидактикалық құрал», – дейді педагог.
Қош. Ұрпақ тәрбиесі – бүгінгі күннің емес, келешектің қамы. Баланың балғын шағында бойына сіңген әрбір жақсы қасиет оның ертеңгі болмысына әсер етпек. Сондықтан тәрбиешінің еңбегі – нәтижесі бір күнде көрінбейтін, бірақ маңызы жылдармен өлшенетін жауапты жұмыс.
«Балапан» бөбекжай-балабақшасының ұжымы осы міндетті абыроймен атқарып, бүлдіршіндердің балалық шағын мәнді де мазмұнды өткізуіне жағдай жасап келеді. Мекеме қабырғасынан мейірім мен ізгілікті көріп өскен әр бала – ұжым еңбегінің айғағы. Ендеше, бала күлкісі үзілмеген, тәрбиесі тағылымға ұласқан бұл білім ордасының берері де, алар асуы да алда. Бастысы, бала жүрегіне жол табатын ізгі дәстүр сабақтастығы үзілмесін.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














