«Қар аралас жаңбыр жауып, күн суытады»: Арқада «отамалы» басталды ма

Қазгидромет орталығы 26-27 сәуір аралығында күн суытып, қар аралас жаңбыр жауатынын хабарлады. Татарстаннан келе жатқан циклон мен басқа да көрсеткіш әсерінен бірнеше күн ауа райы тұрақсыз болмақ. Қазақ танымында сәуірде жер жіпси бастағанда болатын суықты «отамалы» деп атаған. Ауа райы мәліметіне сүйенсек, «отамалы» кіргендей әсер қалдырады.
Орталықтың ақпаратына сай, елдің басым бөлігінде найзағай жарқылдап, қар аралас жаңбыр жауады. Жекелеген өңірлерде бұршақ жауып, екпінді жел соғады. Республика бойынша таңертең және түнде тұман түседі.
26 сәуірде батыс және солтүстік-батыс өңірлерде, ал 27 сәуірде солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда түнде ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеп, үсік күтіледі. Күндіз ауа температурасы төмендейді: солтүстікте +10…+15 градусқа дейін, орталықта +10…+18 градусқа дейін, шығыста +7…+20 градусқа дейін, оңтүстікте +15…+25 градусқа дейін. Батыс өңірлерде температура біртіндеп +7…+15°C-тен +15…+20 градусқа дейін көтеріледі, – деп хабарлады Қазгидромет.
Әжелеріміз «көктемнің қараөзегі өңменіңнен өтеді» деп жиі айтатын. Осы сөздің мағынасына үңілсек, амал атауын көреміз. Қазақ ай атауымен қоса амал атауын да қолданады. Ай толық 30-31 күнге толса, амал 3-15 күн аралығында болады. Мысалы, «құралай салқыны», «бес қонақ», «ұзынсары», «құсқанаты», «отамалы», «қараөзек», «кіші қазан», «үлкен қазан» және тағы басқасы бар.
Қазір отамалы кіргенін топшылағанымыз, күн күрт суытып, жел тұрып, кең өңірде қар аралас жаңбыр жауып жатыр. Кей деректерде, Арқа қазақтары сәуір айын «отамалы» деп атаған деседі. Шоқан Уәлиханов болса жазбаларында наурыз айын отамалы деп көрсеткен. Зерттеуші В.Радлов ұсынған мәліметте «отамалы» уақыты мамыр айына түскен. «Отамалы» біткен соң, көк шығып, күн жылынып, жұрт жайлауға көшкен.
«Отамалы» сөзінің мағынасы – «жер көктейтін ай». Кәмел Жүнісов те «отамалының» сәуір-көкек айында жер жіпси бастаған кезінде болатын суық екенін жазған. «Бес қонақ» пен «отамалының» арасында «құсқанаты» дейтін амал тағы бар. Сәуірде соңғы боран соғып, артынша малдың өрісі кеңейетінін көрсеткен. Сондықтан көпшелі ел сәуірдің боранын отамалы деп атаған. Өйткені табиғат ана көктемнің келгенін хабарлағысы келсе де, қарасуық жібермей тұрады. Ал «отамалыдан» кейін қараөзек басталады. Қараөзек деп отырғанымыз – малдың аузы көкке жаңа іліге бастаған мезгіл.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында да отамалы туралы айтылады.
«...Жазғасалымның ең жайсыз кезін әнеукүні әжесі «отамалы» деп атап еді.
– Осы «отамалы» немене? Не деген сөз өзі? – Абай соны сұрады. – Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны – бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол пақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі, қойды жайылысқа шығарайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айырыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қылып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы пақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы – «отамалы» атанғаны содан дейді. Әжең пақыр соны біледі ғой».












