Бірлікпен асқан асуда береке бар
Отбасы – тек бір шаңырақ астында өмір сүру емес, бұл – мейірім мен сыйластыққа, еңбексүйгіштік пен парасатқа негізделген үлкен құндылық. Осындай қасиеттер тоғысқан Ақниязовтар отбасына мереке қарсаңында арнайы бардық. Төрі қонақтан босамайтын меймандос шаңыраққа алғаш бас сұғуымыз емес. Ақсақалды атасы, ақжаулықты әжесі бар үйден ауызбірлік пен сыйластықтың табын оңай таныдық.
Шаңырақтың тірегі – отағасы, саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлатты ұстаз. Еңбек жолындағы ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарып, қоғамдық шараларда да ел мұратын еңселі етуге тер төккен жан. Молдабай Ақниязов ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», КСРО кәсіптік-техникалық білім беру, Қазақ КСР кәсіптік-техникалық білім беру, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Республикалық «Ел құрметі» орденінің, «Теміржолға сіңген еңбегі үшін» медалінің, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті ардагері. Жұртшылық бұл кісіні қызметі не жасы үшін емес, оқушы болып қабылданған оқу орнына өз еңбегі арқылы бар мүмкіндігін сарп етіп, қалыптасуы мен дамуына атсалысқан іскер, ізденімпаз, жауапты жан ретінде құрметтейді.
«Ерін күткен әйелді ханым десе болады» дегендей, ардақты азаматтың өз ісінің майталманы атанып, өнегелі өмір сүруіне жары Іңкәр апаның да үлесі зор.
Іңкәр Ақниязова – өмірге тоғыз перзент әкелген алтын құрсақты ана. Түздегі еріне қолдау білдіріп, ұл-қызы ғана емес, келіндері мен немере, шөберелерін де тәрбиелеп, шаңырақтың берекесін сақтаған абзал жан.
Бекарыстан би ауылының тумасы орта мектепті бітіріп, Қызылорда кооператив-сауда техникумынан білім алады. Мамандығы бойынша жұмыс істеп, халық қажеттілігін өтеуде біліктілігі мен жауапкершілігін танытады.
Көп сөзге жоқ кейуананың төсекке таңылған қайын атасын жиырма жылға жуық қалай мәпелеп баққанын білетіндер сүйсіне айтады. Өзінің тоғыз баласымен бірге үлкен кісінің бабын табу адамнан расында төзімділік пен адамгершілікті қажет ететіні анық.
««Баталы құл арымас» дейтін үлкендер. Ата-ененің қолында болдық. Бізден қолдау, көмегін аямады. Балаларымыз тәлім-тәрбиесін бойына сіңірді. Еңбекке бейімделу, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, сөзге қонақ беру – мен түскен шаңырақтың бұлжымас қағидасындай еді. Жаман болған жоқпыз. Жолдасым да жауаптылығы мен өз ісін ұнатқандығы арқасында абырой биігінен көрінді. Бүгінгі шүкіршілік етіп отырған жағдайымыз бен қызығымыз сол бейнеттің зейнеті шығар деп ойлаймын», – дейді «Алтын алқа» иегері отбасы берекесін сақтау туралы ұстанымын сұрағанымызда.
Ұлдары Асқар, Мұхтар, Нұрболат, Ерлан – әке жолын жалғастырып, білім беру саласында еңбек етсе, Алмас – кәсіпкер. Қыздары Айгүл – жеңіл өнеркәсіп саласының маманы, Ғалия – есепші, Ақерке – мейіркеш, Нұргүл – мұғалім. Барлығы өмірден өз орындарын тапқан жоғары білімді мамандар.
Бұл шаңырақтың түтіні түзу, берекесі мол. Үлкеннен үзілмеген татулықтың жолы бүгінге тінін жалғаған. Аппақ орамалды, салмақты мінез апаның қасына түскен келіндер бір үйдің қыздарындай жарасымды, бір-біріне де құрметті.
Сексеннің сеңгірінен асса да Іңкәр апа тың, қимылы ширақ. Әрқашан келіндеріне: «Қыздарым, сендердің бірлігің – менің ең үлкен байлығым. Сендер тату болсаңдар, әулетіміздің даңқы өшпейді, ұрпағымыз өнегелі болып өседі», – деп жол көрсетіп, ақ батасын беріп отырады. Тату-тәтті өмір сүретін ене мен келіндердің үлгісі көпке тараған. Берекелі отбасы – елдің тұтқасы, ал осындай өнегелі әулет – елдің мақтанышы.
Іңкәр ананың келіндері Саягүл, Эльмира, Гүлназ, Кәмшат пен Аида отбасында осы өнегені жалғастырушылар. Өз істерінің шеберлері. Бірі ақ халатты абзал жан, бірі кітапхана меңгерушісі, бірі кәсіпкер, бірі мұғалім.
«Мен үлкен әулетке келін болып түскенде он төрт жан бір шаңырақ астыңда тұрдық. Мұндай ортада өскен балалар да бір-біріне қамқор болып қалыптасады.
Аудандағы №5 Кәсіптік техникалық училищесінің директоры қызметіндегі атам басшылық тізгінін ұстап отырған азамат болса да, кішіпейілдікті сөзімен де ісімен де ұқтыратын. «Шырақтарым, бір-біріңмен ұрыспаңдар! Мінездің мінін алып дұрыстаңдар» деген ата-енеміздің өнегесі арқылы өзіміз де өсіп-өніп келеміз», – дейді келіні Эльмира Саймаханқызы.
Көп балалы отбасының балалары бір-біріне көмек қолдарын созу, үй шаруасына көмектесу, тапсырылған шаруаларды уақытылы бітіру, әке мен ананың қабағына қарау секілді отбасылық жауапкершілікті бойларына жастай сіңіреді
Бірлікпен асқан асуда береке бар. Бұл шаңырақта тоғысқан жандар өзгенің ойы, сезімі және жағдайын дұрыс қабылдап, оған құрметпен қарауға дағдыланған. Ең маңызды қасиеттердің бірі – түсіністік бар жерде татулық пен сенім қалыптасып, ал ол қоғамның дамуына үлкен әсер етеді. Әр адам өз пікірін ғана емес, өзгелердің көзқарасын да ескеруге тырысады. Бұл өзара сыйластықты арттырып, қарым-қатынасты нығайтады. Біз бірге өткізген санаулы сағаттар бір-бірін құрметтеудің – тұрақты өмір кепілі, адамдарды жақындастырып, жақсылықтарға жетелейтін құрал екендігін ұғындырды. Мұндай өнегелі отбасылар көбейген сайын елдің де еңсесі биік, болашағы жарқын болмақ.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














