Қазақстанда доллар бағамы күрт төмендеді
Фото: depositphotos.com/Alexey_ArzҚазақстанда доллар бағамы 2 шілдедегі сауда қорытындысы бойынша күрт төмендеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан қор биржасында (KASE) сағат 17:00-дегі жағдай бойынша АҚШ долларының орташа сараланған бағамы 474,42 теңгені құрады. Бұл алдыңғы күнгі 479,23 теңгелік көрсеткіштен төмен.
Осылайша, бір тәулік ішінде теңге бірден 4,81 теңгеге нығайды.
Сауда-саттық барысында доллар бағамы 471,77 теңгеге дейін төмендеген. Күн ішіндегі ең жоғары көрсеткіш 479,10 теңгені құрады, ал сауда сессиясы 473,80 теңге деңгейінде жабылды. Доллар бойынша жалпы сауда көлемі 566,6 миллион долларды құрады, ал мәмілелер саны 1 487-ге жеткен.
Күндік сессияның қорытындысы бойынша сағат 15:30-дегі орташа өлшенген курс 474,47 теңге деңгейінде қалыптасты. Дәл осы көрсеткіш Ұлттық банктің 3 шілдеге арналған ресми бағамы болады. Ал 2 шілдеге белгіленген қазіргі ресми бағам 1 доллар үшін 479,26 теңгені құрайды.
Ақша айырбастау пункттерінде сату бағамы биржалық курстан жоғары деңгейде сақталуда. Kurs.kz деректеріне сәйкес, Астанада доллар ең жоғары 480 теңгеден сатылса, Алматыда оның бағасы 478 теңгеге дейін жеткен.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы келісімнен кейін әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт төмендеп кеткені туралы жазған едік.













