Білімнің байыпты баспалдағы

Тәрбие мен білім – егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Баланың ой-өрісін дамытып, қабілет-қарымын байытуда жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибесінде қолданып отырған балабақшаның бірі – №11 «Балапан» балабақшасы. Мекеме 2012 жылы желтоқсанында «Балапан» бағдарламасы аясында ашылды. Балабақша ғимараты екі қабатты, типтік жобада салынған. Мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арналған 280 орындық 12 топ жұмыс істейді.
Қазіргі таңда балабақшаны 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап ротациялық заңдылықпен ауысып келген Сәуле Мұхашова басқарып отыр. Балабақшада 75 жұмыскер, соның ішінде 36 педагог қызметкер, 39 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Жоғары білімді – 36 педагог бар. Соның ішінде басшы менеджер -1, педагог-зерттеуші – 1, педагог-сарапшы – 9, педагог-модератор – 15, ІІ санатты – 2 педагог. Сонымен қатар ұйымдастырушы-педагог, дене шынықтыру және музыка жетекшісі, логопед, педагог-психолог мамандарымен қамтылған. №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасы «Жасыл Қазақстан – жасыл балабақшадан басталады» жобасы аясында жұмыс жасайды.

Мектепке дейінгі ұйымда балалардың көркем шығарманы тыңдау, түсіну және мазмұнын айтып беру, сондай-ақ балалардың сөйлеуін дамыту мен баланың ертегілер мен кітаптарға қызығушылығын қолдау үшін мектепке дейінгі ұйымның дәлізінде мобильді кітапхана орналасқан. Онда кітаптарды және педагогтердің алдын ала әзірлеген ертегілері, шығармалары, өлеңдер, тақпақтар және басқалардың
аудио жазбасын жылдам жауап беру кодымен (QR) карточкаларға орналастырып, балалардың жасына сәйкес реттілікпен қойылған.

Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбиеленушілердің жеке тұлғасын жан-жақты дамыту үшін физикалық, коммуникативтік дағдыларды, танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту, шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту, әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар іске асырылады.
Мектепке дейінгі мекеме балаларына үздіксіз тәрбие мен білім беру келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына тікелей әсер ететін балабақша мен тәрбиешілері. Балабақша педагогтерінің ізденімпаздық қабілеттілігі жас ұрпағымыздың болашақ жолындағы тәрбие саласында қосқан үлесі мол. Атап айтар болсақ, республикалық «Ғұмырдария» ән-би бүлдіршіндер байқауында І дәрежелі диплом, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы «Мамандығым – мақтанышым» республикалық байқауында ІІ, облыстық «Үздік дене шынықтыру нұсқаушысы» байқауында ІІ орын иеленді. Республикалық «Жас дарын Арт Қазақстан» байқауында І, «Балаларды ерте дамыту институты» РММ ұйымдастырған республикалық «Алақай, жаз келді!» байқауында
ІІІ орын, халықаралық «Үркер» зияткерлік орталығының Алғыс хат, облыстық «Мен зерттеушімін» республикалық байқауының облыстық кезеңінде ІІ, аудандық «Үздік тәрбиеші – 2023» байқауында І орынды қанжығаға байлады. Облыстық «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері – 2024» байқауында балабақша әдіскері І орынды жеңіп алды. «Балаларды ерте дамыту институты» РММ ұйымдастырған республикалық «Мен зерттеушімін» байқауы «Үздік бірлескен /ата-анамен/ жұмыс» номинациясын да иеленген.

– Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады. Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Осы ретте мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту біздің басты мақсатымыздың бірі екенін қуана айта аламын, – дейді балабақша меңгерушісі Сәуле Мырзабайқызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА