Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Саз әлемінің саңлағы

Саз әлемінің саңлағы


Қазақ тарихында заманында өнердің жалына жармасып,
жоғары деңгейде меңгеріп қана қоймай, сол өнердің көсегесін көгертіп, қырнап-жонып байытып, саф алтындай жарқыратып халқымызға қайта ұсынған ұлтымыздың біртуар таланттары, қайраткерлері аз болып па?!
Санамалап кетсең саусағың жетпей, санаңда күн сайын жаңғырып тұрар айтулы есімдер арасынан Әбілахат Еспаевтың ойып тұрып алар орны ерек. Саз әлемінің саңлағы болған Ә.Ысмағұлұлы қамшының сабындай қысқа ғұмырында «Қыз қуу», «Жылқышы», «Ортеке» секілді көптеген әндер жазды. Халқының мәңгі жадынан өшпеген атпал азаматтың бүгінде туғанына 100 жыл толды. Осыған орай жуырда Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығының «Аrt уақыт»жобасы аясында аудандық әншілер байқауы өтті.
Ұлы Отан Соғысының ардагері, сазгер, Қазақ радиосының музыкалық редакторы Әбілахат Еспаев 1925 жылы 25 қазанда Қостанай облысына қарасты №2 ауылында туылған.
1943 жылы мамырдың 19 жұлдызында Ұлы Отан соғысына аттанып, Фрунзе қаласындағы әскери училищесін бітіріп, сол жылы шілденің 11-жұлдызында 2-ші Украина майдананына аттанады. Бұл кезеңге арнап ол артынан «Днепро туралы жыр» атты туынды жазған.
1951-53 жылдары Алматы консерваториясының композиторлық факультетінде оқыды. 1953 жылдан Қазақ радиосында музыкалық редактор болды. Әбілахат негізінен, ән жанрында шығармалар жазды. Ең алғашқы туындысы – «Туған ел» әні. Оның «Маржан қыз», «Жастар мерекесі», «Шофер келді қырманға», «Әлі есімде», «Жайық қызы» әндері халық арасына кең тараған. Сондай-ақ С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке», Ә.Тәжібаевтің «Той боларда», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектакльдеріне және И.Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасы бойынша қойылған радиоқойылымға музыка жазды. Әбілахат Ысмағұлұлы 1976 жылдың 10-мамырында келместің кемесіне мінді.
Расында «Ақын мен композитордың өмірі қысқа, ән ғұмыры ұзақ» деген, Әбілахат қамшының сабындай-ақ қысқа өмірінде ұзақ ғұмырлы ән қалдырып кете барды...
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Әйтеке би кенттік мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен болған өнер додасы екі кезең бойынша өтті.
Яғни, сайыстың алғашқы кезеңінде өнерпаздар Әбілахат Еспаевтың әндерінен орындаса, екінші кезеңде жергілікті немес қазақ композиторларының әндерін шырқады.
Жалпы 30-50 жас аралығындағы қатысушы талапкерлер арасындағы ән байқауы жеребе тартудан бастау алып, №5 Кенттік кітапхананың ұйымдастырған көрмесіне ұласты.
Іс-шара шымылдығы Нұрлыбек Сүлейменовтің сөзімен түрілді. Кәсіпорын директоры композитор Ә.Еспаев өмірінен естеліктер айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тілесті. Мұнан соң бақ сынаған әншілер жеребе бойынша бастап, көрерменді әсем әнмен тербеді.
Аудандық байқауда ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелігісінің иегері, әнші мәдениет саласының ардагері – Асқар Кенже-Әлі Мақсатбайұлы, Аудандық Оқушылар Үйінің жеке ән үйңрмесінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі – Нағима Қарымсақова мен Р. Бағланова атындағы аудандық мәдениет Орталығының қызметкері, әнші – Мөлдір Малдыбаевалар қазылық етті.
Нәтижесінде, Әбілахат Еспаевтың 100 жылдығына орай өткен аудандық әншілер байқауының бас жүлдесіне кәукейлік өнерпаз Рахат Ерполатұлы лайықты деп танылды.
Бірінші орынды кенттік қатысушы Гүлжан Жұбанова иеленсе, екінші орынға Жанкент ауылынан келген Гүлнұр Бигелдинова мен Жанқожа батыр ауылының өнерпазы Құралай Қосуақтар тең бөлісті. Үшінші орынға бекарыстанбилік Наурызгүл Жәдігерова, ақсуаттық Жұбандық Жарылқасын мен Ақнұр Жәметовалар жайғасты.
Мұнан соң «Сырлы әуен» номинациясын қожабақылық Шынар Әділова иеленсе, «Әуезді үн» бағамын Қазалы қаласынан келген қатысушы Ләззат Жүсіпова алды. Басқа да қатысушыларға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Осылайша аудандық әншілер байқауы өз мәресіне жетіп, жиналған жұрт көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Серік АҚМЫРЗА
18 ақпан 2025 ж. 128 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728