Қазақстанда жұмыс берушілер еңбек жағдайларын өзгертсе қызметкерлерге жазбаша түрде хабардар етуге міндеттеледі
Фото: freepik.comМәжіліс депутаттары еңбек заңнамасын жетілдіруге қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс отырысында Еңбек кодексіне бірқатар жаңа нормалар енгізу ұсынылып отырғаны айтылды. Бұл өзгерістер:
еңбек саласында қызметкерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған нормаларды енгізу арқылы еңбек заңнамасының қағидаттары мен кепілдіктерін толықтыруға;
Әкімдіктердің өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру жөніндегі өкілеттіктері бекітіледі. Сонымен қатар олар мемлекеттік еңбек инспекциясымен, жұмысшылар және жұмыс берушілер өкілдерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Одан бөлек, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың қызметін ұйымдастыру міндеті жүктеледі;
қызметкердің соңғы жұмыс күнін анықтау тәртібін нақтылауға, егер ол уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңімен немесе әлеуметтік демалыспен сәйкес келсе;
қызметкердің ауысым алдындағы медициналық тексеруден өтуге жұмсаған уақытына ақы төлеуді белгілеуге (оның мөлшері ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады);
жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгерген жағдайда қызметкерді жазбаша түрде хабардар ету міндетін белгілеуге;
жұмыс берушінің пайдаланылып жатқан барлық негізгі құралдарды (ғимараттар, жабдықтар, көлік құралдары және өндірістік процесте қолданылатын өзге де еңбек құралдары) қолданыстағы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру міндетін бекітуге;
қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін реттеуге, атап айтқанда материалдық жауапты тұлғалар үшін еңбек қатынастары тоқтатылатын күнді және жұмыс берушінің мүлкін (құжаттарын) тапсыру-қабылдау рәсімін аяқтау шарттарын айқындауға;
мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек қатынастары, қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік саласында біліктілігін тұрақты түрде арттыру міндетін енгізуге;
еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтарын бекітуге бағытталған.
Сонымен қатар “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” заңға да өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, жергілікті басқару органдарының еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.














