Әлем халқын әлдилеген Әз-Наурыз
Көктемнің келуімен жер дүниеге жан бітіп, табиғат жаңаша тыныс ала бастайды. Дәл осы мезетте адам жүрегінде де үміт оты маздап, жаңа бастамаларға деген құлшыныс арта түседі. Осындай жаңару мен жарасымның нышанына айналған, терең тарихы бар мерекелердің бірі – Наурыз. Бұл мейрам бір ғана халықтың шеңберінде қалып қоймай, сан алуан мәдениеттерді тоғыстырып, адамзатты ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін ерекше рухани көпір ретінде танылған.Сөзіміз дәлелді болсын, 2010 жылы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп жариялап, оның әлемдік деңгейдегі маңызын айқындады. Бұл бастамаға Албания, Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қырғызстан, Македония, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және Үндістан сынды елдер мұрындық болды. Олардың қатарында Қазақстан да бар.
Наурыз – табиғаттың жаңаруын, көктемнің келуін және жаңа жылдың басталуын білдіретін, терең символикалық мәнге ие мейрам. Әр ел бұл күнді өзіндік дәстүрімен қарсы алғанымен, оның түпкі мазмұны баршаға ортақ. Ол – достық пен бейбітшілікке үндеу, мәдени алуандықты құрметтеу және адамдар арасындағы өзара түсіністікті нығайту.
Қазақстанда Наурыз мейрамы ежелгі заманнан бері тойланып келе жатқан ұлық мерекелердің бірі. Алайда өткен ғасырдағы тоталитарлық жүйе тұсында, нақтырақ айтқанда 1926 жылдан 1988 жылға дейін бұл мерекені атап өтуге тыйым салынды. Тек 1988 жылдан бастап Наурыз қайта жаңғырып, халықтық сипатқа ие болды. Ал 1991 жылы 15 наурызда ол ресми түрде мемлекеттік мереке болып бекітілді. Бүгінде қазақстандықтар бұл мейрамды үш күн қатарынан – 21, 22, 23 наурыз күндері кең көлемде атап өтеді.
«Наурыз» сөзі парсы тіліндегі nou – «жаңа» және ruz – «күн» деген сөздерден шыққан, яғни «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Наурыз – тек көктемнің келуін білдіретін мереке ғана емес, ол – жаңару мен жаңғырудың, татулық пен берекенің символы. Ерте дәстүр бойынша, адамдар таңсәріден тұрып, бұлақ басына жиналып, ағаш көшеттерін отырғызған. Бұл табиғатқа деген құрметтің белгісі ретінде қабылданған. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөздер де осы ұғымның тереңдігін айқындап тұр.
Қазіргі таңда мұндай дәстүрлер көбіне ауылдық жерлерде сақталғанымен, қала тұрғындары Наурызды серуен құрып, қонаққа барып, жақындарымен бас қосу арқылы атап өтуді жөн көреді. Әр шаңырақта дастарқан жайылып, ұлттық тағамдар әзірленеді. Себебі халық түсінігінде Наурыз күні дастарқан қаншалықты мол болса, жыл бойы ырыс-береке де соншалықты мол болады деген сенім бар.
Мерекенің басты тағамы – Наурыз көже. Ол жеті түрлі дәмнен дайындалып, тоқшылық пен молшылықтың белгісі саналады. Әр отбасы өз қалауынша құрамын өзгерткенімен, оның мәні – бөлісу мен берекені арттыруда. Қонақтарға бұл тағам ерекше ықыласпен ұсынылады.
Бұл күні адамдар бір-біріне ізгі тілектерін арнап, «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!» деп ақжарма ниеттерін білдіреді. Үлкендер бата беріп, жас ұрпаққа өнеге көрсетеді. Туыс-туған мен көрші-қолаң бір-бірінің үйіне қонаққа барып, дәм татып, арадағы сыйластықты нығайтады.
Сыртта да мерекелік көңіл-күй ерекше сезіледі. Алаңдарда жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ұлттық ойындар – аударыспақ, күрес, арқан тарту, асық ату секілді жарыстар өткізіледі.
Ежелгі дәстүр бойынша, Наурыз мерекесі айтыспен қорытындыланған. Ақындар сөз сайысына түсіп, тапқырлығы мен шешендігін көрсеткен. Бүгінде айтыс өнері – қазақ халқының баға жетпес рухани мұрасы ретінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Наурыз – түбі бір түркі халықтарына ортақ, терең мағыналы ұлық мереке. Ал осы жарқын күн өзге елдерде қалай тойланады? Қысқаша тоқталсақ.
Түркияда Наурыз әр өңірде өзіндік ерекшелігімен аталып өтеді. Мәселен, Газиантеп қаласында 22 наурыз «Сұлтан Наурыз» деп аталады. Халық аңызына сүйенсек, дәл осы түні шығыстан батысқа қарай білезіктері сыңғырлаған сұлу қыз өтеді деген сенім бар. Сол себепті жұрт бұл түнді ұйқысыз өткізіп, дұға жасап, үйлеріндегі ыдыс-аяқтың бәрін суға толтырып қояды. Бұл береке мен тазалықтың нышаны саналады.
Ал Йорүк түріктері болса, мерекеге бір күн бұрын дайындалып, үйлерін тазартып, дәмді тағамдар әзірлейді. Дастарқанға шпинат қосылған бәліштер мен түрлі дәстүрлі тәттілер қойылады. Таң ата туыстар мен көршілер бір-біріне ізгі тілектерін арнап, дұға оқиды, ата-баба рухына тағзым ету үшін зиратқа барады. Бұдан кейін «неврущия» деп аталатын өлеңдер оқылып, думанды мереке басталады. Кей өңірлерде от жағылып, лавр жапырақтары өртеледі, ал адамдар сол оттың үстінен секіріп, жамандықтан арылуға тырысады. Сондай-ақ күш пен қуаттың белгісі ретінде темір соғу дәстүрі де сақталған.
Ал Өзбекстанда Наурыз қарсаңында бүкілхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, елді мекендер абаттандырылады. Халық арасында «Наурыз қаншалықты шаттықпен өтсе, жыл да соншалықты берекелі болады» деген сенім кең таралған. Мереке күндері карнай мен сурнайдың әуені, дойра мен ногораның үні елді қуанышқа бөлеп, жұртты думанға шақырады. Адамдар оттан секіріп, рухани тазаруға ұмтылады. Өзбек халқы Наурызды 13 күн бойы атап өтеді. Бұл күндері жасалған әрбір игі іс бүкіл жылға оң әсер етеді деп есептеледі. Сондықтан адамдар ағаш отырғызып, жақын-жуықтарына қонаққа барып, қайырымдылық жасап, бір-біріне мейірім сыйлауға тырысады. Мерекелік дастарқанның көркі – өнген бидайдан, май мен ұннан әзірленетін қасиетті тағам – сумалак.
Ал Иранда – ең басты ұлттық мереке. Ирандықтар бұл күнді «Хафт-Син» деп аталатын ерекше дастарқанмен қарсы алады. Жеті түрлі тағамнан құралған бұл рәсім жаңа өмірдің, табиғаттың және берекенің символы саналады.
Ауғанстанда Наурыз жаңа жылдың басталуымен қатар табиғаттың жаңғыруын білдіреді. Бұл күні халық табиғатқа, жер мен еңбекке құрмет көрсетіп, үлкен мерекелік шаралар ұйымдастырады. Музыка, би және түрлі спорттық ойындар арқылы халықтың рухы асқақтай түседі.
Әзірбайжанда Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртудың ерекше кезеңі. «Наурыз шашу» дәстүрі бойынша адамдар бір-біріне сыйлықтар ұсынып, ән айтып, ұлттық ойындар мен түрлі байқаулар ұйымдастырады.
Үндістанның кейбір аймақтарында, әсіресе парсы мәдениеті кең тараған өңірлерде, Наурыз ерекше аталып өтеді. Бұл күні адамдар отбасы мен достық байланыстарын нығайтып, мерекелік дастарқан жайып, сыйлықтар алмасады.
Қытайдағы ұйғырлар мен басқа да түркі тілдес халықтар да Наурызды кеңінен атап өтеді. Олар бұл күнді табиғаттың жаңаруы мен өмірдің қайта жандануының белгісі ретінде қабылдап, ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптейді.
Сонымен қатар қазақ диаспорасы өмір сүретін Ресей, Моңғолия, Түркия, Германия, Франция сияқты елдерде де Наурыз дәстүрі сақталып келеді. Бұл елдердегі қандастарымыз мерекені отбасымен бірге қарсы алып қана қоймай, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру арқылы оның мәнін кеңінен насихаттайды.
Жалпы, Наурызды әр халық өз ерекшелігімен тойлағанымен, бәріне ортақ құндылық – жаңа күнді ізгі ниетпен қарсы алу. Бұл мейрам адамдарды жақындастырып, өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа деген сенімді арттырады.
Қош, уақыт озған сайын бұл ұлық мейрамның қадір-қасиеті арта түсіп, барша адамзатты бірлік пен татулыққа үндейтін асыл құндылыққа айнала берері анық.
А. ЖҮСІПОВА












