Ұлт ұйытқысы – ұлағатты әйел
Жуырда «Руханият» орталығында «Қазақ әйелі – ұлттың тірегі» атты жоба аясында Бірлік ауылдық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Әйел – шаңырақтың шуағы, ұрпақтың ұясы» атты тәрбиелік мәні зор сыр-сұхбат кеші өтті.Айтулы шараның басты мақсаты – қазақ әйелінің қоғамдағы, отбасындағы, ұрпақ тәрбиесіндегі орнын дәріптеу, әр салада еңбек етіп жүрген ардақты аналардың өмір жолы мен өнегесін жастарға үлгі ету.
Сыр-сұхбат кешінің ашылуында Қазалы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова сөз сөйлеп, ұлтты ұйыстырып отырған аналардың, әр шаңыраққа береке мен бірлік дарытып, болашақ ұрпақтың жүрегіне ізгіліктің дәнін себетін аяулы жандардың ел өміріндегі айрықша рөліне тоқталды. Сондай-ақ бүкіл қазақ халқы үшін маңызды саяси үдерістердің бірі – кешегі өткен Құрылтайды да тілге тиек етіп, онда атқарылған ауқымды шаралардағы әйелдердің үлесіне ерекше тоқталды.
Өмірден көргені көп, бүгінгі ұрпаққа айтар өнегесі мол сыр-сұхбаттың қадірлі қонақтары – елге адал еңбегі сіңген, маңдай терімен өз жолын қалыптастырған еңбек ардагері Сембай Аққияш, мәдениет саласына сан жылын арнап, өнердің отын өшірмей, елдің рухани өміріне үлес қосқан Таня Оспанова, адам өміріне араша түсіп, денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келе жатқан білікті медицина қызметкері, көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Зәуреш Ләпен және білім саласының үздігі, №102 орта мектептің ұстазы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасының иегері, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпазы, көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Тамаша Мұратбай болды.
Кеш қонақтары өздерінің мазмұны мәнді, берері мол өнегелі өмір жолдарымен бөлісіп қана қоймай, еңбекпен өрілген ғұмырындағы есте қалған оқиғалар мен қызықты сәттерді, қызмет саласындағы ерекше жағдаяттарды да әңгімеге арқау етті. Сонымен қатар отбасындағы, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, қазіргі қазақ қоғамындағы әйел мен ананың орны, қыз баланың бойында болуы тиіс асыл қасиеттер жайында тағылымды ойларын ортаға салды.
Кеш барысында мәдениет саласының майталманы Таня Оспанованың орындауындағы «Ару ғұмыр» әні жиналған көпшіліктің көңіл-күйін бір серпілтті. Ал Зәуреш Ләпеннің он саусағынан өнер тамған қызы Назеркенің қолөнер бұйымдары көрменің сәнін келтірді. Қазақы нақышта көркемделіп жасалған бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, сұранысқа ие болды. Ұстаздықтың ұлы жолымен келе жатқан Тамаша Мұратбайдың кішкентай қызы, қазақтың қара домбырасын серік еткен Орынбасар Аруананың орындауындағы терме де кеш қонақтары мен жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.
Сондай-ақ сыр-сұхбаттың арнайы қонақтары – Оспанова Таняның басшылығымен Бірлік ауылдық клубы жанынан құрылған «От Ана» әжелер ансамблі мен сүйемелдеуші Бектұрған Ізтілеуовтің сахна төрінде орындаған халық әндері көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Кеш қонақтары Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Аманның арнайы Алғыс хатымен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды. Қорытынды сөз алған Бірлік ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Тілеубаева сырлы сұхбаттың өз деңгейінде өтуіне атсалысқан барлық қонақтар мен қатысушыларға жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, ризашылығын жеткізді. Кеш қонақтарына арнайы дайындаған сыйлықтарын табыстап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Дәл осындай тағылымы мол, құндылығы ғасырдан ғасырға өлшеусіз жететін сырлы сұхбаттың жас отбасыларға, болашақ аналарға, жалпы қазақ әйеліне берері мол. Өйткені отбасының ұйытқысы, ұрпақтың тәрбиешісі болған әйел-ананың өнегелі өмірі – кейінгі буынға үлгі, елдің рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алтын арқау.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














