Мемлекеттік қолдау – ауыл тұрғындарының кәсібіне демеу
Қазалы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, нақты нәтижесін беріп келеді. Жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дамытып отырған кәсіпкерлердің қатары артуда. Бағдарлама ауыл халқының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған тиімді тетікке айналып отыр.Аудан әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі кәсіп нысандарын аралады.
Осы орайда аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсібін дамытып отырған кәсіпкерлердің жұмысымен танысып, бірқатар өндіріс нысанын аралады. Кездесу барысында кәсіп иелерінің атқарып отырған жұмыстары, өндірістік әлеуеті мен алдағы жоспарлары жан-жақты талқыланды.
Аудан басшысы алдымен 2023 жылы бағдарлама аясында несие алып, өз кәсібін бастаған жеке кәсіпкер Толқын Бижанованың кондитерлік өнімдер шығаратын цехында болды. Кәсіпкер аталған бағдарлама арқылы 6509000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған.
Бүгінде аудан тұрғындарын сапалы әрі сұранысқа ие кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Қазір цехта 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орны жергілікті шикізатты пайдаланып, ассортиментті кеңейту бағытында жұмыс жүргізуде.
Сонымен қатар аудан әкімі фастфуд өнімдерін өндіру, темір бұйымдарын дайындау, пластик бөтелкелер шығару, автокөлік жөндеу, кондитерлік өнімдер өндіру сынды түрлі бағытта қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлердің нысандарын аралады. Әрбір кәсіп нысанында орта есеппен 3-4 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындары үшін жаңа табыс көздері қалыптасуда.
Кәсіпкерлермен өткен кездесуде Алмасбек Әбілқасымұлы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген ынтасы мен белсенділігін ерекше атап өтті. Аудан әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасының басты мақсаты – ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікке бейім азаматтарға нақты әрі тиімді қолдау көрсету екенін тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын жеткізді.
Аудан басшысы кәсіп иелеріне өнім сапасын арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту және кәсібін кеңейту бағытында нақты ұсыныстар берді. Жергілікті жерде өндірілетін өнімдердің үлесін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан экономикасының дамуына серпін беретін маңызды қадам екенін атап өтті. Өз кезегінде кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта кәсібін кеңейту, қосымша жұмыс орындарын ашу және өнім түрлерін көбейту бойынша жоспарларымен бөлісті.
Айта кету керек, 2023 жылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Қазалы ауданында 170-тен астам азамат өз кәсібін бастап, ауыл экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Бұл – бағдарламаның ауыл тұрғындары үшін нақты нәтиже беріп отырғанының айқын дәлелі.
Мұндай жүйелі қолдаулар ауыл халқының өз кәсібін ашуға деген сенімін арттырып, Қазалы ауданында шағын және орта кәсіпкерліктің қарқынды дамуына негіз болуда. Ал бұл өз кезегінде ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететіні ақиқат.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














