Төл мереке тойланды
Наурыз – адамзат өркениетімен бірге жасасып келе жатқан көне мейрамдардың бірі. Бұл мереке Орталық Азия халықтарының тұрмыс-салтында ежелден ерекше орын алған. Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлағаны туралы деректерді Әбу Райхан әл-Бируни мен Омар Хайям еңбектерінен де кездестіруге болады. Мәселен, парсы халықтары Наурызды бірнеше күн бойы атап өтіп, от жағып, оған май құйып, жеті түрлі дән арқылы болашақты болжаған.Қазақ халқы үшін де Әз-Наурыз – жыл басы, жаңару мен жақсылықтың бастауы саналған. Бұл күні жұрт таза киімдерін киіп, бір-бірімен төс қағыстырып, ақ тілектерін арнаған. Араздасқан жандар татуласып, ағайын-туыс бір дастарқан басында бас қосқан. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, жетім-жесірге қамқорлық жасалған.
Наурыз ізгіліктің, мейірімнің, бірліктің символы. Ауыл ақсақалдары ел ішіндегі дауларды шешіп, жұртты татулыққа үндеген. Сонымен қатар алтыбақан құрылып, ұлттық ойындар – көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу кеңінен ұйымдастырылған.
Дегенмен Кеңес дәуірінде бұл мейрам «ескілік сарқыншағы» деп танылып, тойлануына тыйым салынды. Алайда халық жадынан өшпеген мереке 1988 жылдан бастап қайта жаңғырып, бүгінгі күні жалпыхалықтық сипатқа ие болды.
Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай тәрбиеленген ұрпақтан, халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды» деген болатын. Расында, тіл, діл, дәстүр – ұлттың айнасы. Сондықтан жас ұрпаққа ата-баба мұрасын үйрету – басты міндет.
Осы бағытта С. Сейфуллин атындағы №165 мектеп ұжымы Наурыз мейрамын ерекше форматта атап өтті. Білім ордасының маңайына киіз үй мен шағын шатыр тігіліп, қазан көтеріліп, тұрғындарға наурыз көже ұсынылды. Ұстаздар ұлттық киім киіп, ән шырқап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр ұлттық болмысымыздың көрінісі деп білемін. Сондықтан келер ұрпақ атадан қалған өнегеге толы сөз бен дәстүрді қадірлеп, оны жаңаша үлгіде түлетсе нұр үстіне нұр. Осындай көктемнің шуақты күнінде жас ұрпаққа өнегелі шараларды бүкіл мұсылман халқының жаңа жылдық мейрамы Наурызда ұйымдастырып жатқан мектеп басшылығы мен ұйымшыл ұжымына дән ризамыз. Мейрам құтты болсын», – дейді ауыл тұрғыны Бибігүл Мұқатаева.
Наурыз – салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың, ұлттық келбетіміз көрінетін, қазақы болмысымызды айқындайтын мейрам. Осы күні қолға алынған істе береке болады. Сапарға шыққан жолаушының жолы ақ болады. Атаулы мейрам болмысымызды ашып, салт-дәстүрлеріміз жаңғырды. Мәре-сәре, азан-қазан, шат-шадыман күйде «Жаңа күнді» қарсы алып, ерекше әсерге бөледі. Нағыз қазақтың киіз үйдегі мамыражай өмірі, берекелі тұрмысы, ұлттық ерекшеліктері жанымызды жадыратты.
«Жастарға рахмет, олардың осындай қасиетті мейрамда қазақилықты ұмытпай, ата-бабамыздан жеткен әдет-ғұрыптарымызды дәріптеп, ұлттық ойындарымызды насихаттауы көңілге жылу ұялатты. Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құтты болсын», – деді мектеп директоры Қымбат Сермаханова.
Мерекелік шара барысында қазақтың салт-дәстүрлері – қыз ұзату, бесікке салу, тұсаукесер рәсімдері сахналанып, көрермендерге ұсынылды. Сондай-ақ мектеп тарихына арналған кітаптың электронды нұсқасы таныстырылып, қариялардан бата алынды.
Наурыз түні – ерекше түн. Халық сенімінде 21-нен 22-сіне қараған түні күн мен түн теңеліп, жаңа өмір басталады. Жастар алтыбақан теуіп, ән айтып, көңіл көтерген. Қыздар «Ұйқыашар» дайындаса, жігіттер «Селтеткізер» сыйлаған.
Ұлттық тағамдардың ішінде наурыз көженің орны ерекше. Жеті түрлі дәмнен дайындалатын бұл ас – молшылық пен берекенің белгісі. Ырым бойынша, оны тойып ішкен адам жыл бойы тоқшылықта болады деген түсінік қалыптасқан.
Мереке барысында спорттық ойындар да ұйымдастырылып, арқан тарту мен ләңгі тебу және гір көтеру сынды сайыстар өтті. Ол ұлттық рухты нығайтатын маңызды дәстүрлердің бірі.
Наурыз – табиғаттың жаңарып, адамның рухы түлейтін кезеңі. Осы күні жасалған әрбір игі іс берекеге бастайды деген сенім бар. Сондықтан да Ұлыстың ұлы күні – ұлттың болмысын айқындайтын, салт-дәстүрді жаңғыртатын ерекше күн.
Күн мен түннің теңелетін, табиғат түлеп, Жер ана бусанып, адамзатты қуанышқа бөлейтін жылдың ғажап мезгілі – Ұлыстың ұлы күнін мұғалімдер осылай ерекше тойлады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА












