Тышқан жылынан қандай жақсылық күтеміз
Көптеген халықтар Жыл басын күн мен түннің теңелген кезінде қарсы алады. Әзербайжан, Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты Жібек жолы бойындағы барлық мемлекеттер жаңа жылды осы күні атап өтеді. Бұл мейрам – Жер-Ананың оянып, көктем мезгілі келуінің нышаны.
Ежелгі грек шежірешісі Страбон да Наурыз мейрамы туралы жазған.
«Өте ежелден қазіргі кезге дейін Месопотамия тұрғындары бұл күнді атап өтеді. Мейрам күні саудагерлер саудасын, қолөнер шеберлері жұмысын тоқтатады. Олар көңіл көтеріп, отқа қайнатылған сусын мен тағам дайындайды» деп жазған ол.
Бұл ежелгі мәдениеттен мұра болып қалған және ислам дінімен қатысы болмаса да – мұсылман халқы кең көлемде атап өтетін мейрам. 2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бұл мейрам Халықаралық Наурыз күні деп танылған және ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген.
Жапонияда көктемгі күн мен түннің теңелуін Сюмбун но хи деп атайды және үш күн бұрын мерекелеуді бастап кетеді. Бұл кезде бақта сакура гүлдейді. Жапондықтар өмірден өтіп кеткен туған-туыстарын еске алып, бейіт басына барады.
Славяндардың ежелгі сенімі бойынша Наурыз мейрамы 14 күн бойы – 22 наурызға дейін бір апта және кейін бір апта мерекеленген. Сол күндердің бірі Ярила күні деп аталған. Ярила – көктем мен күннің құдайы, ол уақытымен келсе көктем шығып, күзде мол өнім болады деген сенім болған. Осы мерекеде олар от жағып, жамандықтан арылу үшін үстінен секірген. Бұл мереке кейін Масленица деп аталып кетті.
Биыл Шығыс жыл санауы бойынша – Тышқан жылы. Қазақ халқының мүшелдік жыл санауы тышқан жылынан басталады. Ол бүгін – 22 наурызда кіреді. Қазақ халқы тышқан жылын ырыс-ынтымақта, бақ-берекелі жыл деп санаған.
Астрологтардың айтуынша, Тышқан жылы жеке өмірде де, қоғамда да ауқымды өзгеріс ала келеді. Бұл жылы жалқаулыққа, әлсіздікке жол бермей, адал еңбек етуге ұмтылған жөн. Батыс елдерінде тышқан зиянды, ауру таратушы ретінде саналса, Шығыс елдерінде батыл, ақылды, қу, мақсатқа жетпей қоймайтын болып сипатталады. Демек, бұл жыл мақсатқа ұмтылатын еңбекқор адамдардың жолы болатын жыл деуге болады.