Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз бата

Наурыз бата

Батагөй қарияны Қазалы қаласынан таптық. Жасы сексен алтыдан асқан Файзулла Оразалиев айналасына сыйлы, өнегелі үлгісі, аузында бәтуалы батасы бар абыройлы асқақал. Отбасында жары Айманкүл ана екеуі он бір баланы өсіріп, жеткізген. Туған жерін – тұғырына балайтын қадірменді қария талай жылдар бойы жолаушылар тасымалдау мекемесінде автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген еңбекті сүйген ер, отбасына қамқор болып, балаларына тәлімді тәрбие беріп, адалдық, адамгершілікке тәрбиелеген азамат.
Бірнеше рет аудандық, облыстық батагөйлер сайысының жеңімпаз, жүлдегері болған батагөйдің қоржынында бірнеше бата үлгісі бар. Көбін өз жанынан шығарған. Мерекеге орай ақсақал берген наурыз бата мәтінін ұсынып отырмыз.
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шаштарыңның барлық талындай!
Санасы асып адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қайғы-уайым жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Ырысымыз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей!
Жай қолыңды, жамағат,
Алладан болғай мархабат.
Пайғамбардан болғай шапағат.
Мен бір бата берейін,
Бергенде бата не дейін?
Бабалар қалдырған батамен
Қол жайған осы баршаңа
Алладан тілек тілейін.
Шапағатын төгіп Құдайым,
Бермесін басқа уайым.
Жасаған Жаппар жан ием,
Атағы шыққан әулием,
Алланың досы Мұхаммед,
Әбубәкір, Әлішер,
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар,
Отыз үш мың сахаба,
Тоқсан тоғыз мың машайық,
Қауыс, қияс, екінәр
Қайда жүрсе баршаның
Алдынан шығып, жол сілтеп,
Қыдыр Ілияс болсын жолдасың
Жеті ғайып жар болып,
Ауыздарың бір болып,
Талаптарыңды оңғарып,
Бір алла өзі қолдасын!
Ұлсыздарға ұл берген,
Қысылғанда қол берген,
Шөлдегенде су берген,
Жеті пірге қол берген,
Жеті өлікке жан берген,
Үш жүздің пікір сопы Әзиз,
Жасаған Жаппар жан ием,
Наурызға жиналған,
Ақ ниетті жандардың
Ақ тілегін қабыл ғып,
Бір Алла өзің қолдашы.
Дастарқандарың жайнасын!
Бақыт құстарың сайрасын!
Оттан түспей қазаның,
Күні-түні қайнасын!
Ұстағандарың алтын болсын!
Жүздерің жарқын болсын!
Аспанымыз ашық болсын!
Бәле-жәле қашық болсын!
Адалдан дәулет берсін!
Бақпенен сәулет берсін!
Ғыдиятпенен тауфиқ берсін!
Бүгінгі ниеттеріңді қабыл етіп,
Мұраттарыңды Алла асыл етсін!
Ұлыс оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын!
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын.
Береке-бірлік арта берсін!
Әмин!
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
23 наурыз 2026 ж. 26 0

Төл мереке тойланды

23 наурыз 2026 ж. 25

Наурыз бата

23 наурыз 2026 ж. 27

Ұлттық дәмді дәріптеген

23 наурыз 2026 ж. 27

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031