Бәсекелестік ережесін бұзған микроқаржы ұйымына шара қолданылды
Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Фото: canva
Фото: canvaҚазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті "R-Finance" микроқаржы ұйымы" ЖШС әрекеттерінде жосықсыз бәсекелестік белгілерін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Өтініштер негізінде жүргізілген тексеру барысында компания "Біз бәсекелестерге қарағанда 15%-ға көп мақұлдаймыз" деген мазмұнда жарнамалық SMS-хабарламалар таратқаны, алайда бұл ақпараттың шынайылығын растамағаны белгілі болды. Аталған жарнама ұялы байланыс абоненттерінің 24 мыңнан астамына жолданған, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ тексеру барысында бәсекелес ұйым қызметкерлеріне клиенттерді "R-Finance" МҚҰ" ЖШС-на тартқаны үшін ақшалай сыйақы ұсыну фактілері анықталды, бұл бәсекелеске залал келтіруі мүмкін.
Тексеру нәтижелері бойынша Департамент компанияға жосықсыз бәсекелестік белгілері бар әрекеттерді тоқтату қажеттігі туралы хабарлама жолдады.
Қазіргі уақытта "R-Finance" микроқаржы ұйымы" ЖШС хабарламаны орындады. Компания маркетингтік материалдарға ішкі аудит жүргізіп, жарнамалық қызметке қосымша бақылау тетігін енгізді.













