Қазақстандықтарға икемді жұмыс кестесімен еңбек ету мүмкіндігі берілмек
ҚР Еңбек кодексіне «Жылжымалы жұмыс кестесі» туралы жеке бап енгізу ұсынылды. Бұл туралы Мәжілістің қарауына енгізілген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламенттің төменгі палатасының талқылауына берілген құжатта ҚР Еңбек кодексіне өзгермелі жұмыс кестесі туралы жеке бап енгізу ұсынылған.
«Жұмыс беруші жұмыс тәртібінің ережелерінде жұмыскерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, жұмыс кестесінің күн сайынғы ұзақтығының 11 сағаттан аспайтын шектеулерін сақтай отырып, жұмыс кестесінің ұзақтығы әртүрлі аптаның әртүрлі күндеріндегі жұмыстың жылжымалы кестесін белгілеуге құқылы. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін орташа белгіленген, бірақ тоқсаннан аспайтын жұмыс уақытының ұзақтығы сақталуға тиіс кезең – жылжымалы жұмыс кестесі кезіндегі есептік кезең деп танылады», - делінген жаңа бапта.