Атадан бата алған азбайды
Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі қарсаңында ұлтымыздың сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі – бата беру салтын жаңғырту, кеңінен насихаттау және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында «Ауыл» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» республикалық байқауының облыстық кезеңі жоғары деңгейде өтті.Аталған байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен 26 қатысушы өтінім білдіріп, өзара бақ сынады. Солардың қатарында ауданымыздың ардақты ақсақалы Сержанқожа Берденұлы да қатысып, терең тағылымы мен өнегелі сөздері арқылы көпшіліктің ықыласына бөленді. Нәтижесінде жүлделі екінші орынды иеленіп, 70 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Осы орайда абзал ақсақалды құттықтап, пікірін білу үшін хабарласқан едік. Ақсақал бата беру дәстүрінің маңызына ерекше тоқталып, жүрекжарды лебізін білдірді:
«Бата – бұл жай ғана тілек емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан аманат, рухани тәрбие мектебі. Бабаларымыз әр істі батамен бастап, жақсылыққа жол ашқан. Сондықтан әр шаңырақта бата беріліп, жас буын соны тыңдап, бойына сіңіріп өссе, бұл ұлттық тамырымыздың үзілмегенінің белгісі. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Сол себепті жастарымыз сөздің парқын түсініп, үлкеннің батасын алуды дәстүрге айналдырса, елдің де еңсесі биік болады. Бата – береке шақырып, бірлікке үндейді, жүрекке иман ұялатады. Осындай тағылымы терең шаралар жиі ұйымдастырылып, жалғасын таба берсе, халқымыздың рухани дүниесі байып, ұлттық болмысымыз одан әрі айшықтала түседі деп сенемін», – деді ол.
Шынында да, бата – халықтың рухани коды, ұлттың болмысын танытатын баға жетпес мұра. Осындай игі бастамалар арқылы ұлттық дәстүріміз жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығы жалғаса бермек. Салмақты сөз айтып, елге бағыт-бағдар берер абзал ақсақалдарымыз аман болып, ел еңсесі биіктей берсін!
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














