Қазақстанда жұмыс берушілерге жаңа міндет енгізіледі
2026 жылғы 14 мамырда Сенат еңбек заңнамасын жетілдіруге қатысты заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сенатор Руслан Рүстемовтың айтуынша, өзгерістер еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы одан әрі дамытуға бағытталған.
Заңның негізгі мақсаты – жұмыскерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыру және еңбек қатынастарының негізгі рәсімдерін нақтылау.
Осыған байланысты Еңбек кодексіне, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Атап айтқанда, Еңбек кодексіне еңбек саласында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған жаңа қағидаттар енгізіледі. Сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық немесе әлеуметтік демалыс кезеңіне сәйкес келген жағдайда соңғы жұмыс күнін айқындау тәртібі нақтыланады.
Бұдан бөлек, жұмыскерлердің скринингтік тексерулерден өту тәртібі белгіленеді. Ал алдын ала медициналық тексеруден өтуге кеткен уақыт үшін орташа жалақыны төлеу мәселесі реттеледі.
Жұмыс берушілерге енді жұмыскерді еңбек жағдайларының өзгеруі туралы жазбаша түрде хабарлау міндеті жүктеледі.
Сондай-ақ материалдық жауапкершілігі бар қызметкерлермен еңбек қатынастарын тоқтату, мүлік пен құжаттарды қабылдап-тапсыру тәртібі нақтырақ регламенттеледі.
Жұмыс берушілердің тағы бір жаңа міндеті – өндірістік процесте қолданылатын барлық еңбек құралдары мен объектілердің қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз ету.
Еңбек инспекторлары үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында біліктілікті жүйелі түрде арттыру талабы енгізіледі.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік әріптестікті ұйымдастырудағы және өңірлік үшжақты комиссиялардың жұмысын үйлестірудегі өкілеттіктері кеңейтіледі.
Денсаулық сақтау кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, медициналық ұйымдар жұмыскерлерді скринингтен өту қажеттілігі туралы хабардар етіп, скринингке жататын қызметкерлер туралы деректерді жұмыс берушілерге цифрлық жүйелер арқылы жолдай алады.
Заңға сәйкес, жергілікті мемлекеттік органдарға еңбек және еңбек қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру міндеті де жүктеледі.
Заң 2026 жылғы сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюымен бекітілген.













