Аудан әкімі Ақтан және Жанқожа батыр ауылдарының халқымен кездесті
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қос батыр атындағы Ақтан және Жанқожа батыр ауылдарының тұрғындарымен кездесті.Кездесу барысында аудан басшысы алдымен елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға тоқталып, өңірімізде облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың басшылығымен бүгінгі таңда қолға алынып жатқан жобалар туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ аудан көлемінде халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен әр саладағы жетістіктерді атап өтті.
Аудан әкімі бүгінде бюджет қаражаты есебінен көптеген маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, ең ауқымды жобалардың бірі - Қарлан көпірінің, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү. Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын, өткен жылы аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылғанын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ биыл Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, жуық арада ел игілігіне берілетінін жеткізді. Облыс көлемінде биыл 10 ауылға газ желісі жүргізіліп жатса, соның 4-еуі біздің ауданға тиесілі екенін атап өтті.
Кездесуде Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, сондай-ақ Жаңа Конституцияға арналған республикалық референдумда аудан халқы көрсеткен ауызбіршілік жайында сөз қозғады. Аудан әкімі алдағы реформалардың ел дамуына серпін беретінін айтып, тұрғындарды тазалықты сақтауға және қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырды.
Кездесу соңында тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Атап айтқанда, Семей сынақ полигонында әскери борышын өтеген азаматтарды қолдау, әлеуметтік көмек көрсету, спорт кешендері мен балабақша салу мәселелері көтерілді.
Аудан басшысы кәсіпкерлер жеке балабақша ашуға ниет білдірсе, қажетті жер телімдері заң талаптарына сәйкес берілетінін және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны жеткізілді.
Бұдан бөлек, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру, Жанқожа батыр ауылындағы электр желілерін жаңғырту, ауылындардағы бірқатар көшелерді жөндеу мәселелері де сөз болды. Жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру бойынша «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысына ауылдық округ әкімдерімен және ауыл шаруашлығы бөлімімен бірлесе отырып, тұрғындар көтерген мәселе бойынша жұмыс жасауды тапсырды. Ал, электр желілерін жаңғырту бойынша Жанқожа батыр ауылында ауылішілік электр желілерін жаңғырту бойынша жұмыстар алдағы уақытта жоспарланып отырғанын жеткізді.
Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған басқа да ұсыныс-пікірлерді назарға алып, заңға сәйкес жауап берді.














