Үндістан шетелдік туристерге елге кіру ережелерін тағы қатаңдатты
2026 жылғы 25 маусымнан бастап Үндістан шетелдік туристерге елге кіру ережелерін өзгертті. Енді саяхатшыларға сапар алдында Air Suvidha 2.0 денсаулық жағдайы туралы онлайн-декларациясын алдын ала толтырып, QR-код алу ұсынылады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Не өзгерді?
VisaNews мәліметінше, нысанды Air Suvidha ресми порталында ұшып келуге дейін 24 сағаттан ерте емес уақытта толтыруға болады. Нысанды жібергеннен кейін жолаушы тіркеу растамасын алады, оны электронды немесе басып шығарылған түрде сақтап қою ұсынылады. Билік талабы бойынша, бұл құжат санитарлық бақылаудан немесе иммиграциялық рәсімнен өту кезінде қажет болуы мүмкін.
Air Suvidha жүйесі бұған дейін COVID-19 пандемиясы кезінде қолданылған болатын, алайда енді ол жаңартылған форматта қайта енгізілді. Жаңа нұсқа толығымен цифрландырылған және келген бойда қағаз сауалнаманы толтырудан бас тартуға мүмкіндік береді.
Қандай мәліметтерді көрсету керек?
Декларацияда саяхатшылар мынадай ақпаратты хабарлауы тиіс:
жеке мәліметтер;
рейс туралы мәліметтер;
Үндістанға кіретін алғашқы әуежай;
транзит елдері;
кейінгі 21 күндегі сапарлар тарихы;
аурудың ықтимал белгілері немесе инфекция көздерімен байланыс туралы ақпарат.
Сауалнаманы толтыру үшін паспорт, рейс деректері, Үндістанда болатын мекенжай, электронды пошта мекенжайы және телефон нөмірі қажет болады. Кейбір жағдайда жүйе бір реттік растау кодын (OTP) сұрайды.
Нысан жіберілгеннен кейін пайдаланушыға тіркеу нөмірі беріледі, сондай-ақ толтырылған декларацияны жүктеп алу мүмкіндігі ашылады.
Неге Үндістан Air Suvidha жүйесін қайта енгізді?
Үндістанның Азаматтық авиация министрлігі бұл жүйені Денсаулық сақтау және отбасылық әл-ауқат министрлігі жанындағы Денсаулық сақтау қызметтері бас басқармасымен (DGHS) бірлесіп әзірлегенін хабарлады. Оның мақсаты - өткізу бекеттеріндегі санитарлық бақылауды күшейту, сонымен қатар келу рәсімін жылдам әрі ыңғайлырақ ету.
Air Suvidha жүйесінің қайта іске қосылуы Орталық Африкадағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Үндістан билігі мәліметінше, бұл шешім Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола безгегінің (Bundibugyo штамы) өршуіне байланысты қабылданған.
"Air Suvidha 2.0 порталы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада тіркелген Эбола/Bundibugyo індетіне байланысты енгізілді", - делінген Үндістан билігінің хабарламасында.
Декларациядағы мәліметтер әуежайлардың санитарлық қызметтеріне, иммиграциялық органдарға және эпидемиологиялық қадағалау қызметтеріне нақты уақыт режимінде берілуі мүмкін екендігі атап өтілді. Бұл қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін жолаушыларды тезірек анықтауға және қажет болған жағдайда оларды медициналық тексеруге жіберуге мүмкіндік береді.
Туристер нені ескеруі керек?
Саяхатшыларға Air Suvidha 2.0 декларациясын рейске отырғызудан бұрын, мысалы, онлайн-тіркеу кезінде рәсімдеу ұсынылады. Бұл ұшып барғаннан кейін бақылаудан жылдамырақ өтуге көмектеседі.
Бұл ретте декларация басқа кіру құжаттарын алмастырмайды. Ол нақты бір елдің азаматтары үшін талап етілетін визаны немесе электронды визаны алу қажеттілігін жоймайды.
Сондай-ақ Air Suvidha 2.0 жүйесін электронды келу картасымен (e-Arrival Card) шатастырмау керек. Бұл әртүрлі құжат: e-Arrival Card иммиграциялық рәсімдерге қатысты және оны елге кірерден 72 сағат бұрын толтыруға болады, ал Air Suvidha тек санитарлық бақылауға арналған және ұшып келуге 24 сағаттан ерте емес уақытта рәсімделеді.
Бұдан бөлек, ауруы расталған немесе Эбола вирусын жұқтырды деген күдігі бар жолаушылар паспорттық бақылаудан өтпес бұрын әуежайдың санитарлық қызмет мамандарына хабарласуы қажет. Егер Үндістанға келгеннен кейін 21 күн ішінде ауру белгілері пайда болса, билік дереу медициналық көмекке жүгінуді және дәрігерлерге таяуда болған сапары туралы хабарлауды ұсынады.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтарға Шенген визасын алу жеңілдетіледі: СІМ мән-жайын айтты









