Ауылға ауызсу жетті
Аудан орталығынан шалғайда жатқан Шәкен ауылы талай жылдан бері ауызсудың тапшылығын тартып келген еді. Тұрғындардың ең өзекті мәселелерінің бірі болған тіршілік нәрі жуырда ауылға жетіп, көптен күткен қуаныш есікті қақты. Ауылға таза ауызсу жүйесінің қосылуы – тек тұрмысқа жайлылық әкелетін оқиға ғана емес, елді мекеннің болашағына тың серпін беретін айрықша сәт болды. Осыған орай салтанатты түрде ашылу рәсімі өтіп, шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары және ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты.Салтанатты сәт барысында облыстық мәслихат төрағасы Мемлекет басшысының ауылдарды 100 пайыз ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасының өңірде орындалу барысына тоқталды.
«Президентіміз халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет деп белгілегені белгілі. Осы бағытта қабылданған нақты шаралардың арқасында бүгінде қала халқының және ауыл тұрғындарының көпшілігіне таза ауызсу жеткізілді. Сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңғырту – Мемлекет басшысының тапсырмасы, Үкімет жұмысының басым бағытының бірі. Қалалар мен ауылдардың барлығына түгелдей ауызсу жеткізу жөніндегі тапсырма Сыр өңірінде сапалы орындалуда. Ауылымыздың дамуы мен келешегінің жарқын болуы тұрғындардың бірлігі мен татулығына тікелей байланысты. Ауызсудың тартылуы әрбір отбасының тұрмысына, өмір сапасына оң әсер ететіні сөзсіз. Өңіріміздің жарқын болашағы үшін еңбек етіп жүрген барлық жерлестерімізге шексіз алғысымды білдіріп, әр шаңыраққа амандық, молшылық пен береке тілеймін», – деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Рәсім барысында аға буын өкілдері мен ауызсу жеткізген мердігер мекеменің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Шәкен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзілхан Үмбетов те сөз алып, ауыл халқының атынан ақжарма тілегін жеткізді.
2022 жылдан бері өңірде жүзеге асқан жалпы құны 14 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашты, тұрғындардың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс халқының орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қолжетімділігі 98,6 пайызға жеткен. Биыл бұл көрсеткіш толықтай 100 пайызға жеткізілуі жоспарланып отыр.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














