Республикалық бюджетке 730 млрд теңге көлемінде салық кем түскен
Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады.

Мемлекеттік аудиторлар салықтық түсімдер жоспары толық орындалмағанын, бюджетке 730 млрд теңге сома кем түскенін анықтаған.
«Түспеген сома 730 млрд теңге немесе 4,8%. Негізгі себептердің бірі – салық бойынша болжам 1,3 трлн теңгеге артық жоспарланған», – делінген Палата хабарламасында.
Бұған қоса соңғы төрт жылда қосымша есептелген салық сомалары бойынша дауланған істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілген. Аудиторлардың анықтауынша, бұған салық заңнамасының талаптарын бұзу және салықтық тексеру актілерін жасау кезінде жіберілген рәсімдік қателіктер себеп болған.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулер жүргізу сапасын бақылауды күшейтуді ұсынып отыр.
Сондай-ақ тек электр көліктеріне ғана арналған жеңілдіктерді гибридті автокөліктерді әкелу кезінде де қолдану фактілері анықталған. Соның салдарынан осы фактілер бойынша ғана бюджетке 70 млн теңге көлемінде қаражат толық түспеген.
«Сонымен қатар аудиторлар сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы тауарларды импорттау кезінде есепке жатқызу әдісімен төленетін қосылған құн салығын (ҚҚС) заңсыз төлегенін анықтады. Соның нәтижесінде импортқа салынатын ҚҚС бойынша бюджетке 670 млн теңгеден астам қаражат түспеген», – деп хабарлады аудиторлар.
Тексеру барысында уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне де тиісті деңгейде бақылау жасалмағаны анықталған. Соның салдарынан кейбір уәкілетті экономикалық операторлар қызметін тоқтатпастан, өздеріне берілген жеңілдіктерді пайдаланып келген.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңге қаржылық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ 33 рәсімдік бұзушылық пен 11 жүйелі кемшілік тіркелген.













