Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырлы сезім – сазды әуен

Сырлы сезім – сазды әуен

Қазақ музыка өнерінің көгінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, жүректерге жол тапқан әсем әндердің авторы, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеевтің туғанына 80 жыл толып отыр. Осы орайда оның кіндік қаны тамған қасиетті топырағында тағылымы мол тағзым кеші өтті.
Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Сәлем саған, туған ел» атты аудандық ән байқауының шымылдығы режиссер Бақытбек Макеевтің сахналық шешімімен көркемделген әсерлі прологпен түрілді. Композитордың ғибратты ғұмыры мен шығармашылық жолы әуезді әуен, жүрек тербер естеліктер арқылы өріліп, көрерменді ерекше күйге бөледі. Кеңес Дүйсекеевтің бейнесін Қазалы қалалық мәдениет үйінің мәдени қызметкері Айбек Мамбетов нанымды сомдап, сахнадағы шынайы образ арқылы көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Бұл қойылым көрерменді бір сәт өткен күндерге жетелеп, сазгердің сырлы әлемімен қайта қауыштырғандай әсер қалдырды.
Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы сөз сөйлеп, композитор мұрасының ұлттық мәдениеттегі маңызына тоқталып, байқауға қатысушы талапкерлерге сәттілік тіледі.
– Кеңес Дүйсекеев – ұлттық музыка өнерінің көкжиегін кеңейтіп, қазақ әнін мазмұндық әрі көркемдік тұрғыдан жаңа деңгейге көтерген көрнекті композитор. Ол туған жердің топырағынан қуат алып, халықтың жан дүниесін терең сезіне білді. Сондықтан оның әрбір туындысынан елге деген сүйіспеншілік, уақыт тынысы, ұлт рухы айқын аңғарылады. Биыл Сыр өңірінде өнер иесінің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен мазмұнды мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Аудан орталығында «Сәлем саған, туған ел» атты еске алу кеші жоспарланса, облыс орталығында да композитор шығармашылығына арналған тағылымды жиын өтпек. Бүгінгі аудандық әншілер байқауы – осы игі бастамалардың жалғасы. Бұл шараның басты мақсаты – Кеңес Дүйсекеевтің бай мұрасын ұлықтау, оның әндерін жас ұрпақтың жүрегіне жеткізу және ұлттық өнерге деген құрметті арттыру, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Өнер сайысы екі кезең бойынша өтіп, бірінші кезеңде қатысушылар Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығынан бір ән орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы туындыны ұсынды. Ән додасына ауданның әр аймағынан келген 18-40 жас аралығындағы барлығы 17 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Ал байқауға мәдениет қайраткері Сәукен Әлмәмбетұлы, мәдениет саласының үздіктері Арман Махамбетұлы мен Кемеңгер Байназарұлы қазылық етті. Олар үміткерлердің дауыс мүмкіндігін, сахналық мәдениетін, орындаушылық шеберлігін жан-жақты саралап, әділ бағасын берді. Байқау барысында Кеңес Дүйсекеевтің жүрекке жақын, халық жадында жатталған әндері жаңаша леппен шырқалып, әр қатысушы шығарманың ішкі иірімін өз нақышымен жеткізуге тырысты.
Өнер додасының қорытындысы бойынша Бас жүлде кәукейлік Рахат Ерполатұлына бұйырды. Бірінші орынды қазалылық Бауыржан Қауынбай иеленсе, екінші орынды басықаралық Ермахан Талғатұлы мен Ғани Мұратбаев ауылынан келген Жанболат Өмірзақ өзара бөлісті. Үшінші орын жанқожалық «Шабыт» дуэтіне, кенттік Нұрбибі Жаңабайға және ақсуаттық Жарылқасын Жұбандыққа табысталды. Сондай-ақ байқауға қатысқан өзге өнерпаздар арнайы аталымдар бойынша дипломдармен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тағылымды кештің жоғары деңгейде өтуіне Қазалының құрметті азаматы Қасқырбай Әлімбайұлы мен «Қазалы Энергомера» ЖШС директоры Ерболат Сартайұлы демеушілік көрсетіп, өнерге жанашырлық танытты. Кеш соңында ұйымдастырушылар оларға шынайы ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Кеңес Дүйсекеевтің жүрек қылын тербеген әндері уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа буынның үнінде қайта түлей беретіні сөзсіз. Сырлы сезімнен туған сазды әуен әлі талай ұрпақтың жан дүниесін нұрландырып, туған елге деген махаббатты асқақтата бермек.
А. ЖҮСІПОВА
14 ақпан 2026 ж. 23 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728