«IQANAT» алғырларды анықтады
IQANAT – Қазақстандағы ауыл мектептері оқушыларына арналған ірі білім беру жобасы және республикалық олимпиада. Ауыл балаларына сапалы білім алуға, қабілеттерін дамытуға және үздік оқу орындарына түсуге мүмкіндік тудыратын жоба аясындаоқушыларарасында республикалық олимпиада өткізілу 8 жылдан бері дәстүрге айналып келеді.
Аталмыш республикалық олимпиадада Қызылорда облысының оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Қатарында қазалылық шәкірттер де бар.
18–24 маусым аралығында Алматы қаласында ауыл мектептері оқушыларына арналған ең беделді білім бәйгелерінің бірі – IQANAT республикалық олимпиадасының финалдық кезеңі өтті. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды оқушылар қатысып, өз білімдері мен қабілеттерін сынға салды.
Қызылорда облысынан финалдық кезеңге 79 оқушы жолдама алды, олардың 9-ы IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алу грантын жеңіп алды. Сонымен қатар тағы 9 оқушы жартылай грант иегері атанып, үш жылдық постолимпиадалық қолдау бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Қазалы ауданы, №266 мектеп-лицей оқушысы Афрасиаб Берібай, Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гиназиясының оқушысы Дана Ерболат, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар табылып, грант иегерлері атанды.
Ы.Алтынсари атындағы №204 орта мектеп оқушысы Нұрасыл Мыңбосын, Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп оқушысы Нұраділ Нұртай жартылай грант мегері атнды. Бұл жетістік – оқушылардың табанды еңбегі мен ұстаздарының кәсіби қолдауының нәтижесі. IQANAT олимпиадасындағы жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында білім сапасының артып келе жатқанын және ауыл балаларының үлкен мүмкіндіктерге ие екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ауыл мектептері оқушыларының білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған республикалық білім беру қорының жобасы аясында олимпиада жеңімпаздары мен үздік қатысушыларына гранттар, білім беру бағдарламалары және ұзақ мерзімді академиялық қолдау ұсынылады.
Олар бірнеше жыл бойы тегін білім беру бағдарламаларына, ағылшын тілі курстарына, кәсіптік бағдарлау және көшбасшылық тренингтеріне қатыса алады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге және шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық қолдауы көрсетіледі.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ















