Астероид Жерге жақындады: ол Үнді мұхитының үстінен байқалған
Астероид Батыс Австралия мен Бали аралының арасындағы Үнді мұхитының үстімен ұшып өтіп, Жер атмосферасына кірген кезде бөлшектенген. Яғни, ол Жердің бетіне жетпей жанып кеткен, деп хабарлайды Zakon.kz.
The West Australian басылымының жазуынша, бұл шағын ғарыш нысанының Жермен соқтығысар алдында байқалған он үшінші жағдай.
Ғарыш нысаны CERNQ52 деп аталады. Оның көлемі шамамен кір жуғыш машинадай болған. Болжам бойынша, астероид 2026 жылғы 7 қыркүйекте атмосфераға кірген кезде бөлшектеніп, кейін толықтай жанып кеткен.
Ал NASA мәліметінше, нысан туралы алғаш рет Кіші ғаламшарлар орталығы Catalina Sky Survey жобасы аясында хабарланған. Ал оған дейін оны Pan-STARRS телескопы байқаған.
Жерге жақын нысандарды зерттеу орталығы астероидтың ұшу бағыты мен құлаған жерін есептеген.
"Мұндай жағдайлар қауіп төндірмегенімен, ірі ғарыш нысандарын анықтау және олардың Жермен соқтығысу қаупін алдын ала болжау мүмкіндіктерімізді тексеру үшін өте маңызды", – деп хабарлады NASA.
NASA-да астероид Жерге соғу қаупі туындаған жағдайда қолданылатын арнайы жоспар бар. 2022 жылы ғалымдар қос астероидтың қозғалыс бағытын өзгерту бойынша сынақ өткізді. Ол кезде ғарыш нысанының траекториясы арнайы аппараттың кинетикалық соққысы арқылы өзгертілді.
Ал Ресей географиялық қоғамының Краснодар бөлімшесіндегі Астрономия және ғарыш орталығының жетекшісі Александр Иванов РБК басылымына берген сұхбатында есептеулер бойынша астероидтың қалдықтары Балидің оңтүстігіне шамамен 600 шақырым жерге түсуі керек болғанын айтты.
"Әдетте көлемі бірнеше метр болатын ғарыш тастары аса үлкен қауіп төндірмейді. Олар атмосферада бөлшектеніп, Жерге метеорит заттарының аз ғана бөлігі жетеді. Жалпы, көлемі 5-10 метр болатын нысандар қауіп төндіруі мүмкін", – деді Александр Иванов.
Қытайлық зерттеушілер де бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Олар Жерге қауіп төндіретін ірі астероидтарды жою немесе олардың бағытын өзгерту тәсілін ұсынды. Олардың нұсқасы бойынша, қауіпті аспан денелерін ядролық жарылыс арқылы жоюға болады.














