Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлысты ұйыстырған – Наурызнама

Ұлысты ұйыстырған – Наурызнама


Наурыз – жаңарудың, жақсылықтың жаршысы болған ұлық мереке. Осы айтулы мейрамды лайықты қарсы алып, оның мәнін тереңдете түсу мақсатында 14-23 наурыз аралығы Наурызнама онкүндігі болып белгіленіп, әр күнге айрықша тақырып пен тағылымды мазмұн жүктелгені баршаға аян. Шын мәнінде, Наурызнама – жай ғана мерекелік күндердің жиынтығы емес. Ол – ұлттың рухани қайнарын жаңғыртып, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді қайта тірілтетін, елдік сана мен бірлікті нығайтатын кең ауқымды мәдени қозғалыс.
Осы онкүндік аясында ауданымызда өткен әрбір күн өзіндік мәнімен дараланып, мазмұнымен байып, көпшіліктің жүрегіне жылу сыйлаған шынайы мерекелік думанға ұласты. Әрбір ұйымдастырылған іс-шара халықты жақындастырып, ізгілік пен татулықтың, береке мен бірліктің көрінісіне айналды.
Амал – айрықша мереке
Ауданда Наурызнама онкүндігі Амал мерекесімен бастау алды. Қазалы жұртшылығы бұл ерекше күнді Әйтеке би кентінің орталық алаңында кең көлемде атап өтті. Алаң төрінде ұйымдастырылған «Амал келді – жыл келді» атты мерекелік концерт көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты шараға ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, көпшілікпен бірге Көрісу күнінің мән-маңызын бөлісті. Жиналған қауымды аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құттықтап, бұл күннің рухани құндылығына ерекше тоқталды.
– Амал мерекесі – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл дәстүріміздің айғағы. Бұл күні ағайын-туыс, дос-жаран қауышып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ақжарма тілектер арнайды. Өкпе-реніш ұмытылып, жаңа үміттің бастауы болатын берекелі сәт. Қазалы жұртының басты байлығы – бірлік пен ынтымақ. Бүгінгі ауданымыздың дамуы мен көркеюі – осы татулықтың нәтижесі, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы мен облыс басшылығының бастамалары өңірдің өркендеуіне серпін беріп жатқанын атап өтті. Наурызнама аясында ұйымдастырылып жатқан мәдени шаралар, спорттық жарыстар мен қайырымдылық акциялары ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі екенін жеткізді.
Мерекелік жиында тұрғындар бір-бірімен көрісіп, ізгі тілектерін арнап, үлкендерге құрмет көрсетті. Қазақы салт-дәстүрлер жаңғырып, ұлттық рух асқақтай түсті.
Көпшілік думан әрі қарай аудан өнерпаздарының ән мен жырға толы концертіне ұласып, орталық алаң мерекелік шаттыққа бөленді.

Салт – сана, дәстүр – діңгек
Наурызнаманың келесі күні ұлттық өнер мен мәдени мұраны ұлықтауға арналды. «Салт – сана, дәстүр – діңгек» деген ұғымның маңызын дәл осы күні тереңінен түйсінгендей болдық. «Әуезовтер» отбасылық ансамблінің шығармашылық кешіне келген көпшілік әдемі кештің куәсі болып қоймай, керемет көңіл-күйге кенелді. Өйткені бұл күні бір әулеттен тараған өнер иелері ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан күй мен саз дәстүрін сахна төрінде қайта тірілтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы сахнасында өткен бұл тағылымды шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, өнер ұжымына жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өз сөзінде өнердің ұлт руханиятының алтын қазығы екенін атап өтіп, бірнеше буыннан жалғасқан шығармашылық сабақтастықтың маңызын ерекше бағалады. Жарты ғасырға жуық тарихы бар ансамбльдің іргесі 1977 жылы қаланып, бүгінге дейін ұлттық өнерді ұлықтап келе жатқан бірегей ұжымға айналғанын тілге тиек етті.
Ансамбльдің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Махамбет Әуезов пен Раманқұл Әуезовтің еңбегі ерекше құрметпен аталды. Олар тек сахна шеберлері ғана емес, күй мен әннің, қобыз бен домбыраның киесін кейінгі ұрпаққа жеткізген ұлағатты ұстаздар ретінде ел жадында.
Кеш барысында ансамбль жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, қобызшы Арман Әуез сөз алып, әулеттік өнердің жауапкершілігі мен қасиеті жайында тебірене әңгімеледі. Оның айтуынша, ұлттық мұраны сақтау – тек құрмет емес, аманат.
Әсерлі кеш әсем әуенмен жалғасып, көрермендер М. Әубәкіровтің «Наркескен», Құрманғазының «Қызыл қайың», Әлшекейдің «Терісқақпай», С. Әліштің «Батыс әуендері», Е. Кішкенеевтің «Нұргүл» вальсі және Вольфганг Амадей Моцарттың «Рондо» сынды классикалық туындыларын тыңдап, рухани ләззат алды. Күй мен саз астасқан бұл кеш көрермен жүрегіне жылулық пен шабыт сыйлады.
Айта кетерлігі, кеш басталмас бұрын қонақтар «Наурыз – береке бастауы» атты көрмені тамашалап, Әуезовтер әулетінің жетістіктерімен, көне музыкалық аспаптарымен және ұлттық құндылықтарымен танысты.

