Аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі жол жөндеу және жаяу жүргіншілер жолы құрылысымен танысты
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі автомобиль жолдарына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу және жаяу жүргіншілер жолының құрылыс жұмыстарын аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын назарға алды.Биыл аудан орталығындағы тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында бірқатар көшелердің асфальт жабындысына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, Р.Сабырбаев, С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, С.Сүлейменов көшелерінде автомобиль жолдарының тозған бөліктері жаңартылып, асфальт қабаты ретке келтіріледі.
Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан дайындық және құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аудан басшысы жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына ерекше мән беруді, тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі Бөріқұлақов көшесі мен 5 квартал аумағындағы Жетес би көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әсіресе балалардың мектепке қауіпсіз қатынауына мүмкіндік береді.
Жобаға сәйкес, Бөріқұлақов көшесіндегі тротуардың ұзындығы 2,5 шақырымды құраса, Жетес би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы 1,6 шақырымға созылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарды аралау барысында Желтоқсан және В.Счастнов көшелерінің бойындағы көпқабатты үйлердің аулаларына автотұрақ пен жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарыныңда сапасын бақылап, тиісті сала басшылары мен мердігерлерге бірқатар тапсырмалар берді.
Аудан әкімі инфрақұрылымды дамыту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты бағыттарының бірі екенін атап өтіп, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Меньше














