Смартфондар бұдан да қымбаттауы мүмкін: тағы бір бөлшектің бағасы өсті
Жад-чиптерінің тапшылығынан кейін қытайлық смартфон өндірушілер жаңа мәселеге тап болды - дисплейлердің құны күрт өсті. Сарапшылар пікірінше, бұл жаңа телефондар бағасының кезекті рет қымбаттауына әкелуі мүмкін, - деп хабарлайды Tengri Life Huawei Central мәліметіне сілтеме жасап.
TheElec мәліметінше, бұған экран өндірісінде қолданылатын химиялық компоненттердің қымбаттауы себеп болған. Sigmaintell компаниясының сарапшылары биылғы екінші тоқсанда ғана дисплейлерге арналған арнайы желімнің бағасы 15 пайызға өскенін есептеді.
Сонымен қатар, негізгі полимерлер, соның ішінде ПЭТ пен ПВА да қымбаттады. Олардан қазіргі заманғы экрандардың маңызды элементтерінің бірі - поляризациялық пленкалар жасалады.
Анықтама: Поляризациялық пленкалар - бұл қазіргі экрандардың жұмысын қамтамасыз ететін арнайы оптикалық сүзгілер. Олар жарық ағынын басқарып, артық шағылысуларды блоктайды және тек қажетті жарық толқындарын өткізеді. Осы технологияның арқасында біз смартфон дисплейлерінен анық әрі қанық кескін көреміз.
Sigmaintell бағалауынша, шикізат құнының 70–80 пайызға өсуіне байланысты мұндай пленкаларды шығарудың өзіндік құны айтарлықтай артты. Соның салдарынан қытайлық дисплей өндірушілері смартфон брендтерінен дайын панельдер үшін шамамен 10 пайызға артық төлеуді талап етіп отыр.
Бұл сатып алушылар үшін нені білдіреді?
Өндіріс шығындарының артуы жаңа смартфондардың бағасына да әсер етуі әбден мүмкін. Сатып алушылар үшін, соның ішінде Қазақстанда бағаның қаншалықты өзгеретіні әзірге белгісіз.
Электроника неге қымбаттап жатыр
Бұған дейін Apple компаниясы MacBook, iPad және басқа да құрылғыларының кейбір модельдерінің бағасын көтерген болатын. Компания мұны жад чиптері мен жинақтауыштар құнының өсуімен түсіндірді. Моделіне байланысты техника 100–300 долларға қымбаттады.
Себептердің бірі - жад жеткізілімдерінің қайта бөлінуі. Өндірушілер жасанды интеллект индустриясына, атап айтқанда Nvidia дата-орталықтарына арналған ірі тапсырыстарға көбірек басымдық беріп жатыр. Соның салдарынан смартфондар мен ноутбуктер шығаратын компанияларға компоненттерді бұрынғы бағамен сатып алу қиындап барады.