Шаңырақ күніндегі шаттық
Наурызнама аясындағы ең жүрекке жылы шаралардың бірі – Шаңырақ күні. Бұл күн отбасы құндылығын дәріптеп, ұрпақ сабақтастығын ұлықтауға арналды. Әйтеке би кентіндегі Руханият орталығында өткен «Шаңырақ – отбасы берекесі» атты салтанатты жиында Алтын той иелері мен жас жұбайлардың бір алаңда бас қосуы – өмірдің екі кезеңін тоғыстырғандай әсер берді.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, мерейтой иелерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Шаңырақ күні – отбасы құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке. Қазақ халқы үшін отбасы – қоғамның алтын діңгегі, берекенің бастауы. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің мәні терең. Берекелі шаңырақ – ел бірлігінің негізі, ұлт болашағының кепілі. Осындай маңызды күні отбасылық мерейтойлардың өтуі мен жас жұбайлардың шаңырақ көтеруі – үлкен ғанибет, – деді аудан әкімі.
Шара барысында бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп отырған Алдабергеновтер, Жұбановтар және Айтчековтер әулеттері отау құрғандарына 50 жыл толуына орай құрметке бөленді. Алтын той иелеріне арнайы неке куәліктері табысталып, иықтарына шапан жабылып, әжелерге жаулық салынып, гүл шоқтары мен сый-сияпаттар ұсынылды.
Сонымен қатар мерекеде жаңа өмірге қадам басқан үш жас жұбайдың некесі қиылып, оларға салтанатты түрде неке куәліктері табысталды. Жас отбасыларға ақжарма тілектер айтылып, сыйлықтар мен гүл шоқтары ұсынылды.

Сән мен мәдениет симбиозы
«Сән мен салт ұлттық киіммен» атты сән көрсетілімі Наурыздың рухани мазмұнын жаңа қырынан ашты. «Royal Palace» мейрамханасында өткен кешке аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов қатысып, ұлттық киімнің рухани-мәдени құндылық ретіндегі орнын ерекше атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық киімді дәріптеу туралы пікірін тілге тиек етіп, оны тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де кию қажеттігін жеткізді. Шынында да, шапан, камзол, сәукеле мен кимешек – халқымыздың тарихы мен танымын, эстетикалық талғамын айқындайтын бірегей мұра.
Шара барысында этно-стильдегі заманауи киім үлгілері ұсынылып, ана мен бала образдарының үйлесімі көрермен көңілінен шықты. Әсіресе кимешек киген аналардың шеруі ұлттық болмыстың айрықша көрінісіне айналып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Дәстүр мен заманауи сәнді ұштастырған бұл көрсетілім ұлттық киімнің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.
Кеш соңында ұлттық киім тігуді кәсіп етіп, қазақы нақышты жаңғыртуға үлес қосып жүрген шебер аруларға аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың Алғыс хаттары табысталды.

Жарқын жобалар – жаңарудың бастауы
Наурыз – табиғат пен өмірдің жаңаруының нышаны болатын мереке. Ауданымызда бұл жаңару көрінісі мерекеге дайындық кезеңінен-ақ байқалды. Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында №266 мектеп-лицейде ұйымдастырылған «Цифрлық болашақ: AI, IT, VR және робототехника әлемі» атты жобалар көрмесі осы жаңарудың нақты көрінісі болғандай.
Көрмеде аудан жастарының инновациялық ойлау қабілеті мен шығармашылық әлеуеті көрермендерді тәнті етті. Оқушылар жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, виртуалды шынайылық және робототехника салаларындағы өз жобаларын таныстырып, заманауи технологияларды меңгеруге деген қызығушылықтарын көрсетті.
Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев іс-шараға қатысып, жас өнертапқыштардың тың бастамалары мен жобаларымен танысты. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында елімізде бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жастардың технологиялық ойлау қабілеті мен жаңашыл идеялары – ел болашағының кепілі екенін жеткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар инновациялық шешімдерін таныстырып, тәжірибе бөлісті, ал соңында естелік суретке түсіп, бір-бірімен ой-пікір алмасты. Мұндай бастамалар – білім мен технологияны ұштастырып, болашақ мамандарды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ. Жас буынның ізденісі мен талпынысы еліміздің цифрлық дамуының сенімді тірегі болары сөзсіз.

