Өнегелі өмір иелерімен сырласу
Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты – қазақ әйелінің отбасындағы, қоғамдағы және ұрпақ тәрбиесіндегі орнын айшықтау, елді мекенде әр салада жемісті еңбек етіп жүрген ардақты аналардың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету. Сондай-ақ әйелдер арасында тәжірибе алмасып, өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға мән берілді.Кештің ашылуында Қазалы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Шорақызы сөз сөйлеп, отбасы берекесін ұйытып, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген аналардың қоғамдағы айрықша орнына тоқталды.
Сыр-сұхбатқа Кәукей ауылынан шыққан, түрлі салада абыройлы еңбек еткен Қалмыш Кәрібаева, Күлпаш Сұлтамұратова, Мәдина Жұмабаева, Рая Иманбаева, Дәмежан Рахметова, Күлзираш Ибадуллаева, Айзада Зеева және Света Оспанова қатысты.
Кеш барысында әйелдің отбасындағы жауапкершілігі, қызмет пен шаңырақтың қамын қатар алып жүру, бала тәрбиесі, қыз балаға тәлім беру, кәсіп бастау, еңбекқорлық пен табандылық, келін мен ене арасындағы сыйластық секілді өзекті мәселелер қозғалды.
Қонақтар өз өмірлерінен сыр шертіп, еңбек жолында кездескен қиындықтар мен оны еңсерудегі тәжірибелері жайында әңгімеледі. Ұстаздық қызметімен талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан, кәсіпкерлікпен айналысып, отбасын адал еңбекке баулыған, мәдениет пен өнер саласында қызмет еткен, сондай-ақ медицина саласында адам денсаулығын қорғауға үлес қосқан жандардың тағылымды әңгімелері кеш мазмұнын байыта түсті.
Әсіресе жас қыз-келіншектерге отбасы құндылығын сақтай отырып, білім мен еңбекке ұмтылу, кәсіп бастауға талпыну, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді дәріптеу жөнінде құнды кеңестер айтылды. Өмірден көргені мен түйгенін ортаға салған аға буын өкілдерінің әңгімелері жас ұрпаққа бағыт-бағдар берерлік өнегелі ойларға ұласты.
Кештің сәнін ауылдың жас келіншектері орындаған әсем әндер келтірсе, арнайы ұйымдастырылған көрмеде ауыл әйелдерінің қолөнері мен шығармашылық еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Мәдениет саласында еңбек еткен өнерпаздың ән орындауы кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шара соңында көпшілік ән мен биге бөленді.
Кездесудің қорытындысында әйелдер қауымына зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне береке мен табыс тілеген ақжолтай лебіздер айтылды. Ұйымдастырушы, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Сексенбаева сөз сөйлеп, басқосудың маңызын атап өтті.
Кеш соңында қонақтарға сый-сияпат көрсетіліп, ақ жаулықты аналар ақ батасын берді. Өнегелі өмір мен ұлағатты сөз тоғысқан тағылымды кеш қатысушыларға рухани әсер сыйлап, әйелдің отбасы мен қоғамдағы орнына деген құрметті арттыра түсті.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














