Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі бастама

Берекелі бастама

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауылдық жерлерді дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған ауқымды бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Маңызды жоба еліміздің экономикалық тірегі саналатын ауылдардың тынысын ашып, әрбір шаңыраққа өз кәсібін ашуға және тұрақты табыс табуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ауылдық жерлерде өндірісті жандандыру, кооперацияны дамыту және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту тұрғысынан бағдарламаның маңызы мен тиімділігі өте жоғары.
Бағдарламаның басты тиімділігі – ауыл тұрғындарына ыңғайлы шарттармен несие беру жүйесінің қалыптасуында. Елді мекендердегі азаматтар жылдық өте төмен пайыздық мөлшерлемемен және жеңілдетілген кезеңмен несие ала алады. Қомақты қаражатты халық нақты өндіріске, яғни мал шаруашылығын, егіншілікті, құс өсіруді, жылыжай шаруашылығын немесе түрлі қолөнер мен қызмет көрсету салаларын дамытуға бағыттайды. Нәтижесінде өз бетінше жұмыс таба алмай жүрген азаматтар кәсіпкер атанып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын аша алады. Ауылдастарының да жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді.
– «Ауыл аманатының» пайдасы мен маңызы жекелеген отбасылардың материалдық жағдайын түзеумен шектелмейді. Ең бастысы, жоба ауылдағы кооперация мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Жеке шаруалардың басын біріктіріп, кооперативтер құру арқылы өнімді өндіру, оны сақтау, қайта өңдеу және нарыққа шығару жұмыстары жүйеленеді. Мұндай тәсіл шаруаларға шығындарын азайтып, табыстарын арттыруға, делдалдардың үлесін жоюға мүмкіндік береді, – дейді Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бекарыстан Әзілхан.
Сонымен қатар ауылда сапалы отандық өнім көбейіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосылады. Әлеуметтік маңызы тұрғысынан алғанда, бағдарлама жастардың қалаға жаппай көшу үдерісін тежеуге бағытталған маңызды қадам. Ауылда тұрақты табыс көзі пайда болғаннан кейін халықтың туған жерінде қалып, өмір сүруге деген ынтасы артады. Инфрақұрылымы дамыған, экономикалық әлеуеті жоғары ауылдарда демографиялық жағдай да жақсара түседі. Мемлекет пен халықтың өзара сеніміне негізделген игі бастама өңірлердегі теңсіздікті жойып, әрбір ауылдың әлеуетін толық пайдалануға жол ашады.
Бүгінде маңызды жоба арқылы 9,3 миллион теңгені 2,5 пайыз несиемен алған қазалылық Мейрамбек Кеулімжаев өз жылыжайын іске қосты. Кәсібін қияр өсірумен бастаған ол қазір қызанақ, болгар бұрышы мен баклажан өнімін ұсынуда. Алдағы уақытта кәсіпкер өнім көлемін көбейтіп, кәсібін әрі қарай жандандыруды жоспарлап отыр. Осы орайда мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып, ауылда өнімді бизнес түрлерін қолға алуға толық мүмкіндік бар екенін алға тартты. Атап айтқанда, бүлдірген мен таңқурай өсіру және оларды нарықта тиімді өткізу – аса табысты әрі қарқынды дамып келе жатқан ауыл шаруашылығы бағытының бірі.
– Дәмі тіл үйірер жидек дақылдарына деген сұраныс жыл сайын тұрақты түрде артып отыр. Өйткені халықтың сапалы, дәруменге бай әрі экологиялық таза өнім тұтынуға деген ұмтылысы күшейген. Тиісті технологияны сақтап, агротехникалық ережелерді қатаң ұстанған жағдайда шағын учаскенің өзінен жоғары кіріс табуға болады. Өз кезегінде ауыл кәсіпкерлігі мен отбасылық бизнес үшін үлкен мүмкіндік береді. Бүлдірген мен таңқурайды өсіру процесі топырақ пен климаттық жағдайды дұрыс таңдаудан басталады. Аталған дақылдар мол жарық пен жылуды және тұрақты, бірақ шамадан тыс ылғал емес суару жүйесін талап етеді, – дейді Мейрамбек Серікбайұлы.
