Кәсіптің кілтін тапқан келіншек
«Қалауын тапсаң, қар жауар» демекші, бүгінде кәсіптің көзін тауып, нәсібін еңбектен іздеген жандар аз емес. Солардың бірі – қазалылық іскер келіншек Ақбала Шүйіншәлі. Табандылық пен тәуекелді ту еткен ол шағын саудадан бастап, бүгінде өндіріс саласына қадам басқан кәсіпкерге айналды.Ақбала Жақыпбекқызы кәсіпке кеше ғана келген жан емес. Ол 2013 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікке ден қойып, тіршілігін тіктеуді мақсат етті. Алғашқы қадамы орталық базардағы шағын дүңгіршектен басталды. Сауданың қыр-сырын меңгеріп, тұтынушы сұранысын зерделеген ол 2015 жылы отбасылық «Ақтілек» шағын аралас заттар маркетін ашып, кәсібін кеңейтті. Нарықтың қайнаған ортасында жүріп, тәжірибе жинақтаған кәсіпкер мемлекет ұсынған шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын тиімді пайдаланып, кәсібін жаңа деңгейге көтеруге бел буды.
Осы ізденістің нәтижесінде 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, тың бастамаға жол ашты. Қомақты қаржыға Ресейде шығарылған заманауи құрылғы сатып алып, пластикалық құты өндіру ісін қолға алды. Бүгінде оның цехында сусын құюға арналған 1 және 1,5 литрлік пластикалық бөтелкелер шығарылады. Өнімге деген сұраныс та жаман емес. Негізгі тұтынушылар – Қазалы және Арал, Сексеуілдің тұрғындары.
Өндіріс – үлкен жауапкершілік пен жүйелі еңбекті талап ететін сала. Ақбала бұл бағытта да батыл қадам жасап, сапа мен тұрақтылықты басты назарда ұстап келеді. Ол 2023 жылдан бастап түрлі көрме-жәрмеңкелерге қатысып, өз өнімін кеңінен таныстыруға күш салуда.
– Жалпы көрмелерде жиі бой көрсету тұтынушы сенімін арттырудың, өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жолы. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлік палатасы мен тиісті бөлімдер ұйымдастыратын көрмелерден қалмауға тырысамын. Мұндай шаралар өнімді таныстырумен қатар, тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға және тұтынушылар пікірін ескеріп, сапаны жетілдіруге мүмкіндік береді. Көрмелерге қатысу арқылы мен тек өз кәсібімді ғана емес, өңірімізде өндірілетін отандық өнімдерді де насихаттаймын. Бұл – жергілікті брендтердің дамуына, шағын және орта бизнестің нығаюына, соның нәтижесінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына қосылған үлес. Сондықтан әрбір көрмені тиімді пайдаланып, ортақ мақсат жолында белсенді еңбек етуге әрдайым дайынмын, – дейді Ақбала Жақыпбекқызы .
Ақбала үшін басты мақсат – табыс табу ғана емес, халықтың сұранысына сай сапалы қызмет көрсету. Ол тұтынушылардың сенімін ең үлкен капитал санайды.
– Мен үшін бизнестегі ең маңызды қағида – тұтынушылардың үдесінен шығу. Нарықта бәсекелестік жоғары. Бағамен немесе жарнамамен ғана ұзаққа бару мүмкін емес. Ал сапалы өнім, шынайы қызмет көрсету, уәдені орындау – міне, осылар кәсіптің беделін қалыптастырады. Тұтынушының қажеттілігін түсіну, оның пікірін ескеру, кері байланысқа ашық болу – табысты кәсіптің негізі. Қысқа мерзімді пайданы емес, ұзақ мерзімді қарым-қатынасты ойлау керек. Бір реттік сатылым табыс әкелуі мүмкін, бірақ адал тұтынушы тұрақты өсім әкеледі. Сондықтан әр шешім қабылдағанда «Бұл тұтынушыға қаншалықты тиімді?» деген сұрақты бірінші орынға қоямын, – дейді кәсіпкер келіншек.
Біз білетін іскер келіншек – тек табысты кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар бір әулеттің берекесін кіргізіп отырған ұйытқы жан. Өмірде сүйікті жар, аяулы келін, ардақты ана. Жолдасы Ержан Қойтасов Қазалы көлік-техникалық колледжінде шебер болып еңбек етеді.
«Қызметтен қалт еткенде жарым кәсібіме қолдау көрсетеді. Бүгінгі жеткен жетістігімнің бәрі – жолдасым мен жақындарымның арқасы», – дейді ол шынайы ризашылықпен.
Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр. Балалары да анасының әр ісіне қолғанат болып, еңбекке ерте араласып келеді.
Ақбаланың айтуынша, кәсіп бастау үшін ең алдымен табандылық пен сенім қажет.
«Кәсіп – тек қаржыға тірелмейді. Ниет, ізденіс, төзім болмаса, басталған іс орта жолда қалады. Қандай қиындық болса да, мойымау керек. Ең бастысы, адал еңбек пен сапаға мән беру», – дейді ол кәсіп бастағысы келетін жандарға.
Ақбала алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Кәсіп аясы кеңейсе, түсетін табыс та көбейеді. Бірақ артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр болмақ. Көптің үдесінен шығып жүрген кәсіпкер ойда жүрген ісін оңынан жүзеге асырса, алдағы уақытта да жұртшылықтың алғысына бөленері анық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














