Дәстүр мен заманауи шеберлік
Ел арасында дарынды да өнерлі жандар өте көп. Бүгінде өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық әлеуетін жан-жақты дамыту – ата-аналар мен ұстаздар қауымының алдында тұрған басты міндеттерінің бірі. Осы орайда балаларды қолөнерге баулып, эстетикалық талғамды қалыптастыратын, сабырлылық пен еңбекқорлыққа тәрбиелейтін «Шебер қолдар» үйірмесінің орны ерекше. Қиял мен қол еңбегі ұштасқан ортада балалар түрлі түсті қағаздардан аппликациялар жасайды. Сан алуан бейнені құрастыру арқылы ұсақ моторикасын жетілдіреді. Зейінін бір жерге шоғырландыруды үйренеді. Мұнда заманауи бағыттар мен қазақтың ұлттық қолөнер дәстүрлері үйлесім тапқан. Оқушылар моншақпен тоқып, жіппен кесте тігуді, жүннен бұйым жасау мен құрақ құраудың қыр-сырын меңгереді.Жанаргүл Ильясова – Қазалы аудандық оқушылар үйінің «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі. Дәстүрлі қолөнерді дамытуға және жастарға сапалы білім мен тәрбие беруге барлық күш-жігерін салып келе жатқан педагог. Оның шығармашылық еңбегі мен жетістіктері ерекше назарға алынып жүр.
Ізденімпаз маман оқушыларды ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлерімізді насихаттай отырып, шеберлікке баулып, сапалы білім мен саналы тәрбиені қамтамасыз ету бағытында белсенді қызмет атқарып келе жатқан жаңашыл педагог. Оның жетістіктері болашақта көптеген шәкірттің өміріне оң ықпал етіп, еліміздің білім беру жүйесінде жарқын із қалдыруға үлес қосатыны сөзсіз.
Үйірме жетекшісінің айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – балаларды өз ойынан шығарылған жасанды заттарды жасауға шақыру арқылы қолөнердің көкжиегін кеңейту және ұлттық тәлім-тәрбиені санаға сіңіру. Өнер мен білім беру ісін бір-бірімен тығыз байланыстыратын бұл үдеріс бала бойында мейірімділікпен қатар кәсіби дарынды, ізденпаздық пен терең дүниетанымды қалыптастырады.
Жалпы көлемі жылына 144 сағатты құрайтын бағдарлама 2-6 сынып оқушыларына арналған және аптасына екі рет өткізіледі. Жыл соңында күтілетін нәтиже ретінде қатысушылардың әртүрлі бұйымды өз бетінше әзірлеп шығатынын, құрдастарына қарағанда мол мағлұмат алып, шеберліктерінің едәуір шыңдалатынын атап өтуге болады. Өз қиялынан туған дүниені сомдаған кезде баланың іскерлік, жауапкершілік және шеберлік сынды қасиеттері қарқынды дамып, алға қойған мақсатына жету жолындағы табандылығы арта түседі.
Әрбір бала өз қолымен жасаған туындысы арқылы ішкі жан-дүниесі мен көңіл-күйін жеткізеді. Біреулер гүлді білезік өрнектесе, екіншілері нәзік алқа тоқиды. Ал үшіншілері кесте өнері арқылы ұлттық ою-өрнектің терең мағынасын ашады. Өскелең ұрпақ үшін жеке жетістікке жету мен өз-өзіне сенімді болу жолындағы маңызды қадам. Үйірменің тағы бір ұтымды тұсы – ұлттық мұраны ұлықтай отырып, қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңа заман талабына сай әдістермен үйретуінде.
Мәселен, құрақ құрау барысында балалар мата қалдықтарынан көз тартарлық бұйымдар жасап, әрбір оюдың мәні мен мағынасын терең түсініп, ұлттық болмысқа деген қызығушылығын оятады.
Қазалы аудандық оқушылар үйінде он жылдан астам уақыт бойы табысты еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз Жанаргүл Тілеубайқызы ұжымы арасында сыйлы, шәкірттеріне қадірлі маман. Оның ойынша, қолөнер үйірмесі шығармашылық пен қол еңбегі және дәстүрлі өнерді дамытуға арналған ерекше орын. Мұндай үйірмелер қолөнердің негіздерін үйретумен шектелмей, оқушылар арасында шеберлікті, жауапкершілікті, және шығармашылық потенциалды дамытуға мүмкіндік береді.