Жидек дақылдарын өсіруге қызығушылық танытып жүрген кәсіпкердің кеңесінше, егу үшін ауруға төзімді, жоғары өнім беретін элиталық көшеттерді таңдау маңызды. Топырақты алдын ала минералды және органикалық тыңайтқыштармен байытып, арамшөптерден тазарту қажет. Бүлдірген үшін ашық жерлер мен тамшылатып суару жүйесі өте қолайлы болса, таңқурай қатарын дұрыс бағытта орналастырып, сабақтарын байлау мен бұтақтарды уақытылы қырқу мол өнім алудың кепілі болып табылады. Күтім жасауда зиянкестер мен аурулардың алдын алу шаралары да маңызды рөл атқарады. Себебі химиялық препараттарды азайтып, биоқорғаныс әдістерін қолдану өнімнің сапасын арттыра түседі.
Өсірілген өнімді жинау және сақтау кезеңі де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені жидектер тез бұзылатын өнім қатарына жатады. Бүлдірген мен таңқурайды толық піскен кезде көбінесе таңертеңгі немесе кешкі салқын уақытта қолмен абайлап теріп алу қажет. Оларды арнайы шағын жәшіктерге немесе пластик ыдыстарға салып, тасымалдау кезінде зақымдалмайтындай етіп орналастырған жөн. Жидектердің тауарлық түрін сақтау үшін оларды тез арада салқындату немесе сақталу мерзімін ұзартып, сапасын жоғалтпауға көмектесу үшін арнайы тоңазытылатын қоймаларға орналастыру керек.
Өткізу нарығын дұрыс жоспарлау бизнес табыстылығының басты факторы болып табылады. Бүлдірген мен таңқурай маусымы қысқа болғандықтан, өнімді нарыққа шығарудың әртүрлі жолын қарастырған дұрыс. Ең алдымен, жергілікті базарлар, көтерме сауда орталықтары және фермерлік дүкендер арқылы тікелей сату тиімді әдіс саналады.
Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар, кондитерлік цехтар және балмұздақ шығаратын кәсіпорындармен тұрақты келісімшарттар жасау арқылы өнімді тұрақты түрде өткізуге мүмкіндік туады. Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар арқылы тапсырыс қабылдап, тұтынушылардың есігіне дейін жеткізіп беру қызметі де үлкен сұранысқа ие болуда. Қосымша құн жасау үшін өнімді сабағынан үзіп алған күйінде, қайта өңделген түрде де ұсынуға болады. Мысалы, артық немесе тез бұзылатын жидектерден джем, тосап, шырын, мұздатылған өнімдер немесе кептірілген түрлерін дайындап сату жыл бойы табыс табуға жол ашады. Мұздату технологиясын қолдану маусымаралық кезеңде де бағасы жоғары уақытта сапалы өнімді тұтынушыларға ұсынуға мүмкіндік береді.
Қорытындылай айтқанда, «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік қолдау құралдары мен тың бағыттағы ауыл шаруашылығы жобалары өзара ұштасқанда, қаржылай көмектің арқасында ауыл халқының санасын өзгертетін, еңбекке деген көзқарасын жақсартады. Сондай-ақ өз күшіне деген сенімді оятатын қуатты күшке айналады. Оның тиімділігі мен пайдасы жыл сайын мыңдаған отбасының әл-ауқатының артуынан, жаңа өндіріс орындарының ашылуынан және ел экономикасының тұрақты дамуынан айқын көрініс табуда. Алдағы уақытта мұндай бастамалардың ауқымы кеңейе түсіп, ауылдық аймақтардың жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне зор ықпал ете беретіні сөзсіз.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
26 қыркүйек 2026 ж. 20 0

Берекелі бастама

26 қыркүйек 2026 ж. 21

Сөз бен саздың сардары

26 қыркүйек 2026 ж. 21

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930