Төл спортты түлеткен
20 наурыз – «Ұлттық спорт күні». Бұл – Наурызнама жалпыұлттық онкүндігінің жетінші күні. Атаулы күн ептілік пен төзімділікке баулитын, күш пен рух беретін ұлттық спорт түрлерін ұлықтауға арналады.
Осыған орай кент орталығындағы алаңда «Ұлттық спорт – ел мәртебесі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов қатысып, тұрғындарды Ұлттық спорт күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде Наурыз мейрамы жаңаша форматта – Наурызнама тұжырымдамасы аясында кең көлемде аталып өтіп жатқанын ерекше атап өтті.
Алаңда ұлттық рухты көтерген жарыстар қыза түсті. Білекті де жүректі азаматтар қазақ күресінде күш сынасып, қол күресте қайсарлық танытты. Зерек ой мен сабырды талап ететін тоғызқұмалақта қатысушылар өз шеберліктерін көрсетті. Ал асық ату мен ләңгі тебуде ептілік пен дәлдік сынға түсті. Арқан тарту жарысында ұйымшылдық пен бірлік айқын байқалса, гір көтеруде күш пен төзімнің нағыз үлгісі көрініс тапты.
Шара соңында әр спорт түрінен үздік шыққан қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Ырыс алды – ынтымақ
Ынтымақ күні – Наурызнаманың елді біріктіретін, татулық пен түсіністікті дәріптейтін ерекше кезеңі. Осы атаулы күн Қазалы қаласында да айрықша сән-салтанатымен аталып өтіп, тұрғындар Ұлыстың ұлы күнін ұйымшылдықпен қарсы алды.
Орталық алаң мерекелік кейіпке еніп, ұлттық өрнектермен көмкерілген киіз үйлер тігіліп, қазақы болмысты айшықтайтын көріністер ұйымдастырылды. Ұлттық спорт ойындары көпшіліктің қызығушылығын арттырып, мерекеге ерекше серпін берді. Ал жиналған қауым наурыз көже мен бауырсақтан дәм татып, ұлттық дастарқанның берекесін бірге сезінді.
Мерекелік жиында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл мейрамның халықты біріктіретін, жаңаруға бастайтын рухани мәніне тоқталды. Ол ел өміріндегі маңызды өзгерістерді атап өтіп, жұртшылықтың бірлігі мен белсенділігі әрқашан ел дамуының негізі екенін жеткізді.
Шара барысында елге еңбегі сіңген азаматтар марапатталып, олардың еңбегі көпшілік алдында лайықты бағасын алды. Бұл – еңбек пен адалдыққа көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Сондай-ақ ұлттық дәстүрлер кеңінен насихатталып, сахналық қойылымдар арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті көрініс тапты. Бесікке салу, келін түсіру, сырға салу секілді ғұрыптар көрсетіліп, тұсау кесу рәсімі көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Бұл күн – тек мереке ғана емес, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтатын, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын тағылымды сәтке айналды. Наурыздың шапағаты әр үйге шаттық сыйлап, жұртшылық жүрегіне үміт пен қуаныш ұялатты.

Қош. Ұлтты ұйыстырып, ырыс пен берекеге бастаған Наурызнама онкүндігі аудан көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әрбір күн ұлттық рухты жаңғыртып, салт-дәстүрдің қадірін ұлықтауға арналды.Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда Әйтеке би кентінің орталық алаңы ерекше думанға бөленіп, «Береке бастауы – Әз Наурыз» атты гала-концертпен қорытындыланды. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй, ұлттық нақышқа толы көріністер мен шат-шадыман көңіл-күй мерекенің ажарын аша түсіп, ел бірлігі мен татулығын айшықтады.Ал бүгінгі «Тазару күні» – жаңару мен жаңғыруға бастап тұр. Аудан тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сенбілікке белсене қатысып, аула мен көшелерді, қоғамдық орындарды тазалап, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
ДайындағанАрайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
23 наурыз 2026 ж. 31 0

Төл мереке тойланды

23 наурыз 2026 ж. 23

Наурыз бата

23 наурыз 2026 ж. 25

Ұлттық дәмді дәріптеген

23 наурыз 2026 ж. 26

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031