Аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі көшелерді тегістеу және айналма жол құрылысының барысын көрді
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі көшелерді тегістеу жұмыстары мен Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту жобасын көрді.Қазіргі таңда мердігер мекеме «Сарбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан кент аумағындағы жалпы 16 көшеде тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Нұрилла ана, М. Өтемісұлы және Қ. Жаймұратов көшелеріне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын көрді. Аталған аумақ тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Тұрғындар тарапынан жолдардың жай-күйіне қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, алдағы уақытта асфальттау, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарына қатысты ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын атап өтті.
Аудан басшысы «Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту» жобасының жүзеге асу барысымен де танысты. Қазіргі уақытта нысанда жер төсемін дайындау және тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы ұзындығы 3,192 шақырымды құрайды.
Аталған жобалар кенттің көлік инфрақұрылымын жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы Әйтеке би кентінің әкімі мен тиісті сала басшыларына белгіленген жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.