Шығармашылық еркіндік қалыптастыратын қолөнер үйірмелерінде қатысушылар өз шығармашылық ойларын жүзеге асыра алады. Оларға қолөнердің әртүрлі түрін: тоқыма, ағаш өңдеу, керамика, және сәндік-қолданбалы өнер салаларында тәжірибе жасауға мүмкіндік беріледі.
Дәстүрлі мәдениетті сақтауға баса мән беріледі. Ол халықтың мәдениеті мен дәстүрлерінің көрінісі болып табылады. Үйірмелер арқылы балалар ұлттық қолөнер түрлерін меңгеріп, оларды жаңғыртуға үлес қосады.
Топтық жұмыста үйірмеге қатысушылар арасында бірігу, ынтымақтасу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Командада жұмыс істей отырып, олар бір-бірімен араласып, тәжірибе бөліседі, жаңа идеялармен алмасады.
Қолөнер үйірмелері практикалық дағдыларды меңгеруге, жаңа техникаларды үйренуге және шығармашылық процесті жетілдіруге өте пайдалы. Сонымен қатар жүйелі түрде білім беріп, әдістемелік тәсілдер мен құралдарды ұсынады. Аталған білімдер болашақта оларды кәсіптік қолөнерші болуға дайындайды.
Стресске қарсы әсері де мол. Шығармашылық процесс адам психологиясына жағымды әсер етеді. Қолөнермен айналысу стрессті жеңуге, эмоциялық жағдайды жақсартуға көмектеседі.
Жұмыспен қамту мүмкіндігі де жетерлік. Қолөнер шебері болу немесе жеке кәсіп ашу арқылы жастар өз кірістерін арттыруға мүмкіндік алады.
Қолөнер табиғи материалдарды пайдалану арқылы экологиялық сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Жасөскіндерді экологиялық мәселелер туралы ойлануға және тұрақты даму принциптеріне үйретеді.
Қолөнер үйірмелері – білім, дағдылар, және шығармашылықтың ошағы. Олар жастарды қол еңбегіне және мәдениет пен дәстүрлердің маңыздылығына, бір-бірімен ынтымақтасуға, жеке тұлға болып қалыптасуына бағыттайды. Сондықтан қолөнер үйірмелері қоғам үшін де, жеке адамдар үшін де маңызды әрі тиімді бастама болып табылады.
«Қолөнер – бала дамуына әсер ететін күшті құрал» деген пайымды ұстанған ұстаз әр балаға жеке көзқарас танытып, сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады. Оның осы еңбегі ешқашан зая кеткен жоқ. Шәкірттері түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда жүлделі орындарды қанжығасына байлап, маңызды марапаттарға ие болып жүр.
Атап айтқанда, Аяулым Серікбайқызы, Нұр Қолдас, Әлия Жәмит, Айзере Құлахмет сынды оқушылар мен қатардағы ерекше білім беруге қажеттілігі бар инклюзивті балалар – Нұртілек Нұрғалиұлы мен Айзере Қартқожаның жетістіктері көпшіліктің мақтанышына айналды.
Психологтар мен педагогтердің пікірінше, қолөнермен шұғылдану баланың эмоциялық жағдайын тұрақтандырып, өзіне деген сенімділігін едәуір арттырады. Сонымен қатар пайдалы үдеріс шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дәлдікке және эстетикалық талғамға тәрбиелейді.
«Шебер қолдар» үйірмесінде тәрбиеленетін әрбір жас өрен кішкентай нәрседен үлкен мән мен мағына шығаруға дағдыланады. «Үйірме нәтижесі – көрме мен қуаныш» деген ұстанымды берік ұстанған жетекші әр тоқсан сайын ұйымдастырылатын қолөнер көрмелері мен байқаулардың балаларға ерекше мотивация беретініне сенімді. Өз қолымен жасаған бұйымның көрме төрінде тұруы олар үшін үлкен жетістік. Сонымен бірге еңбегі мен шығармашылығын көпшілікке паш ететін ерекше сәт саналады.
Қорыта айтқанда, ізгілікке баулитын үйірме жас ұрпаққа өмір бойы серік болатын құнды дағдыларды сіңіріп, сұлулықты өз қолдарымен жарата алатынына көз жеткізетін нағыз шығармашылық пен ұлттық болмыс мектебі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













