Бар жақсылық – балаларға
11 жыл бұрын 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен 100 процент қамту мәселесі үкіметке анық қойылған болатын. Осы мақсатта жүзеге асқан №11 “Балапан” бөбекжай-балабақшасы 2012 жылы желтоқсан айында бөбектерге есік ашты.
Қос қабатты, типтік жобада салынған орында мектепке дейінгі 280 бүлдіршін 12 топта тәлім алады. Балабақшада бөбектердің сапалы білім алуын жүзден аса маман қадағалайды. Олардың қатарында жоғары білімді, І және ІІ санатты, арнаулы орта педагог пен техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Балабақшада балқайларға ерекше қарым-қатынас жасалады. Тәрбиешілер әр баланың өзіндік қабілетін ашуға аянбай тер төгеді. Тамақтану мәселесіне де баса назар аударылған. Олар таңертеңнен кешке дейін бес рет үйлестірілген тағаммен қамтамасыз етіледі
Жан-жақты әрі ізденімпаз тәрбиешілердің арқасында әр жылдары сый-сияпатқа бөленіп, тәрбие беру мекемесі марапат мінберінен көрінген. Сөзімізге түрлі деңейдегі Алғыс хаттар, педагогикалық ұжым дайындаған әдістемелік құралдар, мақтау қағаздары дәлел.
Айгүл Ерішованың мәлімдеуінше, балабақшаның жеткен жетістіктері мол. Мәселен, «Қазіргі кездегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қолданылатын инновациялық технологиялар» тақырыбында облыстық Н.Құлжанова атындағы дәстүрлі ІІІ педагогикалық оқуларында шығармашылық көрме дайындағаны үшін марапатқа ие болды. Республикалық ән-би бүлдіршіндер байқауының «Би» номинациясы бойынша лауреат атанып, І дәрежелі дипломды иемденді. Наурыз мейрамын жоғары деңгейде өткізуде белсенділік танытып, атсалысқаны және «Ертегілер әлеміне саяхат» фестивалінде өнер көрсеткені үшін арнайы Дипломмен марапатталды.
Республикалық «Үркер» зияткерлік байқауында Алғыс хатты иемденді. Аудандық «Гүлдер жәрмеңкесіне» белсене қатысып, қоршаған ортаны сүю, көркейту, көгалдандыру жұмыстарына атсалысқаны үшін «Үздік жасанды гүлдер» бағамын жеңіп алса, «Көзайым» би байқауында «Көрермендер көзайымы» номинациясын балабақша қоржынына салды.
Аудандық семинарда «Ұрпақ – ұлттық ойынмен шыңдалады» ұлттық эстафеталық жарыста жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. «Жолдау жолымен білім биігіне» тақырыбында «Үгіт – насихат бригадалар» байқауында екінші орынды қанжығасына байлады.
Сонымен қатар аудандық Жастар ресурстық орталығы мен «Қазалы ынтымағы» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаты да балабақша сөресінде тізіліп тұр.
Тәрбиеші педагогтардың ізденімпаздық қабілеттілігі жас ұрпақтың болашақ жолындағы тәрбие саласында қосқан үлесі мол. Солардың қатарында тәрбиеші Фариза Амантайқызы еңбекқорлығымен ұжым арасында абыройы үстем. Сондай-ақ аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрген Айгерім Өтепберген де заман талабына сай балалардың дарынынын ашуда бар ерік-жігерін жұмсауда.
– Бізде балалар қауіпсіздігі толығымен сақталған және олар уақыттарын тиімді өткізеді. Мысалы, қазақ, орыс тілдерін үйретумен қатар, баланың жан-жақты жетілуіне барлық жағдай жасалған. Сурет, ән үйірмелері істейді. Білікті мамандар баланың қабілетін ашып қана қоймай, жан-жақты дамуына тікелей ықпал етеді. Уақыттың барлығы пайдалы іске, оларды дамытуға, ерте жастан әлеуметтену, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталады., – дейді балабақша басшысы Айгүл Ерішова.
Қазір “Балапан” бөбекжай-балабақшасы мектепке дейінгі жастағы балаларды мектепалды тәрбиелеу мен оқыту процесін жан-жақты жүргізуде. Талай бүлдіршіннің тілін жатықтырып, талантын ашып өнерге баулыды. Олар мектеп табалдырығын аттап, партаға жайғасқанда еш қиналмай пән оқулықтарын тез меңгеруі балабақша ұжымының ақ адал еңбегінің арқасы десек артық айтқанымыз емес.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА