Аудан әкімі бірқатар маңызды мәселелерге қатысты мәжіліс өткізді
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сынды бірқатар маңызды мәселелерге қатысты мәжіліс өткізді.Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысып, мәжілістен кейін жауапты сала басшыларына күн тәртібіндегі мәселеге орай жиналыс өткізді. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, БАҚ және әлеуметтік желілермен жұмысты жетілдіру, көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалуы, санитарлық тазалық пен көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барысы қаралды.
Аудан басшысы мәжілісті бастамас бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған Дармағамбет Ғани Хайруллаұлын жаңа қызметке ауысуына байланысты ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ауданның ең жоғары наградасы – «Құрмет» грамотасымен марапаттады.
Жиында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау, оқу жылының аяқталуына байланысты мектеп бітіру іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне кеңінен тоқталып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәжілісте әлеуметтік желілердегі тұрғындар көтерген мәселелерге уақытылы жауап беру, ресми парақшалардағы ақпараттық жұмыстарды жандандыру, оң бағыттағы контентті көбейту, мемлекеттік бағдарламалар мен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттау қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі сыни жарияланымдарға жауапты салалар 30 минут ішінде жауап беру жөніндегі алгоритмнің қатаң сақталуын тапсырды.Дербес бөлім басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыруды, республикалық және облыстық БАҚ-пен жұмысты күшейтуді, көрнекі ақпарат құралдарын жаңартуды және баспасөзге жазылу жұмыстарын уақытылы аяқтауды ескертті.
Жиында аудан әкімі көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқанының орындалу барысына да тоқталып, жоспардың төмен деңгейде орындалуына байланысты және «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы санитарлық тазалық жұмыстарының барысы, елді мекендердегі бей-берекет қоқыс орындарын жою, түнгі жарық шамдарын ретке келтіру және тазалық жұмыстарын күшейтуге байланысты кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Мәжіліс қорытындысымен жиында берілген әрбір тапсырманың өз деңгейінде орындалуын салалық орынбасарларына қатаң бақылауды жүктеді.














